Атырау, 28 наурыз 14:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Жер қопарып, бақша салған Үміт апа

Сурет Бейнежазба
2 182 просмотра

Мизам шуағы. Күздің санаулы жаймашуақ күндері. Ертеңгілік салқын болғанымен, түске қарай күн молынан сәулесін шашып, жадырай қалады... Күздің осы бір кезінде Индер ауданының Жарсуат ауылында Үміт апамен кездесудің өзі кездейсоқ болды. Қолында күрек, жер қопарып жатқан әжейді көріп таң-тамаша қалдық. Денесі шағын болғанымен қарулы күш бардай, күректі жерге бойлай тығып, кері шығарғанда жер қопарылып қалып жатты.

Бізді байқаған ол күлімсірей:

- Таңғалып тұрсыңдар ма? Мына күнннің шуағын пайдаланып қалайын деп жатқаным ғой. Күзде жерді қопарып дайындап қоямын, әлім келмесе немерелерім көмектеседі.  Бақша егу бұл бір жағынан ермек, бір жағынан күнкөріс қамы. Көктемнен күзге дейін тыным таппаймын, жемісін жегенше. Кейде балам ренжиді «құлап қаласың, осыны неғыласың» деп, ал мен тірліксіз қарап отыра алмаймын. Жеміс-жидектер мен көкөністер дастарқанға артық болмайды ғой.

Әңгімешіл, қонақжай апа бақшасын аралатты. Жеміс ағаштары: өрік, алма түрлері, шие, алмұрт, т. б. тұнып тұр екен.

- Жүзім былтыр отырғызылды, өсіп келеді. Қазір ескі ағаштарды жаңартамын, бұл жерде жер жақсы, бәрі өсіп келеді. Бірақ әлі де күтім қажет. Мен сондай-ақ қияр, қызанақ, сәбіз, бұрыш және басқа да көкөністерді айналдырамын, - дейді әңгімелесушім қуана әңгімелей, көрсетіп.

Баданадай, қып-қызыл құлпынайдан дәм таттырды. Дәмі тіл үйіреді. 

- Мен негізі Маңғыстау өңірінің қызымын. 1959 жылы келін болып түскелі осы Жарсуат ауылында табан аудармастан тұрамын. Осы жерде үйлі-баранды болдым, бірнеше немере-жиеннің әжесімін. Біраз жұмысты жасадым, мал маманы - зоотехник, балалар бақшасының меңгерушісі, есепші де болдым. Зейнеткерлікке шыққаныма көп жыл болды. Келесі жылы маусымда 85 жасқа толамын. Еңбекпен шыңдалып өстік қой бала кезден, күйеуге шығып, бала тапқаннан кейін де демалысты білмедік. Бүгін босанасың, ертесі - белді буып, жұмысқа шығасың. Мүмкін бұл әдет содан қалған шығар. Қол қусырып қарап отырғаннан көбірек шаршаймын, - деп күледі Үміт апа.

Таңертең ерте тұрып, турникке тартылу дағдысын қоя алмай келе жатыр екен. Денсаулығында кінарат болғанына мойымай дала тірлігінен қол үзбеуде. Бақшада жұмыс болмаса, киіз басып, нәски, қолғап тоқиды.

Ол смартфонды да меңгеріп алған, бос уақытында интернет қарап, жаңалықтарды оқиды.

Өзі ешқашан 50 келіден асқан емес. Артық салмағы бар әйелдерге былай деп кеңес береді:

- Кез-келгенді жемей, түрлі қоспаларды пайдаланыпғ арықтаймын деп әуре болмаңдар дегім келеді. Ол адам организмін бұзады, тек көп қозғалыс керек, бар құпия осы.

... Осынау тамаша жанмен қоштасқан соң біраз уақыт жымиюмен болдым. Алла барша жанға осындай қарттық нәсіп етсін.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 қазан 2021, 13:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.