
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда автокөліктерге қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі анықталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, олардың жалпы сыйымдылығы 159,5 тонна жанармайды құрайды. Ел аумағынан жанармайды заңсыз әкетудің алдын алу мақсатында шекараларда полицияның тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Polisia.kz мәліметінше, Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы 48 автомобиль өткізу пунктінің маңында полиция бекеттері қойылған.
Заңбұзушылықтардың басым бөлігі үш өңірде анықталған:
Жамбыл облысы — 386;
Түркістан облысы — 119;
Қостанай облысы — 80.
Еліміздің қалған өңірлерінде барлығы 10 заңбұзушылық тіркелген.
Жүргізушілер көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қосымша жабдықтар алынып тасталғаннан кейін автокөліктер иелеріне қайтарылды.
ІІМ Қазақстан аумағынан жанармайды заңсыз әкетудің жолын кесу ведомство жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
В Атырау +5.4