
Ақтөбедегі «Салам бро» кафесінде болған жарылыстан кейін үш күн өтсе де, зардап шеккен көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін пәтерлеріне орала алмай отыр. Оқиға салдарынан 13 пәтер мен төрт коммерциялық нысан бүлінген.
Әкімдіктің мәлімдеуінше, мүлікті қалпына келтіруге жұмсалатын шығынды жарылыс болған нысанның иесі өтейді, деп хабарлайды «Диапазон».
Жарылыс 13 қараша күні таңертең Алтын Орда (Батыс-2) ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы дәмханада болған.
Жарылыс толқыны бесінші қабатқа дейінгі пәтерлерге зақым келтірген. Шыны сынықтары жол бойымен өтіп бара жатқан автобус пен автокөлікке шашылған. Көршілес коммерциялық нысандар да бүлінген.
Пәтерлерді аралап тексеру нәтижесінде комиссия 13 пәтердің зақымданғанын анықтады. Апта соңына дейін мамандар келтірілген залалдың сипаты мен көлемі туралы қорытынды ұсынуы тиіс.
Ақтөбе облысының әкімдігі хабарлағандай, нысан иесі тұрғындар мен кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеуге алдын ала келісім берген. Сондай-ақ ол техникалық тексеру мен зақым көлемін бағалау шығындарын да төлеуі керек.
Үй тұрғындары әзірге туыстарының үйін паналауға немесе жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Ғимаратқа газ беру уақытша тоқтатылған. Адамдардың 16 қарашада пәтерлеріне оралуы газ берудің қайта қалпына келтірілуіне байланысты.
Дәмхана жоспарлы тексеруге жатпаған
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Салам бро» дәмханасы өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекел дәрежесі төмен нысандар санатына жатқызылған. Сондықтан ол жоспарлы тексеруге жатпаған.
Мұндай нысандарға жоспардан тыс тексеру тек заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі.
Қазір ТЖД мамандары жарылыстың себептерін анықтап жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған.
В Атырау +5.4