Атырау, 13 қаңтар 09:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 509.84
€ 595.75
₽ 6.47

Тергеудегі облыс әкімінің орынбасарынан «Ақ Жайық» не үшін кешірім сұрауы керек?!

1 839 рет қаралды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ қалалық полиция басқармасына «АЖ» газетінің тілшісі Фархат Әбілов пен бас редакторы Азамат Майтановты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арызбен жүгінді. Оған әкім орынбасарының ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша қылмыстық іске тартылғаны туралы біздің басылымдағы жарияланым себеп болған.

Бұған дейін редакцияға әкім орынбасарының екі өкілі келіп, сотқа дейінгі талап-арызды қалдырды. Олардың бірі өзін әдепсіз ұстады. Талаптың өзіне келетін болсақ, онда «АЖ» кінәсіздік презумпциясы қағидатын бұзып, «қылмыстық процеске қатысушы адамның абыройы мен қадір-қасиетін түсірді» делінген. Содан соң «адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы ақпаратты таратуға» тыйым салатын ҚР ҚПК-нің 19-бабына сілтеме жасаған. Соңында қылмыстық істің қозғалғаны туралы тілші пайдаланған ақпарат көзін ашып, оны теріске шығарып, Қ.Нұрлыбаевтан кешірім сұрау ұсынылған.

Нұрлыбаевтың адвокаты Ренат Қожантаевқа жолданған сотқа дейінгі талап арызға «АЖ» жауабынан үзінді келтірейік: «Сіздің қорғалушыңызға қатысты біздің басылымның ақпаратында заңсыз әрекет белгілері жоқ, өйткені бұл жағдайда кінәсіздік презумпциясы бұзылмады. Газет Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбаев Қайрат Есқабылұлына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны туралы объективті ақпарат берді. Осы жарияланым мәтінінде оның осы қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі екендігі айтылмаған, тек қылмыстық істің қозғалу фактісі туралы хабарланды, сондай-ақ қандай мән-жайға байланысты айып тағылғаны, яғни, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының біріне берілетін субсидияға қатысты екені айтылады. Ақпарат сайтымызда жарияланғаннан кейін Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі сол күні кейбір мәліметтер мен цифрларды көрсете отырып, Қ.Нұрлыбаевқа қатысты тергеу жүріп жатқанын ресми түрде растады. 

Журналист алынған ақпарат көзін жария етпей, ақпаратты пайдалануға құқылы, оның үстіне ол кейін ресми түрде расталған. 

Осыған байланысты редакция ақпаратты теріске шығаруды және Қ.Нұрлыбаевтан кешірім сұрауды мүмкін емес деп санайды». 

Біздің ойымызша, бұл жағдайда бәрі жеткілікті дәрежеде айқын болып отыр. Бірақ облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев олай есептемейді. Ол «АЖ»-ны ҚР ҚК-нің 147-бабы («Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Әзірге полициядан шақырту алған жоқпыз.

 Фархат АБИЛОВ  

9 қараша 2021, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.