
Алматы қаласының тұрғыны құны 488 миллион теңге болатын алтын құймаларын киімінің астына жасырып, Қытайға алып өтпек болған. Ер адам бағалы металды жабысқақ таспамен денесіне бекіткен. Алайда «Қорғас» кеден бекетінде бақылаудан өту кезінде жасырылған алтын анықталды.
Жетісу облысының прокуратурасы хабарлағандай, ер адам «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының өткізу пункті арқылы алтынды заңсыз алып өтпек болған.
Қадағалау органының мәліметінше, тәркіленген алтын құймаларының жалпы салмағы 5 келі 764 грамды құраған. Олардың құны 488 миллион теңгеге бағаланған.
Прокуратураның хабарлауынша, Панфилов аудандық соты ер адамды экономикалық контрабанда жасауға оқталғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен тәркіленген алтынның барлығы мемлекет кірісіне өткізілді.
В Атырау +2.4