29 шілдеде кешкісін Атыраудағы «Дина» базарының саудагерлері жұмыс уақытын ұзартуды сұрап, митингке шықты. Оларды сағат 15:00-ден кейін базар әкімшілігі сауда орындарынан шығарып жіберген соң наразылықтарын білдірді.
Жиналғандар жұмыс уақытын сағат 19:00-ға дейін, тым болмаса 18:00-ге дейін ұзартуды сұрады. Өйткені, олардың айтуынша, сатып алушылар тек сағат төрттен кейін көбейеді.
- Сағат үшке дейін сауда жасап үлгермейміз. Мойынымызда несие бар, одан қалды, жалға алу құнын төлеуіміз керек. Бетперде киіп, санитарлық талаптарды сақтаймыз. Ашық аспан астында тұрғанда коронавирус жұқпайды деген ақпарат шыққан жоқ па? – дейді саудагерлер.
Жиналған топқа Атырау қаласы әкімінің орынбасары Самат ЕМБЕРГЕН мен Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары келді. Олардың айтуынша, базар әкімшілігі соңғы шыққан №15 қаулыны дұрыс түсінбей қалған.
- Карантин шаралары күшейгені рас. Сауда үйлері мен орталықтарының уақытын шектегенімен, ешкім базар уақытын шектеген жоқ. Яғни базар кешкі сағат 19:00 дейін жұмыс жасай алады,- деді Самат Емберген. - Қаулыны дұрыс оқымай, осындай дүрлігіске себеп болған «Дина» базарының әкімшілігімен түсінік жұмыстары жүргізілетін болады.
Фархат ӘБІЛОВ
Әлеуметтік желідегі бейнежазба