Атырау, 9 қазан 23:17
 ашықВ Атырау +14
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Мұғалім дипломына сай біліктілікпен сабақ беруі керек

1 957 просмотра

Атырау облыстық мәслихатының кезекті VІІ сессиясында білім беру саласындағы мәселе басты тақырыптардың бірі болды.

Баяндамашы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВАНЫҢ айтуынша, бүгінде өңірде 4 мектеп апатты жағдайда тұр: бұлар Атыраудағы Мағжан Жұмабаев ат. №1 орта мектеп, Құлсарыдағы Абай ат. №5 орта мектеп, Индер ауданы Есбол ауылындағы Қ.Есқалиев ат. орта мектеп, Махамбет ауылындағы мектеп-гимназия. Бұдан басқа, 11 мектепте балалар үш ауысымда оқиды. Болашақта 37 мектеп пен 11 мектеп жапсаржайларын салу жоспарланған. Бұл жапсаржайлар үш ауысым мәселесін шешеді.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ сауал қойды:

- Қазір көп мектепте офф-лайн және он-лайн режимінде (ата-аналардың өтініші бойынша) аралас оқытылып жатыр. Бұл мұғалімдердің жалақысына әсер ете ме?

Айнагүл Дүйсекенова биыл мектептердің дәстүрлі форматта білім беруді бастағанын, пән мұғалімдері тиісті жүктемелерін алып, соған байланысты қазіргі таңда еңбекақыларын алып отырғанын айтты. Он-лайн нұсқа көп қолданылмайды және мұғалімдерге қосымша ауыртпалық түсірмейді.

Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат ӨТЕШОВ:

- Қазір Атырауда 1-сынып оқушысын оқытатын орталық көп. Яғни мектептен кейін бала соған барады. Бұл орталықтардың қызмет сапасы қалай тексеріледі?

- Атырауда 56 жеке балабақша бар. Оларға лицензияны Атырау облыстық білім саласындағы бақылау департаменті береді. Оларды тексеру біздің құзырымызға кірмейді. Дегенмен, қалада 34 балабақша мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасап отыр. Онда мемлекеттік балабақшадағыдай жарнасын ғана төлейді.

Бұдан соң келесі баяндаманы облыстағы білім саласындағы бақылау департаменті басшысы Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері білім беру мекемелерінде 30 кемшілік анықталған. Атап айтқанда, педагогтің сабақ беріп жатырған пәні дипломындағы біліктілігіне сәйкес келмеген; медициналық қарсы көрсетілімі жоқ екендігі туралы анықтамасы алынбаған педагогтардың жұмыс жасауы; жас мамандарға тәлімгер тағайындалмаған; медкабинеттер болмаған. Осы мектептердің басшыларына ҚР ӘҚБК-нің 409-бабы («Білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын сақтамау») бойынша 30 АЕК айыппұл салынды.

Г.Сүлейменова ведомствоның жедел желісіне және әлеуметтік желісіне бір ай ішінде, қыркүйекте ата-аналардан барлығы 18 өтініш келіп түскенін атап өтті. Негізгі мәселелер: педагогтің этика нормаларын сақтамауы, жас мамандарбіліктілігінің төмендігі, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі. Бұдан басқа, өңіріміздегі 13 мектепте типтік спорт залы жоқ.

Айнұр САПАРОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

4 қазан 2021, 17:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.