Атырау, 19 сәуір 22:21
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Өрт сөндірушілер Қамиевтар әулеті: «Қызмет етеміз және қорғаймыз»

Сурет Бейнежазба
1 619 просмотра

Атырауда өрт сөндірушілер әулеті тұрады. Алдымен атасы Рапиғолла ҚАМИЕВ өрт сөндіруші болып қызмет бастап, артынан ұлы мен қызы ізін жалғап, кейін қос немересі де осы саланы таңдаған. «АЖ» тілшісі тату-тәтті отбасымен Құтқарушылар күні қарсаңында кездескен еді.

Рапиғолла Қамиев 1972 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Құрманғазы ауданында өрт сөндіруші болып қызмет атқарған. Рапиғолланың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігінің арқасында оның отбасы мүшелері - ұлы Талғат пен қызы Салтанат та әке ізімен жүрді.

Талғат ҚАМИЕВ, өрт сөндіру ісінің ардагері:

- Менің өрт сөндіру қызметіне келуіме әкемнің ықпалы зор болды. Әскери тәртіппен жүресің әрі сенің бар жағдайыңды мемлекет жасайды, деп жастайымнан осы мамандыққа баулып өсірген әкем еді. Екі жыл әскери борышымды өтеп келген соң, 21 жасымда КСРО ІІМ жанындағы Алматы өрт-техникалық училищесіне оқуға түсіп, 1986 жылы «өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығын алып шықтым. Әкем мен оқуға түскен кезде артына ізбасары ілескеніне қатты қуанған-ды. Бірақ, өкінішке қарай, оқу бітіріп, еңбекке араласқанымды көре алмады.

Талғат оқу бітіріп келген соң Атырау қаласында, кейін туған жері Құрманғазы ауданында өрт қадағалау бөлімшесінің испекторы, одан соң аудандық сөндіру бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. 2000 жылы осы қызметтен «майор» шенімен құрметті демалысқа шығады.

Талғаттың қарындасы Салтанат Рапиғоллақызы да 1993 жылдан 2017 жылға дейін Құрманғазы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы қызметін атқарған. Яғни өрт туралы хабарды ең алғашқы болып еститін жауапты мамандықтың иесі болған. Адал еңбек етіп, 24 жылын өрт сөндіру қызметіне арнаған Салтанат та қазір құрметті демалыста.

Салтанат Рапиғоллақызы

Ал бүгінде ата жолын немерелері жалғап келе жатыр. Әсемгүл Талғатқызы ІІМ-нің академиясын аяқтап, «капитан» шенімен Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп жатса, Қуанбек Талғатұлы Исатай аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінде «майор» шенімен басшы болып қызмет атқарып келеді.

Қуанбек ҚАМИЕВ:

- Бала кезден әскери киімге қызығып, әкеме еліктеп, мен де ата жолын жалғастырсам деген арман болды. Әкем де менің осы мамандыққа түскенімді қалап, 8-сыныптан кейін баули бастады. Турникке тартылуға, жылдамдыққа жүгіруге бейімделдім. Мектепті бітірген соң Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, 2009 жылы «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығын алып шықтым. Еңбек жолымды Құлсары қаласында бастадым. Одан соң Атырау қаласында жедел кезекші, кейін Қызылқоға ауданында қарауыл бастығы болдым. Қазір Исатай ауданындағы өртке қарсы күрес қызметіне басшылық етемін.

- Басыңызды қауіпке тіккен кездер көп болғанын түсінемін. Есіңізде қалған оқиғаны айтып берсеңіз.

- Мұндай жағдайлар жиі болады. Мысалы, АМӨЗ-де орын алатын өртке жиі барып жүрдік. Ол жерде кез-келген уақытта жарылыс болу қауіпі бар. Бірақ жұмысымызды жасап жүргенде қауіп туралы ойламаймыз да. Әйтпесе, бұл мамандыққа не үшін келдік?!

2012 жылы «Көктем» базары өртенгенде 4-қатарда болдық, бетон опырылып кетіп, бірінші қабаттан бір түстік. Абырой болғанда, үстімізге ештеңе құламады.

- Адам жанын арашалап қалған оқиға есіңізде ме?

- Атам тектілік туралы айтқанда осыны меңзесе керек. Түсінесіз бе, кейбір мамандықтар жеке тұлғада із қалдырады - «қызмет ету және қорғау» дейтін бе еді? Атырауда жұмыста жүрген кезде Вокзал маңы ықшамауданында өрт болып, бөлмесінде ұйықтап жатқан қыз баланы құтқарып алғаным есімде. Сәл кешіккенде қаза болар еді.

Қуанбек қазір жұбайы Лаура екеуі Санжар мен Әлихан атты екі ұл тәрбиелеп отыр. Оның балалары да әке жолына қызығып өсуде. Лаура Әлиханның әкесінің жұмыс орнына барғанды қатты ұнататынын айтады.

- Өрт сөндірушіні жары болу қиын емес пе? – деп сұрадым Лаурадан.

- Екеуміз ол өрт сөндіруші болып жүрген кезде танысқанбыз. Алдын ала таныс болған соң қиын деп айта алмаймын. Әрине, алдын ала жоспарлаған қонақтықтарға бірге бара алмай қаламыз, үйге қонақ шақырып алып, кейде өзі болмай қалатын кездер болады. Қызметі сондай болған соң түсіністікпен қараймыз.

- Балаларыңыз ата жолын, әке жолын таңдаймын деп жатса, қарсы емессіз бе?

- Балалар өздері біледі. Кішкентай кезінде екеуі де әкесінің жұмысына қатты қызықты. Үйдегі ойыншық машиналардың бәрі өрт сөндіру көліктері болды. Өсе келе Санжардың арманы өзгерді. Ал Әлихан әкесімен бірге жұмысқа барып, өрт сөндіру көліктеріне мінгенді әлі жақсы көреді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

 

25 қазан 2021, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.