Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша сот отырысы жалғасуда. Н.Таубаев пен оның адвокаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерге, прокурорға және резонанс тудырған осы сот процесін оқырмандары үшін ғана баяндайтын «AЖ» тілшісіне қарсылығын жалғастыруда.
Бүгінгі отырыс карантинге байланысты Zoom бағдарламасы арқылы өтті, яғни, сотталушылар түрмеден қатысты. Бастала салысымен, Нұрлан Таубаев сот процесіне адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВСЫЗ қатысуға келіспейтінін білдіріп, дереу алдыңғы түнде дене қызуы жоғары болғанына шағымданды.
- Түнде жедел жәрдем келді, әлі ауырып жүрмін. Дене қызуым бар, өзімді нашар сезінемін, бірақ сотқа қатысу үшін дәрі ішуіме тура келді, - деді Таубаев.
Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА осы отырысқа қатыса аласыз ба деп сұрады. Таубаев «жоқ, процессті кейінге қалдыруыңызды сұраймын» деп жауап берді. Судья үзіліс жариялап, УГ-157/1-ге жедел жәрдем шақырды.
Сотталушылардың адвокаттары Амитов пен Вранчев те Жолболовсыз сот отырысына қарсы болып, әйтпесе бұл сотталушының құқығын бұзу болатынын атап өтті. Бірақ судья оларға Қылмыстық іс жүргізу кодексінің ережелерін еске салды:
- Қорғаушылардың біреуінің қатыспауы сот ісін жалғастыруға кедергі емес. Бұдан басқа, адвокат Жолболов сотқа кезекті отырысқа қатыса алмайтынын, өйткені ол ҚР аумағынан тыс жерде болатынын және істі оның қатысуынсыз қарауға қарсы еместігін хабардар етті.
Үзілістен кейін жедел жәрдемнің сигнал парағына сәйкес, Таубаевтың жоғары дене қызуы жоқ екені анықталып, процесс жалғасты. Мінбеге жәбірленуші - ЖШС директорының орынбасары шықты. Айыптаушы тараптың пікірінше, одан ірі көлемде пара талап еткен. Айыпталушылардың адвокаттары ЖШС директорынан құрылыс салу құжаттарын, ЖШС есепшотының көшірмесін, облыс әкімдігінің ғимаратына рұқсатнама, Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына арналған жердің мемлекеттік актісін, ЖШС мен ТШО арасындағы қызметтік хат алмасуды, жаңа ауруханаға арналған медициналық жабдық алуға рұқсат құжатын және жобалық-сметалық құжаттаманы сұрады. Кейін бұл құжаттардың барлығы сотқа ұсынылды.
Адвокаттар жәбірленушінің Астанаға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысына барғанын сұрады.
- Сіз Нұр-Сұлтанға 2 қыркүйекте ұштыңыз ба?- деп сұрады адвокат Гүлсара ҚАБЛАНБАЕВА.
- Меніңше, 1 қыркүйекте сияқты. Атырау әуежайынан ұштым, - деді зардап шегуші.
- Сіздің қолыңызда түбіртегіңіз, отыру талоны, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ғимаратына кіру талоны сақталды ма? – деп сұрағын жалғастырды Қабланбаева.
- Жоқ.
- Зардап шегушінің жауабына байланысты соттан Атырау әуежайынан 30 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Нұрсұлтанға ұшты ма және Атырауға қашан оралғаны туралы ақпаратты талап етуіңізді сұраймын, - деп өтініш білдірді Қабланбаева.
Ол және сотталушылардың басқа адвокаттары бұл сапарға астаналық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер итермеледі деп санайды.
Осы тақырыпқа пікірталастан кейін адвокаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің қысымымен Таубаевтың ауруханадан асығыс шығарылғаны туралы мәлімдемесінің нәтижесін сұрады.
Прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ осы мәлімдеме бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын, нәтижесі қосымша хабарланатынын айтты.
- Неге қызметтік тексеру? – деп наразы болды Таубаев. - Мұнда қызметкерлерге сөгіс берумен шектеледі, ал бұл қылмыстық іс!
- Сіздің уәжіңіз орынсыз, сотқа әлі жауап келген жоқ, - деді судья.
- Неліктен сіз азаптау фактілеріне Президент қол қойған заң мен конвенцияға сәйкес әрекет жасамадыңыз? – деп сұрады Таубаев прокурордан.
- Сіздің дәлеліңіз бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ішкі қауіпсіздік қызметі тексеріс жүргізіп жатыр. Бірақ сіз азаптау жасалғанын растайтын ешқандай дәлел келтірген жоқсыз, - деді айыптаушы Жангереев.
- Тергеу изоляторы қызметкерлерінен және сол кезде болған дәрігерлерден сұрауды талап етемін. Қызметкерлерді менің емделуіме кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартуды талап етемін, бұл азаптаумен тең, - деді Таубаев.
Судья барлығына процеске қатысушылардың соттан аталған тақырыптарға жауап талап етуге құқығы жоқ екенін, бірақ өтініш беруге құқылы екенін түсіндірді; сонымен қатар, басты сот талқылауының тақырыбы тағылған айыпты зерделеу екенін атап өтіп, прокурорға 10 маусымға дейін сот қаулысы (Таубаевтың азаптау туралы шағымын тергеу) бойынша жауап ұсынуды тапсырды.
Сот отырысының соңында Нұрлан Таубаев пен оның адвокаттары айыптау актісінің мәтінін «Ақ Жайық» газеті қайдан алған және онда неліктен куәгер ретінде Атырау облысы әкімінен сұралды деп жазылғанын сұрады.
- Айыптау актісі ашық сотта оқылды, бұл құпия құжат емес, - деп бұған прокурор жауап берді.
... Жалпы, сотталушылар мен адвокаттарының осы сот процесінде үнемі «АЖ»-ның аузын жауып тастағысы келетіндері оғаш көрінеді. Бірақ қалай болғанда да біз бұл резонанс тудыратын сотты сол күйінде баяндайтын боламыз.
Фархат ӘБІЛОВ