Атырау, 23 желтоқсан 15:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

Газ секторындағы жаңа толқулар

Сурет Бейнежазба
1 688 рет қаралды

25 қазанда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде газ тасымалдау тарифін және 2022-2026 жылдарға ұзақ мерзімді кезеңге арналған инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтінім бойынша қоғамдық тыңдау өтті. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалы 2022 жылдан бастап бұл қызмет тарифін 2,8 есеге көтеруді көздеп отыр. Егер ТМРКД бұл өтінімді мақұлдаса, онда тұрғындар үшін газдың құны көтеріледі.

Еске салсақ, 2016-2020 жылдары тауарлық газды газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау тарифі 1000 текше метрге 1 769,42 теңге көлемінде бекітілген болатын. Биылғы 1 қыркүйектен бастап ТМРКД оны 18 пайызға төмендетіп, қазір 1449,4 теңгені құрап отыр.

- Тиісінше, 1 қыркүйектен бастап тұтынушы үшін газдың түпкі бағасы жеке тұлғалар үшін 1000 текше метрге 7 963,3 теңгеден 7 729,8 теңгеге, заңды тұлғалар үшін 19 371,29 теңгеден 18 803,32 теңгеге, бюджеттік ұйымдар үшін 22 512,14 теңгеден 21 852,08 теңгеге дейін төмендетілді, - деп нақтылады ТМРКД кейін «AЖ» сауалына.

Монополияға қарсы қызметтің хабарлауынша, тариф 2019-2020 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша шараларды орындамағаны үшін, атап айтқанда, 7 миллион 248 мың теңгеге газды есептеуге өлшеу кешенін сатып алмағаны үшін төмендетілген. Айта кетейік, жалпы бұл инвестициялық бағдарлама 2016 жылдың 1 қыркүйегінен 2021 жылдың 31 тамызына дейін жалпы сомасы 1 миллиард 147 мың теңгеге бес жылға бірден бекітілген. ТМРКД жыл сайын оның орындалуын тексереді.

Бұл «ҚазтрансГаз Аймақ» филиалы жергілікті тұтынушыларға 7 миллион 900 мың теңге қайтаруы керек деген сөз. Бұл бір жыл ішінде уақытша өтемдік тариф бойынша жүзеге асырылады, – деп түсіндірді бізге ТМРКД.

 

«ЕШҚАШАН МҰНДАЙ БОЛМАҒАН»

Антимонополия, әрине, тексеріп, түзету енгізеді. Бірақ қазір олардың алдына жаңа мәселе қойылды: монополист енді 2022-2026 жылдарға арналған газ тасымалдау тарифінің 1000 текше метр үшін 1 769,42 теңгеден орта есеппен 3 849,05 теңгеге дейін көтерілетінін мәлімдейді. Монополист ұсынған кестеге сәйкес 2022 жылға тариф мың текше метрге 2218,18 теңге, 2023 жылға – 2448,15 теңге, 2024 жылға – 2869,30 теңге, 2025 жылға – 6120,81 теңге, 2026 жылға – 5489,03 теңгені құрайды.

Монополист жобамен бірге 9 млрд 353 млн 3 мың теңге болатын 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны бекітуді сұрайды. Оның ішінде 1 млрд 517 млн 9 мың теңгеге газ құбырлары учаскелерін ауыстыру, 7 млрд 798 млн 3 мың теңгеге газ құбырларын шығыршықтау, 37 млн 2 мың теңгеге ұйымдастыру-техникалық жабдықтар қарастырылған.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 51 шақырымдық газ құбырын ауыстыру және 148 шақырымды «шығыршықтау» жоспарланған.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау ӨФ директорының бірінші орынбасары Серік ҚЫДЫРОВ газ тасымалдау тарифінің көтерілуіне басты себеп - «үздіксіз жеткізу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету» үшін ескірген газ құбырлары желілерін жөндеу қажеттігі деп атады. Оның айтуынша, кейбір құбырлар жергілікті билік балансынан газшыларға әлі берілмеген: 

– Олар бізге «Сіздерге құбыр салып бердік, сол арқылы тұрғындарға газ жеткізесіздер, енді неге оларды өз баланстарыңызға беруді сұрайсыздар?», деп сауал қояды. Бұл өте қате түсінік. Қазір бір тұрғынға 1 текше метр газ 8 теңгеден келеді – бұл көп, жергілікті бюджет бұған төтеп бере алмайды, – деді С.Қыдыров.

Қоғамдық тыңдау барысында «Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау» ҚБ төрайымы Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА (суретте) қазіргі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің басшысы Әлібек ТӨЛЕПКЕ қатаң кеңес берді.

– Ұсынылған тарифті қарауға кіріспес бұрын, бұрынғы бесжылдық инвестициялық бағдарламаны зерттеп, нақты шығындарға қаржылық-экономикалық талдау жүргізіңіз, - деді де, әрі қарай монополистке:

– Облыстағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 5 495,88 шақырым, оның 2610 шақырымы әкімдіктің, 758,8 шақырымы сенімгерлік басқаруға тиесілі дейсіз. Бұл желілерге ненің есебінен және кім қызмет көрсетеді? – деді.

