Атырау, 29 наурыз 11:09
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Мектеп директорлары неліктен кетіп жатыр?

2 371 просмотра

Бүгінде Атырау облысында жалпы білім беретін 196 мектептің 34-інде директордың орындары бос тұр. Бұл туралы жақында қалалық мәслихат сессиясында білім саласындағы сапаны бақылау департаментінің басшысы Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА мәлімдеді. Олар неліктен кетіп жатыр және директорларға қойылатын талапқа сай келу қаншалықты қиын? Бұл қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВАНЫҢ атына «АЖ» жолдаған ресми сауалдың тақырыбына айналды. Қағаз жүзінде құрғақ жауаптар берген.

- Мектеп директорлары неліктен жұмыстан шығып жатыр, ең өзекті себебі неде?

- Иә, мұндай проблема бар. Сондықтан жақында қаланың 12 мектебінде директорлық лауазымға конкурс жарияладық. Көпшілігі денсаулығына, отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен кетеді. Мысалы, №6, №16, №17 мектеп директорлары өз өтініштері негізінде босатылды. Зейнеткерлік жасқа жеткендер бар. Бұлар №31 және А.Жангелдин атындағы мектеп басшылары.

- Бос орындардың көптігіне қарағанда, үміткерлерге жоғары талаптар қойылады. Қандай?

- Тағайындау ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 «Мектепке дейінгі және орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардың басшыларын конкурстық орналастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының негізінде жүзеге асырылады. Орта мектеп басшысына қойылатын талаптар:

- жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат; педагогикалық жұмыс өтілі бес жылдан кем емес, бұл ретте соңғы екі жыл үздіксіз педагогикалық жұмыс өтілі;

орта білім беру ұйымы басшысының орынбасары лауазымындағы өтілі бір жылдан кем емес;

педагогтің бірінші немесе жоғары біліктілік санатының немесе педагог - сарапшының, педагог - зерттеушінің, педагог - шебердің біліктілік санатының болуы.

Бұл ретте соттылығы болмауы керек, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстарға қатысты.

- Үміткерлер көбінесе қандай талаптарға сай келмей жатады?

- Қағидаға сәйкес білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау 4 кезеңнен тұрады.

1. Үміткерлер құжаттарының талаптарға сәйкестігін анықтау;

2. Тестілеуден өту (нормативтік құқықтық актілерді білу);

3. Білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесінен өту;

4. Әңгімелесуден өту (облыстық білім беру басқармасы, қалалық білім беру бөлімі). Үміткерлер кейде осы 4 кезеңнің бірінен өте алмайды. Мысалы, құжаттар толық жиналмайды, тестілеуден өте алмайды, қамқоршылық кеңес үміткерді мақұлдамайды және т.б.

- Педагогтар директорлыққа үміткер болуға қаншалықты дайын? Үміткерлердің өтініш беру тәртібі қалай? Оларды ұжым ұсына ма, олар өздерін ұсына ма, әлде қалалық бөлім сенімге лайық педагогтарды осы қызметке шақырады ма?

- Директорлық лауазымдарға бос орын бар екені туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін үміткерлер ерікті түрде конкурсқа қатысады.


«МЕКТЕПТЕРДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОҚ, ШАҒЫМ ТҮСПЕДІ»

- Мектеп директорлары мен мұғалімдердің сыбайлас жемқорлықпен айыпталу жағдайы қаншалықты жиі болады?

- Соңғы жылдары мұндай айыптаулар болған жоқ.

- Мектеп директорларының жалақысы қанша?

- Олардың лауазымдық жалақысы 181 624 теңге.

- Билік педагогтар өз еңбектері үшін лайықты жалақы алу керектігін бірнеше рет мәлімдеді. Қазір педагогтар қанша алады? Сыныпқа жетекшілік еткені, дәптерлерді тексергені үшін қандай үстеме ақы бар? Ауыл педагогтары үшін аудандық коэффициенттер бар ма?

- Тәжірибесі жоқ педагог - 171 834 теңге, 10 жылдық еңбек өтілі бар педагог - 236 386 теңге, 25 жылдық еңбек өтілі бар педагог - 290 556 теңге, 25 жылдық еңбек өтілі бар ауыл педагогы - 358 770 теңге алады.

Мынадай үстемеақылар бар: ауыл мұғалімдеріне - жалақының 25%-ы; сынып жетекшілігіне – базалық лауазымдық жалақысының 40-50%-ы (БЛЖ), дәптерлерді тексергені үшін БЛЖ-ның 50-60%-ы.

- Жыл сайын бюджеттен мектептер мен балабақшаларды жөндеуге қаражат бөлінеді. Осындай жүйелілікпен оқу жылының соңында ағымдағы жөндеуге ата-аналардан ақша жинайды. Ал жаңа оқу жылының басында мектептерде дезинфекциялық құралдар мен бір рет пайдаланылатын маскалар үшін ақша жинап жатыр деген шағымдар болды. Бөлінген қаражат «баратын жеріне» толық күйінде жетпей қалады-ау деген күмән туындайды...

- 2021 жылы мектептерді ағымдық жөндеуге 82 миллион 480 мың теңге, балабақшаларға 19 миллион 900 мың теңге бөлінді. Дезинфекциялық құралдар мен маскалар сатып алуға мектептерге 67 миллион 980 мың теңге, балабақшаларға 50 миллион теңге бөлінді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 қазан 2021, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.