Атырау, 7 қазан 23:18
 ашықВ Атырау +21
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Едіге Сабуров Атырау облысының әкіміне: «Ойыл өзенінің тағдырына байланысты жауапкершілік бүгінде тікелей сізде»

2 751 просмотра
Едіге САБУРОВ

Атыраудың гидрогеология саласының ардагері Едіге САБУРОВ әлеуметтік желі арқылы Қызылқоға ауданындағы арнасы құрғап жатқан Ойыл өзенінің мәселесін шешуге араласуды өтініп, Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВКЕ үндеу жариялады. Әйтпесе, жақын арада өзен тіптен құрып кетеді.

Тайсойған құмының тереңінде жатқан жер асты су кен орны көне замамман бері көктемгі Ойылдағы тасқын су арқылы толып отырады. Алайда, қазіргі ахуал дабыл қағарлық. Есенбай НҰРОВ бастаған жанашыр белсенділер тобы бұл мәселені көптен бері көтеріп жүр. Бір айдан соң көктем келеді. Ертерек қамданудың амалын ойлаған Сабуров әкімге Тайсойған құмындағы жер асты су кеніштерінің тұщы су қабаттары жұқара бастағанын жазды: «Жер асты су кеніші қатты құмданып бара жатыр. Есенбай Нұровтың жинақтаған толыққанды және жан-жақты ақпараттарымен танысып, тиісті министрлікке, үкімет басшысына, ел президентіне тікелей шығуыңызды өтінемін. Бәріміз күш салсақ, биылғы көктемдегі тасқын суды Қызылқоғаға жеткізуге болатынына нық сенімдімін». Сонымен қатар ол мәселенің шешімін де ұсынды: «Тасқын суға жол ашу үшін Ойыл өзеніне құятын шағын өзендер мен сай-салаларда орналасқан, бос топырақпен үйілген бөгеттерді арна тұсынан 3-4 метр жырып ашса болғаны. Оларды ашып, транзиттік режимге көшіруді Ақтөбе облысының әкімімен де сөйлесіп шешуге болады. Сіздің қарамағыңыздағы мамандар климатқа сілтеу жасауды әдетке айналдырған. Ешбір ғылыми негіздемесі жоқ болғандықтан олардың пікірін дәйексіз, табиғат үшін қауіпті деп есептеймін. Көрнекі болу үшін заңсыз бөгеттердің орны белгіленген Есенбай Нуровтың картасын жариялап отырмын».

«Ойыл өзенінің тағдырына байланысты жауапкершілік бүгінде тікелей сізде», - деп аяқтады Атырау облысының әкімі атына жазылған үндеудегі өз ойын Едіге Сабуров.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

8 ақпан 2022, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.