Қауіпті инфекцияның таралу ошағы Атырау қаласы болып отыр деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Соңғы тәулікте өңірде коронавирустық инфекциямен 46 науқас анықталды. Атап айтқанда, Атырау қаласында Covid-19 жұқтырудың 28 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 7 науқас анықталды.
Инфекция облыстың аудандарында да таралуда. Жылыой ауданында - 1 адам, Исатай ауданында - 2, Қызылқоға ауданында - 2, Құрманғазы ауданында - 2, Мақат ауданында - 1 науқас анықталды.
Коронавирустық инфекциясы бар 32 науқаста ауру тиісті белгілермен өтуде. 14 адамда ауру белгілері жоқ.
Өткен тәулікте облыста коронавирустан 95 адам емделді.
Қазір 308 адам үй жағдайында, модульдік ауруханада - 77, екінші облыстық ауруханада – 31 пациент, аудандық инфекциялық стационарларда - 35. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда - 59 науқас.
Айта кетейік, инфекцияның таралу қарқыны бойынша Атырау облысы "жасыл" аймақта.