Атырау, 16 қараша 16:19
 дождьВ Атырау +5.4
$ 444.30
€ 490.91
₽ 5.41

Батыс өңірін сумен қамтитын маңызды құбыр жаңартылды

21 рет қаралды
Сурет: "ҚазТрансОйл" АҚ
Сурет: "ҚазТрансОйл" АҚ

«Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырының 696-шақырымында Манашы өзені арқылы өтетін ұзындығы 130 метрлік жаңа жер үсті өткелін қосу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды.

10–13 қараша аралығында жүргізілген бұл күрделі инженерлік шараларға «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы мен «Магистральды Су құбыры» ЖШС-нің 50-ден астам маманы мен 12 арнайы техникасы жұмылдырылды. Жоспар бойынша 72 сағатқа есептелген жұмыс мамандардың үйлесімді әрекеті арқасында белгіленген мерзімнен ерте тәмамдалды.

Жаңа өткел отандық өндірістен шыққан, сыртқы коррозияға қарсы күшейтілген қаптамасы бар, диаметрі 1220×12 миллиметр болатын 17Г1С маркалы спиральді жапсарлы болат құбырлардан тұрғызылды. Нысанда өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптары қатаң сақталып, мердігер ұйымдар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етті.

1987 жылы пайдалануға берілген «Астрахань – Маңғышлақ» су құбыры — Атырау және Маңғыстау облыстарының су тапшылығы бар аудандарын Еділ суымен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық нысан. Оның жалпы ұзындығы 2 311,66 шақырымды құрайды. 2018 жылдан бері бұл жүйені «ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «Магистральды Су құбыры» ЖШС басқарады.

Манашы өзені арқылы өтетін жаңа жер үсті өткелін қосу жұмыстары өңірдегі су көлігінің қауіпсіздігін арттырып, тұрғындар мен өнеркәсіп орындарын тұрақты сумен жабдықтау сенімділігін нығайта түспек.

Бүгін, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.