Атырау, 24 сәуір 06:04
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Құқық бұзушылық хроникасы

1 482 просмотра

14 қазанда сағат 23.30-да Атыраудағы полиция басқармасына Авангард тұрғын массивінің тұрғынынан көппәтерлі үйдің ауласында түнгі тыныштықты бұзып жатқаны туралы қоңырау түсті. Тексеру барысында ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері аулада заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 15,16 және 17 жастағы үш жасөспірімді анықтады. Сараптама олардың мас болғанын көрсетті.

Жасөспірімдердің ата-аналары полиция басқармасына шақырылып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы), 440-бабының 2-тармағы (Он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі), 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Жыл басынан бері Атырауда қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 20 шақты жасөспірім анықталды. 

* * * * *

11 қазанда сағат 02.40 шамасында Атырау полиция басқармасының «102» операторына Бірлік ықшам ауданында көліктің электр тірегіне соғылып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама түскен. Жедел іздестіру жұмыстары барысында полицейлер құқық бұзушыны анықтады. Toyota Alphard жүргізушісі 28 жастағы әйел болып шықты. Әйел кінәсін толық мойындап, апаттан кейін қорқып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалғанын айтты. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-тармағы (Жүргiзушiлердiң көлiк құралдарын немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген жол жүрісі қағидаларын бұзуы) және 611-баптың 2-тармағы (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды, жиналған құжаттар әрі қарай шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды. 

* * * * *

Атырауда балалардың ойын алаңдары мен автобус аялдамаларына көлік қою фактілері жиілеп кетті. 17 қазанда патрульдік полиция қызметкерлері Азаттық даңғылындағы аялдамада тұрған ВАЗ-2114 көлігін анықтады. 30 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабының 1-тармағы (Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 14 585 теңге айыппұл салынды. Жыл басынан бері полицейлер осындай заң бұзушылыққа жол берген 1500-ден астам жүргізушіге айыппұл салды. 

* * * * *

102 пультіне түскен қоңыраулар мониторингі полицияны шақыруға көбіне отбасылық және тұрмыстық жанжалдар себеп болатынын көрсетеді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Нұргүл Сәрсенованың айтуынша, тәулігіне орташа есеппен мұндай 30 қоңырау түседі екен.

«80% жағдайда жәбірленушілер отбасылық жанжалқорға кешірім береді. Нәтижесінде біраз уақыттан кейін жағдай қайталанады», - деп атап өтеді Н.Сәрсенова.

Мұндай шақыртуларға күнделікті мониторинг жасалып, отбасылармен алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Учаскелік инспекторлар тұрғылықты жері бойынша отбасылық жанжалқорларды тексереді. Атырау қалалық полиция басқармасы еске салады: егер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны немесе куәгері болсаңыз, төмендегі телефон нөмірлері бойынша көмек сұрай аласыз, не арыз жаза аласыз, не кеңес ала аласыз. Кезекші бөлімі: 98-12-05, 102, сенім телефоны: 98-12-05, ұялы телефон: 8 778 932 93 92.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

19 қазан 2021, 19:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.