Атырау, 25 сәуір 07:24
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Шенеуніктердің тәртіптік істері: дөрекілік, заңсыз сыйақы, "жеке" көлік

1 881 просмотра

25 қаңтарда Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік қызметтегі жауапты лауазымды адамдардың тәртіптік ісі қаралды.  

Соның ішінде Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрлан ҚАЛИЕВ еңбекке уақытша жарамсыз парағын аштырса да, қызметтік автокөлікті пайдаланған. Бұған дейін де оған тәртіптік жаза берілгенін ескеріп, әдеп жөніндегі кеңес Қалиевті лауазымынан босату туралы ұсыныс енгізді. 

- Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы Равиль ТӨЛЕБАЕВ өзі басқаратын мекеменің ұжымында іскерлік және тілектестік өзара қарым-қатынасты орната алмауына байланысты қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды, - деп хабарлайды облыстық мемлекеттік қызмет істері басқармасы. Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының бір топ қызметкері өз басшылары - 39 жастағы комиссия төрағасы Равиль Төлебаевқа қарсы ұжымдық арыз жазып, арнайы органдарға жолдады.Олар өз хатында бюджет қаржысын пайдасыз жұмсау, қызметкерлерге тіл тигізу, заңсыз тексерістерге мәжбүрлеу, демалыс күндері мәжбүрлі жұмысқа шақыру орын алғанын тізіп айтады.

Қарамағындағы қызметкермен қарым-қатынас барысында дөрекілікке жол берген Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВАҒА «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Естеріңізге сала кетсек, ол бұған дейін де көпбалалы аналарға дөрекілік танытқаны үшін қатаң сөгіс алған еді. 

Бұдан бөлек, Индер ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары Есбол ауылдық округінің әкімі Абзал РАМАЗАНОВТЫҢ тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын негізсіз алып тастап, оған заңсыз 656 609 теңге көлемінде сыйақы берген. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен сыйақыны мемлекеттің бюджетіне кері қайтару шараларын жүзеге асыру және тиісті лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс енгізілді.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

28 қаңтар 2022, 10:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.