Атырау, 16 қараша 17:01
 дождьВ Атырау +5.4
$ 444.30
€ 490.91
₽ 5.41

Wildberries және ЕО санкциялары: Татьяна Кимге қарсы жаңа шаралар қабылданды

29 рет қаралды
Фото: Wildberries компаниясының баспасөз қызметі
Фото: Wildberries компаниясының баспасөз қызметі

Wildberries маркетплейсінің негізін қалаушы Татьяна Ким Еуропалық одақтың жаңа санкциялық тізіміне енгізілді. Бұл туралы Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Брюссельде өтетін ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінің алдында мәлімдеді. Жиында шектеулерді ресми түрде бекіту күтілуде, деп хабарлайды Би-би-си.

Францияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы мәлімдегендей, санкциялардың жаңа пакеті жалпы саны 145 жеке және заңды тұлғаға қатысты болады. Тізімге Санкт-Петербургтегі мұнай терминалы, сондай-ақ бірқатар ресейлік кәсіпкер, соның ішінде «Яндекс» пен Ozon инвесторы Александр Чачава да енген.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қолына түскен құжат жобасына сәйкес, Татьяна Кимге қатысты шектеулер маркетплейстің қызметіне және оның мемлекеттік сектордағы ұйымдармен әріптестігіне байланысты енгізілмек.

«Wildberries ресейлік әскери күштерді жабдықтау желісі ретінде жұмыс істеп, әскери мақсаттағы және қосарлы мақсатта пайдаланылатын тауарлардың сатылуына ықпал етеді», — делінген санкциялық тізім жобасында.

Сонымен қатар ЕО құжатында компанияның акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі әрі Еуропалық одақтың санкцияларына іліккен ВТБ банкімен стратегиялық әріптестік орнатқаны атап өтілген.

Wildberries пен Russ біріккен компаниясының (РВБ) баспасөз қызметі Брюссельден тараған мәлімдемелерге қатысты пікір білдірді. Онда Кимге қарсы жеке санкциялар маркетплейстің операциялық қызметіне әсер етпейтіні айтылған. Себебі компанияның Еуропалық одақ аумағында активтері жоқ және ол бұл нарықта жұмыс істемейді.

Бүгін, 16:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.