Атырау, 25 сәуір 06:40
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атыраудағы фармацевтика зауыты: ақша игерілді, дәрі жоқ

4 853 просмотра

Атыраудағы фармацевтика зауытының құрылысы 6 жыл бойы тоқтап қалды. Егер ол қазір жұмыс істеп тұрған болса, дәрі-дәрмек мәселесі жеңілдер еді... Құрылысы ұзаққа созылған зауыттың хикаясы «АЖ» материалында.

2014 жылдың 29 тамызында Атырау облысының сол кездегі әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАНБЕТОВ құны 3,7 млрд. теңге болатын болашақ фармацевтика зауытының құрылыс алаңына символикалық капсула салған еді. Зауыт Орталық Азиядағы ең ірі фармацевтикалық кәсіпорын болады деп айтылды сонда. Қатысушылардың қатарында «Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» ЖШС, «Медицина» АҚ (жобаның бастамашысы), SAVA Heathcare Pte. Ltd компаниясы, «ALIM COM» ЖШС, «Lifeline Fze» компаниясы, «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ бар.

- Зауыттың жобалық өнімділігі - 800 млн. таблетка, 300 млн. капсула, 78 млн. ампула, 3 млн. жақпамай орамасы және көктамыр ішіне құюға арналған 12 млн. флакон ерітінді өндіру, - деп хабарлады сол рәсімде Ізмұханбетов.

«Lifeline Fze» үнді мердігері әлемнің көптеген елдерінде фармзауытын салуға қатысқан, сондықтан оны басқалардың арасынан таңдап алған.

ҮНДІСТЕР КЕТІП, ЧЕХТАР КЕЛДІ

Өндірістің бірінші кезеңін іске қосу 2015 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, бірақ кейін оны 2016-ға, сосын 2017-ге ауыстырды. Соның арасында «Атырау» ӘКК жобадан шығып, өзінің 3%-ын саудаға шығарды.

2017 жылы сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ зауытты «Флавия» чех компаниясы аяқтайды деп мәлімдеді. Себебі - технологиялық бөлікті іске қосуға міндеттенген Sava Global үнді компаниясы басынан бастап жобадан «бір теңге» салмастан-ақ шеттетілді.

Қазақстанда мемлекеттік тізбе аясында дәрі-дәрмектерді сатып алу «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС арқылы орталықтандырылып жүзеге асырылады. Сондықтан 2017 жылы «СҚ-Фармация» компаниясы денсаулық сақтау министрлігімен алғашқы өнімдерді кепілді сатып алу туралы келіссөздер жүргізді. Келіссөздердің немен аяқталғаны белгісіз, бірақ 2018 жылы жергілікті шенеуніктер қаржылық қиындықтарды жариялай бастады. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Сағындық ЛҰҚПАНОВ фармацевтика зауытының құрылысын жалғастыруға қаражат жоқ екенін ашып айтты.

- 3% үлеспен жобаға қатысқан «Атырау» ӘКК басқарушы компанияға 800 млн теңге көлемінде қарыз берді. Тергеу барысында арнайы құрылған комиссия қарыз қаражатының мақсатсыз пайдаланылғанын анықтады. Осыдан кейін басқарушы компанияға қарызды қайтару жөнінде талап қойылып, бюджеттік ақша қайтарылды, – деп хабарлады Лұқпанов. Яғни бұл инвесторлардың бірі қаражатты адал пайдаланбаған деген айып тағылды деген сөз.

ТАТУЛАСТЫ, АЛ ҚҰРЫЛЫС ЖОҚ

Содан кейін қылмыстық істер басталды. 2017 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Атырау қаласындағы дәрілік препараттарды өндіру жөніндегі фармацевтикалық зауыт» жобасы бойынша жабдықтарды сатып алуға бөлінген 1 млрд 42,6 млн теңге көлеміндегі бюджеттік несиені мақсатсыз пайдалану фактісі бойынша «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» ЖШС басшысы Забира ДӘУЛЕТЖАНОВАҒА қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу барысында шығын толығымен өтеліп, тараптар материалдық залалды толық өтеумен татуласты. Бірақ құрылыс сол қалпында қалды.

ӘЛІ ДЕ БІРЕУДІ КҮТІП ОТЫР

Сонымен қатар, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бағы ашылмаған жобаға әлеуетті инвестор іздестіруді жалғастыруда.

- «Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» ЖШС-нің «Дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтика зауытының құрылысы» жобасының жалпы құны – 7,4 млрд. теңге, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. - 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін компанияның қарызы мен кредиттік ұйымдарға берешегі жоқ. «НұрлыЖол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында 2016 жылы «Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» ЖШС фармацевтика зауытына электр жүйесін жабдықтау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қаржыландыруға қажетті сома – 3 млрд. теңге.

Медициналық препараттардан бұған дейін тек шприц шығарған Атырау облысы үшін фармацевтика зауытының құрылысы үлкен жаңалық болды. Сол кезде жағдай осындай болатынын ешкім білген жоқ. Аңқау болмайық, біреу қалтасын толтырған екен де, нәтижесінде қазір бізде не дәрі, не зауыт жоқ. 

Фархат ӘБІЛОВ

11 шілде 2020, 13:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.