АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Вашингтон Грузияға қорғанысын нығайтуға көмектесуді жоспарлап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Пентагон басшысы Грузияға келгеннен кейін Twitter-дегі парақшасында мәлімдеді.
"Америка Құрама Штаттары Грузияға өзінің қорғанысын нығайтуға және еуроатлантикалық интеграцияны ілгерілетуге көмектесуге дайын, кездесуді асыға күтемін", - делінген хабарламада.
France 24 телеарнасы Остин Ресей қысым көрсетіп жатқан елдермен одақты нығайту және Ауғанстандағы екі жылдық соғысқа қосқан үлесі үшін алғыс білдіру мақсатында Қара теңіз аймағында барғанын хабарлады.
"Біз Ресейдің ықпалында тұрған елдердің егемендігін нығайтуға атсалысамыз. Кездесулер біздің ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге, аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне және Грузияның НАТО-ға кіру процесіне арналады деп күтеміз", - деді Остин.
Грузия Остиннің бұл сапары өздерінің НАТО-ға толық мүше болу идеясын тез жүзеге асырады деп үміттенеді.
"Бұл - АҚШ-тың Грузияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, оның тұрақты және демократиялық дамуын, сондай-ақ, елдің еуроатлантикалық мақсаттарын қолдауының тағы бір айқын белгісі", - деді Грузия сыртқы істер министрі Дэвид Залкалиани.