Атырау, 10 қазан 00:32
 ашықВ Атырау +14
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

«Қариялар қызметкерлерге қарағанда екпені жеңіл өткізді»

Сурет
1 164 просмотра

1 қазан – Халықаралық қарттар күні «АЖ» тілшісі Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында (Қарттар үйінің ресми түрдегі атауы) болып қайтқан еді.  

Орталық басшысы Қилымқас КҮЗЕМБАЕВАНЫҢ айтуынша, мұнда 95 тұрғын мекендейді, оның 46-сы - мүгедек. Мұнда 20 жылдан бері тұрып келе жатқан тұрғындар да бар. Қариялардың ең үлкені Балибаш САДЫҚОВА жақында 105 жасқа толған. Оның қарттар үйінде тұрып жатқанына биыл 10 жыл болыпты. Күйеуімен екеуінің балалары болмапты. Жолдасы өмірден өткен соң, Балибаш апаны 2011 жылы қарттар үйіне орналастырған.

- Карантин шектеулері тұрғындарға қалай әсер етуде?

- Әрине, бұл олар үшін сынақ болды. Ғимаратқа жыл жарым бойы сырттан ешкім кірмеді, іштен ешкімді шығармадық. Тұрғындар аулаға ғана шықты. Асханамыз жабылып, тұрғындардың тамағы бөлмелеріне жеткізіліп тұрды. Иә, алғашында тәртіпке бағынбай қарсы шыққандар болды. Уақыт өте түсінді. Әрқайсының бөлмесінде теледидар бар, жаңалықтар тыңдайды. Кейбірінің шығармашылықтары ашылып, қалауларынша бөлмелерін безендірді, әжелер ұршық иіріп, тігін тікті. Айтпақшы, бізде коронавируспен ешкім ауырмады.

- Сіздерден екпе алғандар бар шығар?

- Иә, 20 тұрғын екпе алды. Көшпелі екпе пункті келіп тексеріп, денсаулықтарына қарай салды. Қызметкерлерге қарағанда қариялар екпені өте жеңіл өткізді.

- Орталыққа биыл қанша адам келді, нешеуі шығарылды?

- 21 адам қабылданды, ал өз еркімен 8 адам шығып кетті. Оның екеуі карантинге шыдамай шығып кетті, екі мүмкіндігі шектеулі тұрғынға кезегі бойынша пәтер берілді, қалған үш қарияны туыстары үйлеріне алып кетті.

- Бұл мереке қалай атап өтілуде?

- Өзіңіз көргендей, қазір әр түрлі ұжымдар келіп құттықтау тілектерін жеткізіп, дастархан жайылды. Былтыр құттықтау шаралары аулада ұйымдастырылып, қариялар балконнан тамашалаған еді. Биыл «Ашық» қосымшасы арқылы акт залда концерттік бағдарламалар, көшпелі көрмелер ұйымдастырылып жатыр. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайынан әртістер, облыстық филармониядан оркестр келіп өнер көрсетуде.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

4 қазан 2021, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.