Атырау, 9 қазан 00:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Таубаев пен Басаровтың ісі: Жеті – қасиетті сан емес

1 907 просмотра

Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровтың ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Сот айыптаушы тарап ұсынған аудио және бейне жазбаларын зерттеуде.

Бұл іс бойынша жедел-іздестіру шарасы кезіндегі жүргізілген жасырын жазбалар жеткілікті. Қорғаушы тараптың айтуынша, жазбалар заңсыз жүргізілген, сондықтан дәлел ретінде қолданылмауы керек. Оның заңды немесе заңсыз екенін соңында сот шешеді, әзірге 10 қыркүйек күні Нұрлан Таубаевтың жұмыс кабинетінде, дәлірек айтсақ, кабинет жанындағы демалыс бөлмесінедегі жазбаға назар аударайық.

Ол жерде әкім орынбасары жәбірленушіге «бұл қымбат емес», «үлкен адамдар және дұрыс әңгіме» дейді, одан әрі әңгімелесушіге Құлсарыдағы 200 орындық аурухана жобасын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге уәде береді. Жасырын бұл видеода жәбірленуші жеті саусағын көрсетеді (айыптау нұсқасындағы сотталушылар жәбірленушіден талап еткен жоба құнының жеті пайызы туралы болуы мүмкін) және «бұл дайын» дейді. Әңгіменің соңында Таубаев оған Тимур Басаров хабарласатынын айтады.

Нұрлан Таубаев сотта бұл видеоны көрген соң:

- Егер мен оның «откаттың» пайызын көрсетіп тұрғанын білсем, өз қолыммен сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне апарып тапсырар едім! Әңгіме барысында ешқандай пайыз туралы әңгіме жүрмеді. Ол мемлекеттік тапсырыспен мәселелер бар екенін айтты. Мен қандай мәселе екенін анықтағым келді. Пандемия кезінде арнайы медициналық жабдықтар жетіспеді, әлем бойынша іздедік. Мен жеткізушілерден жеңілдік сұрауды тапсырдым, - деді.

- Таубаев қашан да барлық техникалық сұрақтар бойынша Басаровқа барыңдар деп сілтей салатын. Басаровпен кездескенімде ол телефонының калькуляторына қажетті соманы есептеп көрсетті, - деді жәбірленуші.

Еске салайық, осыған дейін ол Таубаев пен Басаров келісімшарттың жалпы сомасынан 10  пайыз «откат» сұрағанын, кейін ол 7 пайызға төмендегенін айтқан болатын.

Сот процесі жалғасуда.

Фархат ӘБІЛОВ

 

3 желтоқсан 2021, 12:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.