Атырау, 7 қазан 19:18
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Атыраудың арнайы прокуроры: «Азаптау туралы бүкіл шағым бойынша ортақ істі тергеп жатырмыз»

Бейнежазба
2 118 просмотра

Атырау облысында заңсыз жеткізу және азаптау фактілері бойынша ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты 20-ға жуық арыз түскен. Бұл туралы облыстық мәслихаттың заңдылықты сақтау, депутаттық әдеп және құқықтық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында облыс прокурорының көмекшісі, арнайы прокурорлар басқармасының қызметкері Дулат ТӨЛЕУОВ (суретте) мәлім етті. 

Бұл шағымдар бойынша ол қылмыстық істердің санын айтпады. 

- Азаптау фактілері бойынша бір топ адамға қозғалған ортақ бір іс бар болғандықтан, саны қанша екенін айта алмаймын. Құрамына түрлі органдардың қызметкерлері кіретін тиісті ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Қазір арнайы прокуратураның басшылығымен тергеу жүріп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, қылмыстық істің жай-жапсарын айта алмаймын. Бірақ тергеу объективті болады деп сенімді түрде айта аламын. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады, - деді Д.Төлеуов отырыста ұсынған есебінен кейін «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында. 

Еске салсақ, бұдан бұрын облыстық мәслихаттың 4 депутаты полиция департаменті басшысы мен облыс прокурорының атына тиісті сауал жолдаған болатын. Артынша хат авторларының бірі депутат Асылбек ЖАКИЕВТІҢ айтуынша, олар нақты жауап беруді сұрап, органдарға әлденеше рет жүгінген, ақыры тұрақты комиссия отырысына шақырыпты. Осылайша, арнайы прокуратура өкілінің сөзі ішкі тексеру қорытындысы бойынша осы хатқа берілген жауап болды. 

Комиссия төрағасы Амангелді АБДОЛОВ арнайы прокуратураның бұл жауабына көңілі толмайтынын айтып, жалпы пікірін білдірді. Мен де өз тарапымнан қашан тергеудің аяқталып, жұртшылықтың нақты жауап алатынын білуге тырыстым. Д.Төлеуовтың айтуынша, алдын ала тергеу, анықтау істері бойынша сотқа дейінгі тергеу екі айдан аспауы керек. Бірақ қажет болған жағдайда бұл мерзім бір айға және бірнеше рет ұзартылуы мүмкін. 

Осы қылмыстық іс аясында Серік ҚОЖАНИЯЗОВТЫҢ да арызы қаралады деп үміттенемін. 5 қаңтар күні полиция қызметкері оның мүгедек ұлы Артурды ұрып-соғып, тонап кеткен. Әкесі бірнеше қызметкерді, бірінші кезекте кінәліні жауапқа тарту үшін ешқандай шара қолданбай, керісінше оны барынша жасырған ҚПБ басшысының орынбасары Биғамбаевты қызметінен босатуды сұрап арыз жазған. Бүгінде облыс прокурорының көмекшісі А.МҰСТАФИННІҢ жауабы мынадай: «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Биғамбаев Е., Қазиханов С. және Атырау қалалық ПБ кезекші бөлімінің қызметкері күдікті деп танылмады, олардың әрекеттері сараланбады. Мұндай жағдайда қазіргі уақытта жоғарыда аталған тұлғаларды қызметінен босатуға негіз жоқ». 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Автор түсірген видео

17 ақпан 2022, 15:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.