Атырау, 25 сәуір 04:32
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Алауда газ жағу - технологиялық ақау салдары»

1 304 просмотра
Көрнекі сурет

Экология департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Атырау облысында қоршаған ортаға тигізілген залал ақшалай түрде 252 миллион теңгеден асқан. Бірнеше кәсіпорыннан осы сома талап етілді.

Бүгінде осы жалпы сомадан 9 миллион теңге өндірілді. Қалғандарына департамент мәжбүрлеп өндіру туралы талап-арыз жолдады. Атап айтқанда, ауаға шығарылатын шығарындылар асып кеткені үшін «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нен 12 млн теңге, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатсыз бұрғылау жұмыстарын жүргізгені үшін «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-нен 181 млн теңге, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатсыз қалдықтарды орналастырғаны үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-нан 37 млн теңге өндіріп алуға жолданған талап-арыздар.

Сот арқылы өндірілген ақшаның 60 млн теңгесі «АМӨЗ» ЖШС-нен тазартылған ағын сулар каналына 2020 жылдың 1 қарашасында мұнай өнімдері мен биошлам қосылған сарқынды суларды төккені үшін алынған, тағы 4 миллионы 24 түрлі кәсіпорыннан өндірілген.

Айтпақшы, биыл 1 тамызда Теңіздегі нысандардың біріндегі алауда газ жағылды. «Теңізшевройлдың» баспасөз қызметі бұл оқиғаны «жоспарлы» деп бағалады. «АЖ» экология департаментінің бастығы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВКЕ: «Газды дата белгілеп, жоспарлы түрде жағу нұсқасы бар екені рас па? Мұндай операция кезінде атмосфералық ауаға уәкілетті мемлекеттік органдар мониторинг жүргізеді ме?» деп сұрақ қойды. Ол былай деп жауап берді:

- Газды жағуға рұқсатты ҚР Энергетика министрлігі береді және Мұнайгаз кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасы бақылайды. Газды жағу көбінесе технологиялық ақаулар кезінде жүзеге асады. Бұл жағдайда Департамент тексеру жүргізіп, шаралар алады. Газ жағу кезінде ластаушы заттардың лимит көлемін энергетика министрлігі белгілейді. Бізде былтыр ТШО мен «Ембімұнайгазда» алауларда рұқсат етілмеген газ жағу жағдайлары болды.

- Сіздер ластанған ауаны өлшейсіздер, бірақ нәтиже жоқ.

- 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Атырау қаласында кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймағының (СҚА) шекарасындағы атмосфералық ауада ластаушы заттар құрамы бойынша, ондай-ақ тұрғын массивтерде желдің бағыты бойынша түнде және күндіз, сондай-ақ қолайсыз метеожағдайда (ҚМЖ) ауа сынамаларын өлшеу жұмыстары жалғасты. Мониторинг кезеңінде 60 аспаптық өлшеу жүргізілді, олардың нәтижесі бойынша сынақ актілері жасалды. Шекті рұқсат етілген концентрациядан асатын 9 жағдай анықталды, кінәлілерді жауапқа тарту үшін материалдар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.

Айнұр САПАРОВА

19 қазан 2021, 00:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.