Бұл сұраққа кәсіпорын заңгері жауап берді:

– Бізге сенімгерлікпен басқару шартымен берілген газ құбырларына «ҚазтрансГаз Аймақ» ӨФ толықтай қызмет көрсетеді. Бүгінде балансымызда жоқ құбырларға бюджет қаражаты есебінен қызмет көрсетілуі керек. Бірақ қазір оларға «ҚазтрансГаз Аймақ» компаниясының қаражаты есебінен қызмет көрсетілуде. Өйткені біздің бірінші мақсатымыз – шикізатымызды сақтау. Тиісінше, еркімізден тыс осы газ құбырларына қызмет көрсетуге мәжбүрміз.

– Облыс, қала және аудан әкімдіктері бұл желілердің жұмыс істеуі үшін сізге бір теңге де жібермейтінін айтқыңыз келе ме?

- Жоқ.

– Атырау облысының энергетика және ТКШ басқармасы басқа инженерлік коммуникациялармен қатар, газ құбырларына да қыруар қаржы жіберілетінін айтты. Мен олардан толық ақпарат күтемін.

– Балжан Ибатқызы, осындай ақпарат алсаңыз, бізбен де бөліссеңіз, – деді Қыдыров мысқылмен.

 

...БОҚАЕВТЫҢ СӨЗІ

Осыдан кейін Балжан Досмұхамбетова «ҚазтрансГаз Аймақ» ӨФ кірістері мен шығыстарын жұртшылыққа көрсету туралы ұсынысын хаттамалауды сұрады:

– Бұл коммерциялық құпия емес, сіздер тұтынушыдан ақша аласыздар. Оған қоса, сервистік қызмет көрсетесіздер, яғни сіздерде басқа қызмет бар және одан пайда түседі. Сондықтан тарифті көтеру міндетті емес.

Талқылау барысында ӨФ өтінім аясында «кеңсе тауарлары» бабы бойынша бес жылдық шығындарды 1 миллион 511 мың теңгеден 13 миллион 859 мың теңгеге дейін көбейтуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Осындай «ұсақ-түйектен» өтінім тармақтары қалыптасады, бұл көп емес пе? - деп сұрады Досмұхамбетова. Бұған ӨФ экономисі жаңа тарифтік смета жобасындағы шығындар бағаның, мысалы, кеңсе тауарларының 5 есеге қымбаттауына сәйкес есепке алынғанын айтты.

Содан кейін Досмұхамбетова осы сәтті пайдалана отырып, шағын және орта бизнес мәселесін көтерді:

– Неліктен 17 қыркүйектен бастап сіздер оларға техникалық шарттарды беруден, қазандықтарды ауыстырудан бас тартып отырсыздар?

– Иә, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының бұйрығына сәйкес, Атырауды қоса алғанда, бірнеше облыс бойынша біздің бас кеңсе деңгейінде осындай шешім қабылданды. Бұл уақытша шара. Жеке тұлғаларға бас тартқан жоқпыз, өйткені олардың тұтыну көлемі аз. Ал заңды тұлғаларға уақытша бас тартылды, өйткені Қазақстанда ірі кәсіпорындар ашылып жатыр, олар үшін техникалық шарттарды белгілеу қажет. Мәселен, Қарабатанда «Karabatan Utility Solutions» ЖШС тәулігіне 1 млн текше тұтынады. Жақында пропилен зауыты ашылады, ол жерде де өте үлкен көлем болады. Қазір АҚ газ тұтыну шығындарын талдап, есебін дайындап жатыр. Бізге де сауалдар келіп түседі. Мұның қашан аяқталатынын айта алмаймын, бірақ біз ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарды ретке келтірмейінше осылай болады. Қалай болғанда да, бұл белгісіздік ұзаққа созылмайды деп ойлаймын, - деп жауап берді Қыдыров.

- Себебі неде?

– Оған себеп – жалпы Қазақстан бойынша ірі кәсіпорындар үшін газдың жетіспеуі.

– ТШО бізге қажетті табиғи газ көлемін өндіріп жатқан жоқ па?

– ТШО тек біздің облыс үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін өндіруде. Өңірлер бойынша Энергетика министрлігі бөледі.

Қоғамдық тыңдау соңында ТМРКД басшысы Әлібек Төлеп барлық ұсынылған материалдарды сараптау қорытындысы бойынша тарифтерді бекіту туралы түпкілікті шешім шамамен қараша айында қабылданатынын мәлімдеді.

Тыңдауға атыраулық белгілі қоғам белсендісі Мақс БОҚАЕВ та қатысты. Ол Қыдыровтан тарифті 2 еседен астам көтеру туралы 5 жылдық өтінім қай деңгейде қабылданғанын сұрады. Бас кеңсе деңгейінде қабылданды деген жауап берілді.

- Онда бас кеңсе басшылары осы жерде бұл сандарды дәлелдеу керек еді, - деп орынды ескерту жасады Боқаев.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

27 қазан 2021, 11:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.