Атырау, 28 сәуір 00:07
 ашықВ Атырау +23
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Абай орталығы оқушыларға есігін ашты

Сурет Бейнежазба
3 744 просмотра

Бір жыл бұрын Атырауда таныстырылған Жастар мен оқушылар сарайы (кейін Абай орталығы болып өзгертілді) осы уақытқа  дейін онлайн режимінде жұмыс істеді. Бірақ 25 маусымнан бастап орталық есігін айқара ашты. Ол жерге «АЖ» тілшісі де барып, ішкі тынысымен танысып қайтқан еді.

Орталықтың кіреберісі оқушылар мен ата-аналарға толы. Ғимаратқа тек Ashyq мобильді қосымшасы арқылы кіруге болады.

Орталық басшысының міндетін атқарушы Нұргүл МАСАКАЕВАНЫҢ айтуынша, бүгінде 22 үйірмеге 800-ге жуық оқушы жазылған. Спорттық бағыттағы үйірмелер –ақылы (әлеуметтік қорғалмаған балалардан басқасына).

- Бір үйден 4 баласын орталыққа әкеліп жатқан ата-аналар да бар. Бір оқушының өзі 3-5 үйірмеге қатысады. Таңертең келгеннен түсте бір шығады, - дейді Н.Масакаева.

Домбыра үйірмесіне 50-ден аса оқушы жазылған. Үйірме жетекшісі Самиға Ерғалиеваның айтуынша, оқушылар күннен күнге қосылып жатыр.  

- Балалар жасына, домбырада ойнау деңгейіне байланысты 6 топқа бөлінген. Бұл жерде домбырасы жоқтарға аспап өзімізден беріледі, - дейді С.Ерғалиева.

Нұрасыл Абай, 13 жаста:

-  Домбырада ойнауға 6 жасыман бастап қызығушылығым оянды. Өзім оқитын №19 мектептегі домбыра курсына қатысып, 5 жыл домбыра курсын аяқтадым. Бұл жерге бұрын үйренгендерімді ұмытып қалмас үшін жазылдым. Домбырадан бөлек ағылшын және тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысамын.

Бейнелеу өнері үйірмесіне келушілер саны 50-ден асады.

Кәусар, 9 жаста: 

- Сурет салуға бұрыннан қызығушылығым болған соң сол қабілетімді шыңдағым келді. Бұл жерден көп дос таптым. Біз көпбалалы отбасымыз. Мұнда ініммен бірге келдім. Суретпен қоса домбыра және қолөнер үйірмесіне қатысамын. Інім домбыраға және каратэ үйірмесіне қатысып жатыр.

Орталықта жалпы 150-ден астам қызметкер жұмыс істесе, оның 110-ы – педагог.

Айта кетейік, мұндағы үйірмелерге ерекше балалар да қатыса алады.

«Психология әлемі» үйірмесінің жетекшісі Анар Сағынбаева:

- Ерекше балаларды бөлмей, жалпы топпен бірге дайындаймыз. Бұл әдіс олардың дамуына, қатарға тез қосылуына үлкен әсер береді. Психология саласында жүрген өз тәжірибемде дұрыс сөйлей алмай келген балалар да сөйлеп кеткен жағдайлар кездесті.

...Баянда ойнау үйірмесіне келген оқушылар қазір жаттығу жасап жатыр, ал онлайннан ауысып келгендер халық әндерін ойнауды бастап кеткен.  

8-сынып оқушысы Виктор ХАН үйірмеге сәуір айында жазылған.

- Қазір қазақтың халық әні «Қамажайды», орыстың және белорустың әндерін ойнап жүрмін, - дейді Виктор.

Нұргүл Масакаеваның айтуынша, алдағы уақытта гитара, теннис, бассейн, тоғызқұмалақ, асық ату үйірмесін ашу жоспарда бар. Болашақта бассейн де іске қосылады. Оның бәріне зал жеткілікті болғанымен мамандар қат. Әкімшілік enbek.kz сайтына хабарландыру берген.

 - Бұдан басқа, асханамыз да бар, бірақ әзір өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жабық тұр. Егер асхана жұмыс істесе, ата-аналар балаларын таңертең 8-де әкеліп тастап, кешкі 18:00-ге дейін қалдырып кетуге дайын, - дейді Н.Масакаева. - Ең бастысы - орталыққа қанша бала келсе де, шектеу қойылмайды. Үйірмелер сенбі күні де жұмыс істейді. Егер ата-ана баласы не үйреніп жатқанын көрем десе, «Ashyq» арқылы кіріп таныса алады.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

19 шілде 2021, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.