Қауіпті инфекцияның таралу ошағы Атырау қаласы болып отыр деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Соңғы тәулікте өңірде коронавирустық инфекциямен 42 науқас анықталды. Атап айтқанда, Атырау қаласында Covid-19 жұқтырудың 19 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 5 науқас анықталды.
Инфекция облыстың аудандарында да таралуда. Жылыой ауданында - 5 адам, Индер ауданында - 5, Құрманғазы ауданында - 8 науқас анықталды.
Коронавирустық инфекциясы бар 28 науқаста ауру тиісті белгілермен өтуде. 14 адамда ауру белгілері жоқ.
Өткен тәулікте облыста коронавирустан 63 адам емделді.
Қазір 281 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада - 94, екінші облыстық ауруханада – 19 пациент, аудандық инфекциялық стационарларда - 33. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда - 68 науқас.
Айта кетейік, инфекцияның таралу қарқыны бойынша Атырау облысы "жасыл" аймақта.