Атырау, 23 қараша 04:09
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Таубаев пен Басаровқа тағылған айыптың мән-жайы

3 828 просмотра

Осыдан бұрын «АЖ» хабарлағандай, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Айыптау өкілі, прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ айыптау актісін оқып берді. Төменде осы құжаттың маңызды тұстары келтірілген.

«Өткен жылдың шілде айының басында Атырау облысы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша елімізде бірінші орынға шықты, осыған байланысты Атырау облысының әкімдігі «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында Құлсары қаласында 200 орындық жаңа аурухана кешенін салу туралы шешім қабылдады.

3 тамызда «Теңізшевройл» ЖШС өткізген тендер нәтижесі бойынша құрылыс жүргізетін ЖШС-нің бірімен 5 млрд 300 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Осы уақыт кезеңінде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Н.Б.Таубаев өзінің қызмет бабындағы жағдайына байланысты осы шарттың жасалғаны туралы хабардар бола отырып, өзі жетекшілік ететін Атырау облысы құрылыс басқармасы кейін пайдалануға қабылдайтынына сенімді бола отырып, объектіні қабылдауға жәрдем көрсететіні және «жалпы қамқорлығына» алу үшін мердігер басшылығынан заңсыз аса ірі мөлшерде пара талап ету жолымен жеке материалдық жағдайын жақсарту мақсатын қойған. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін қолға түсіп қалудан қорқып, ол қызмет бабында өзіне бағынышты адамдар қатарынан өз лауазымына байланысты "Игілік" бағдарламасы шеңберінде салынған объектілерді пайдалануға қабылдау актілеріне қол қоятын өзінің сенімді адамын – облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.К. Басаровты сыбайлас ретінде тартуды шешті. Ол тікелей орындаушы болды. Басаров пайдакүнемдік мүдде танытып, мердігер басшылығынан параны қорқытып алуға қатысуға келісімін беріп, осылайша Таубаевпен алдын ала сөз байласты.

2020 жылғы тамыз айының басында облыс әкімдігі ғимаратында құрылыс компанияларының басшыларымен өткен Кеңестердің бірінен кейін Таубаев компанияның қызметін, оның ішінде Құлсары қаласында 200 орындық аурухана кешенін салу бойынша іс жүзінде басшылық ететін мердігер компания директорының орынбасарымен жеке кездесіп, одан шартта көрсетілген аса ірі мөлшерде соманың 10%-ын пара ретінде талап етті. Сонымен қатар, пара беру уақыты мен шарттарына байланысты барлық мәселені оның сенімді өкілі Басаровпен келісу қажет екенін ескертті.

Өз кезегінде мердігер компания директорының орынбасары Таубаев пен Басаровтың заңға қайшы талаптарын орындағысы келмей, олармен байланысқа шықпады. 2020 жылдың 20 тамызында Басаров облыс әкімдігі ғимаратына директордың орынбасарын жеке кездесуге шақырды. Әңгіме барысында ол бопсалау жолымен, атап айтқанда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен және басқа да мекемелермен объектіге тексеру жүргіземін деп қорқыту арқылы Таубаевтың өткенде айтқан парасын беруді талап етті. Өз кезегінде, директордың орынбасары Таубаев пен Басаровтың шартта көрсетілген соманың 10% мөлшерінде пара беру туралы заңсыз талаптарын орындауға мүмкіндігі болмай, соңғысынан пара сомасын азайту мәселесін талқылау үшін Таубаевпен кездесу ұйымдастыруды сұрады».

Айыптау актісінде көрсетілгендей, 21 тамыз күні кешке Таубаев пен Басаров Атыраудағы мейрамханалардың бірінде директордың орынбасарымен кездесті. Бұл жолы мердігер ТШО-дан алған аванстың 7%-ын (2 млрд 650 млн теңге), бұл 185 млн 500 мың теңгені құрайды және одан әрі келісімшарттың қалған сомасының осындай үлесі туралы сөз болды. Директордың орынбасары бұл қаражатты жинауға уақыт сұрады.

Ал 2 қыркүйекте ол ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өтініш жасады. Сол күні Таубаев пен Басаровтың үстінен ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу») бойынша қылмыстық іс қозғалып, жасырын тергеу әрекеттерін (тыңдау) жүргізу үшін соттың санкциясы алынды.

Бұдан әрі айыптау актісінде осыдан кейін директордың орынбасары Таубаевпен үш рет (6, 7 және 10 қыркүйекте) оның қызметтік кабинетінде кездескені айтылады – осы кездесулер барысында пара беру шарттары мен уақыты келісілді. Соңғы кездесуде кәсіпкер сол күні бұрын келісілген 185,5 млн теңге мөлшеріндегі соманы беруге дайын екені туралы Таубаевты хабардар етті. Осыдан кейін Таубаев Басаровты шақырып, оған сол ақшаны алуды тапсырды. Артынша Басаров кәсіпкерге қоңырау шалып, онымен Сәтпаев даңғылындағы өз үйінің ауласында кездесуге келісті. Көп кешікпей олар кездесіп, Басаров кәсіпкерден қара сөмкені алды, оның ішінде 424 мың доллар және 5 миллион теңге болды, оның көп бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер дайындаған "қуыршақ" ақша болатын. Олар Басаровты сол жерде қылмыстың үстінде ұстады.

– Сотталушы Н.Б. Таубаевтың балалары жас болғаны оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде танылады; жауапкершілігін ауырлататын мән-жай ретінде оның өзі қабылдаған антты бұзғаны болып табылады. Сотталушы Т.К. Басаровтың қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән - жай - оның жас балаларының болуы, ал ауырлататын мән-жайлар жоқ, - деді прокурор Жангереев.

Содан кейін ол айыптаушы тарапта бар дәлелдер тізімін, соның ішінде Басаровқа берілген ақшалай қаражатты химиялық өңдеу хаттамасын; Басаровтан жоғарыда аталған ақшалай қаражат табылғаны туралы жеке тінту хаттамасын; Таубаев пен Басаровтың арасындағы, сондай-ақ кәсіпкердің өзімен телефон арқылы және жеке сөйлесу кезіндегі дауыстардың түпнұсқасын растайтын фонологиялық сараптама қорытындысын; өткен жылдың 21 тамызында Таубаев, Басаров және кәсіпкер кездескен мейрамхананың бақылау камераларынан бейне жазбаны; Таубаев пен Басаров арасындағы WhatsАpp мессенджеріндегі хат алмасу және т.б. ұсынды.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

14 сәуір 2021, 11:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.