Атырау, 24 сәуір 00:57
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Таубаев пен Басаровтың ісі»: келісімшарттың 10%-ы және президент сапарына 40 миллион туралы

3 651 просмотра

ТАУБАЕВ пен БАСАРОВТЫҢ ісіне қатысты сот отырысында айыптау актісі қайта оқылып, айыптау нұсқасы бойынша жәбірленушіден жауап алынды. 

Айыптау актісі алдыңғы отырыстардың бірінде оқылды, ол кезде отырыстар оффлайн режимінде өтті. Сотталушылар отырыстарға тергеу изоляторынан қатысқан еді. Техникалық ақауларға байланысты олар актінің мазмұнын толық естімегендіктен, прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ оны қайта оқып шықты. Айыпталушылар тағы да өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді.

Содан кейін жәбірленушіден – ЖШС директорының орынбасарынан жауап алу басталды. Айыптау нұсқасы бойынша сотталушылар ірі көлемде пара бопсалаған.

Оның айтуынша, ол былтыр шілде айында әкімдікте облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевпен кездескен. Ол жұқпалы аурулар ауруханасын салу жөніндегі мәжілістердің бірінде олардың ЖШС-не қолдау көрсеткенін айтқан. Сөйтіп келісімшарттың жалпы сомасынан 10 пайыздық «пара» талап етіпті. 

Осыдан кейін Тимур Басаров оны әкімдікке шақырып, ҚР Президентінің келуіне дайындалу үшін тағы 40 миллион теңге қажет, оның 5 миллионы шұғыл керек екенін айтқан. 

- Мен Атырауда құрылыс компаниялары көп екенін, мұндай жүкті бір өзім мойныма ала алмайтынымды айттым. Олар бұған басқалардың да қатысатынын жеткізді. Осыдан кейін маған бірнеше рет қоңырау шалды - мен тұтқаны көтермедім. Содан кейін Таубаев мені облыстық әкімдікке шақырып, 10% туралы тағы да әңгіме қозғады. Осыдан кейін маған Басаров қоңырау шала бастады, ал кездескен кезде, егер мен келіспесем, менің компанияма қатысты ҚСҚБ қызметі, салық департаменті және басқа бақылаушы органдар тарапынан тексеру жүргіземіз деп қорқытты. 

Бұдан басқа, жәбірленушінің айтуынша, Таубаев пен Басаров оған жаңа аурухана үшін медициналық жабдықты Алматыдағы таныстарынан сатып ал деген:

- Олар маған бағалар тізімін жіберді. Бағалары өте жоғары екен. Мен бұл туралы Басаровқа айттым, ол Таубаевпен талқылау керек деді. Кейін Таубаевпен кездескенде өте қымбат екенін тағы да айттым, ал Таубаев жеңілдік жасауға болады деп жауап берді. 

Оның айтуынша, алдымен Теңізшевройл алғытөлемін аударған соманың 10%-ы туралы әңгіме қозғалған, кейін цифр 7%-ға дейін төмендеген. 

- Бұдан басқа, Таубаев қабылдау актісіне қол қоймаймыз, облыстағы аудандардың бірінде салынған біздің басқа нысанды пайдалануға қабылдамаймыз деп қорқытты. Құлсарыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына келетін болсақ, ол да пайдалануға қабылданбады, келісімшарт бойынша тапсыру мерзімі өткен жылдың аяғы болатын. 

Прокурор: Таубаевпен және Басаровпен кездескенде олар сізден ИВЛ аппараттарын жеткізуге демеушілік етуіңізді сұрады ма? 

- ИВЛ аппараты туралы әңгіме болған жоқ. 

Прокурор оған сотталушылармен арадағы тыңдалған әңгімеге қатысты бірнеше сұрақтар қойғысы келген еді, бірақ адвокаттар Игорь ВРАНЧЕВ пен Нұрлан ЖОЛБОЛОВ наразылық білдірді. Судья бұл сұрақтарды істің аудио және видео жазбалары зерттелген кезде қоюға болатынын айтты.

 Процесс келесі аптада жалғасады. 

Фархат ӘБІЛОВ

27 сәуір 2021, 15:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.