Атырау, 29 қараша 08:32
 ашықВ Атырау +2
$ 431.07
€ 485.51
₽ 5.69

Алаштан ән оздырған Мекес еді

Сурет Бейнежазба
1 155 просмотра

Жақында Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда елімізге танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Мекес ТӨРЕШОВТЫҢ 80 жылдығы атап өтілді. Батыстың төкпе мақамдарын, оның ішінде Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін зерттеп, кейінгі буынға қалдырған дәстүрлі әншінің өнер жолы туралы жары Жақсыгүл ТӨРЕШЕВАМЕН әңгімелескен едік. 

- Ауылда өскен қарапайым бала алашты қалай аузына қаратты?

- Өткен ғасырдың орталарында ауыл клубтарының сәні, халықтың көңілін көтеретін бірден бір аспаптары - домбыра, баян еді. Сондай ауыл клубтарда ән айтып, өнерін жұртшылыққа танытқан Мекесте елінің дүлділ әншісі болсам деген асқақ арман болған. Оның кішкентайынан әнге үйірсектігін сезген әжесі жергілікті шеберлерге домбыра жасатып берген.

Ол мектеп бітірген соң ауылда аздаған уақыт тракторшы болып жұмыс істеген, бірақ бойындағы тума таланты оны Алатауға жетелеп, Алматыға консерваторияға оқуға түсуге аттанады.

Бірақ оқуға қабылданбайды. Дәл сол кезеңде Алматыда «Қазақконцерт» ашылып жатқан дәуір еді. Сол жерде оның талантын бағалап, ұжымға қабылданған. Ол Қазақстанның халық әртісі Әзидолла Есқалиев, Роза Бағыланова сынды көптеген өнер майталмандарымен бірге жұмыс істеп, қалаларды аралап елге танылды. Бұл ұжымда 7 жыл еңбек етті.

- Мекес ағамен қалай таныстыңыз?

- Өзім Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келгенмін. Сол жылдары Алматы қаласына училищеге тігіншілік оқуына түстім. 1963 жылы «Қазақконцертке» гурьевтіктердің концертін көру үшін біраз қыз-жігіттер бардық. Залда алдыңғы қатарда отырдым. Басқалармен қатар Мекес те ән орындап, бәріміз өнеріне таң қалдық. Концерт біткен соң ол көрермендер залына келіп, маған танысуға ыңғай білдірді. Сөйтіп бәріміз әңгімелесіп, Панфилов саябағына барғанбыз.

Адам кісіні бір көргеннен таниды ғой, өзінің ақ көңіл, ақ жарқын мінезімен баурап алды. Даусына да ғашық болдым. Сөйтіп отбасын құрып, Алматыда тұрдық. Ол өнер жолын сол жақта бастады. Бірақ ұзақ болмады. Денсаулығы сыр беріп ұзақ іс-сапарларға шыға алмайтын болған соң, 1967 жылы туған елге оралдық. Бір жыл бұрын Гурьевте Нұрмұхан Жантөрин филармониясы құрылған еді. Сол филармонияда 40 жыл еңбек етті.

...Ол ешқандай атаққа қызықпайтын адам еді. Өзінің ең құнды сыйлығының бірі - атақты күйші Охаб Қабиғожиннің домбырасы еді. Мекестің даусына таң қалған күйшінің жары бір концерттен соң Мекесті үйіне шақырып, көзіндей болып, сахнада жүрсін деп сыйға берен. Оны Мекес өмірден өткенше ешкімге бермей, өзі ұстап өтті.

- Қазір бұл домбыра қайда?

- Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде, Түркістанға бірге барған еді. Сол кезде әкім оның домбырасына қызығып, оны музейге өткіз деп өтініш жасаған. Ал Мекес «әзірге көзім тіріде өзім тарта тұрайын, олай-бұлай болсам, өзің аларсың» деген екен. Мекес қайтыс боларының «домбырамды Иманғалиға берерсін» деп, аманаттап қалдырды.

Мекес өмірден өткен соң, Иманғалиға хат жазып (ол кезде Астана қаласы әкімі), мән жайды баяндадым. Ол күйші Нариман Үлкенбаевты ерте келіп, қазаға көңіл айтқан соң, домбыраны өзі шертіп көріп, «бұл аспапты облыстық музейге тапсырайық, әншіні еске алғандар сол жерге барып, көріп жүрсін» деді. Мекестің одан өзге де домбыралары болды, оны шәкірттері ұстап жүр.

- Танымал әншінің жары болу оңай ма?

- Өнер адамының жары болу оңай емес. Екі-үш айлап, гастрольдік іс-сапарға кетеді. Қазақ болған соң, арымызды сақтаймыз. Үйде бала тәрбиесімен отырып, жарымызды күтеміз. Қазір үш айлап кететін іс-сапар жоқ екен ғой. Ал ол кезде кейде той-думандатып жүріп, үйге келмей қалатын кездер болады. Барлығына кешіріммен қарайтынмын.

- Балаларыңыз әке жолын қуғандар бар ма?

- Жоқ. Қазір опынатыным да осы. Мекес айлап үйде болмайтын кезде, балалар менің тәрбиемде болды. Сол кезде оларды әкесінің өнеріне баулымаппыз. Өзі өмірінің соңында жолымды қусын деп жиенін Дина Нұрпейісова атындағы академиядағы домбырашыларға аманаттап тапсырып кетті. Бірақ ол өскен соң ата жолын қаламады.

- Жарыңыздың аты қазір қалай еске алынып жүр?

- Бес жылда бір рет Мекесті еске алуға арналған республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп тұрады. Биыл 80 жылдыққа орай Атырау облысының мәдениет басқармасы үйдің қабырғасына «Бұл үйде Мекес Төрешев тұрған» деген тақтаны орнатты. Атына көше беру туралы ұжымдастары ұсыныс жасағанда, Қайыршақты ауылынан беруді қарастырамыз деген. Жан жетсе, көрерміз.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: 
Мекес Төрешев 1940 жылы 15 мамырда Батыс Қазақстан Таубұйрат елді мекенінде (қазіргі Атырау облысының жері) өңірінде өмірге келген. Домбырада ойнаудың хас шебері, «Қазақконцертте», ал 1967 жылдан 2007 жылға дейін өмірден өткенше - Гурьев (содан кейін Атырау) облыстық филармониясында жұмыс істеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Автор түсірген, отбасылық мұрағаттан алынған суреттер мен бейнежазба

13 қазан, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.