
Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентінің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
NUR.KZ мәліметінше, марқұм География және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған.
Тергеу жұмыстарын Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын қолға алған.
ҚазҰУ әкімшілігінің мәлімдеуінше, университет құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.
Университет марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оқу орнының басшылығы мен ұжымы студенттің отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетуде.
Сондай-ақ ҚазҰУ өкілдері қоғамды расталмаған ақпаратты таратудан аулақ болуға және марқұмның отбасының сезіміне құрметпен қарауға шақырды.
Бұл – қараша айында ҚазҰУ студентінің қаза тапқаны туралы БАҚ-та тараған екінші жағдай. Бұған дейін, 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курсында оқыған болуы мүмкін қыздың қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. 11 қарашада бұл оқиғаға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түсініктеме берді.
В Атырау +2.4