Атырау, 29 наурыз 11:00
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Үш жыл ішінде шетелдіктер үшін еңбек квотасы үш еседей қысқарды

1 256 просмотра

Биыл Атырау облысында шетелдік жұмыс күшін тартуға 6226 квота бөлінді. Жыл басында бұл квота 7598 болып бекітілген болатын. Алайда, 11 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев оны  20 пайызға қысқартуға тапсырма берді. Президент шетелдік жұмысшылар санын азайту қажеттілігі туралы 2019 жылдан бері айтып келеді.

Брифингте Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан ӘБІЛҚАСЫМОВ хабарлағандай, соңғы үш жылда шетелдік жұмыс күшіне квота  2,7 есеге азайған: 2019 жылы жұмыс істеуге 17 мың шетелдікке рұқсат берілсе, 2020 жылы 10567 квота бөлінген, ал былтыр 7723 квота бекітілген.

Еске салсақ, жуырда Теңіз кенішінен ККЖ құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты 39 мың адамның жұмыстан босатылатыны хабарланған болатын. Олардың 37 мыңы Қазақстан азаматы, соның ішінде 40 пайызға жуығы – Атырау облысының тұрғындары.

Келешек кеңею жобасы құрылысы 2016 жылы басталған. Бұл - Теңіз кенішіндегі ең ірі жобалардың бірі. Онда қазір 60 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың бес мыңы - шетелдік.

Әбілқасымовтың айтуынша, биыл ТШО, NCOC компаниялары және оларға қарасты мердігер мекемелер мекемелерден 17 мыңнан аса шетелдік жұмыс күшін тартуға сұраныс келіп түскен. Алайда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұраныстың тек 40 пайызын ғана қанағаттандырған. Бұл ретте жұмыссыз азаматтар мен Теңіз кенішінде жұмыстан босатылатын жұмысшылардың жайы ескерілген.

- Шетелдіктердің қандай мамандық бойынша сұраныс бергенін талдадық. Кейбір мамандық бойынша осы жерде де адамдар табылатынына көзіміз жетті. Бұдан басқа, оларды оқытып, қайта даярлауға болатыны да ескерілді, – дейді Әбілқасымов. Оның айтуынша, берілген 6226 квота сырттан тағы шетелдік жұмыс күші келеді деген сөз емес. Осы мөлшердің жартысына жуығы жұмыс істеуге берілген рұқсат мерзімін ұзартады. Рұқсат мерзімі - бір жыл.

- Шетелдік жұмысшылар қай жобаларға және қандай жұмысқа тартылған?

- Олардың басым бөлігі ТШО Келешек кеңею жобасы Ұңғыма ернеуіндегі қысым жүйесін басқару жобасына және НКОК Қашаған кен орнында қызметке тартылады.

Басым бөлігі 2-ші және 3-санат бойынша шақырылады, яғни олар құрылымдық бөлімше басшылары және білікті мамандар. Атап айтқанда, әртүрлі техникалық департаменттердің директорлары, мұнай-газ құбырларын пайдалану сапасын бақылау менеджерлері, жабдықтарды әзірлеу және орнату жөніндегі менеджерлер, теңіз логистикасы қызметі жөніндегі супервайзерлер, газ-турбиналық жабдықтарды интеграциялау жөніндегі, геологиялық барлау саласындағы құбыр тораптары жөніндегі инженерлер, қауіпсіздікті басқарудың автоматтандырылған жүйесі жөніндегі техниктер.

Айнұр САПАРОВА

14 ақпан 2022, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.