
16 қараша күні таңертең Ақтөбеде оқ жарақатын алған ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм ірі жанармай құю бекеттері желісінің иесі болған. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздестіріп жатыр.
HALYQSTAN Telegram-арнасының хабарлауынша, қылмыс кәсіпкердің үйінің ауласында жасалған болуы мүмкін. Жақын маңда орналасқан ұйым қызметкерлері таңертең оқ атылғанын естігендерін айтқан.
«Диапазон» басылымының мәліметінше, полиция Ғазиза Жұбанова және Нұрлы Таң көшелерінің қиылысындағы аумақты қоршауға алған. Оқиғаға байланысты жақын маңдағы балабақшаға баратын жол да жабылған. Соның салдарынан ата-аналар балаларымен бірге үйлеріне қайтуға мәжбүр болған.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті оқ жарақатын алған ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Күдіктіні ұстауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
В Атырау +2.4