Атырау, 16 қараша 14:15
 дождьВ Атырау +2.4
$ 444.30
€ 490.91
₽ 5.41

Ескене теміржол станциясы қашан көшіріледі?

Сурет
53 рет қаралды

Атырау облысы Мақат ауданына қарасты Ескене темір станциясы мен оған қарасты Таскескен разъезінде ондаған отбасы ғана қалған. Жақын жерде екі газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындар жағымсыз иіс пен шаң-тозаңға, әлі күнге дейін көмір жағып отырғанына шағымданады.  Олар он жылдан астам уақыт өздерін Атырау қаласына көшіруді талап етіп келе жатыр. 

САСЫҚ ИІС ПЕН ҚҰРЫЛЫС ШАҢЫ

Ескене мен Таскескенде газ әуелден тартылмаған. Мұнда мектеп пен балабақша, медпункт атымен жоқ. Ресми мәліметке сәйкес, Ескене ауылында 108 үй бар. Қазір онда 29 отбасы тұрып жатыр. Ауылға жақын жерде екі газ өңдеу зауытының құрылысы қарқын алған. Оның біріншісі — жылына бір миллиард текше метр газ өңдеуге арналған зауыт. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Зауытты GPC Investment ЖШС кәсіпорны салып жатыр. Зауыт ауылдан бес шақырым жерде орналасқан. Ал екіншісі ауылға тым жақын орналасқан — 450 метр жерде. Зауытты Eskene LPG ЖШС кәсіпорны салып жатыр. Зауыт жылына 800 мың текше метр сұйылтылған мұнай газын бөледі делініп отыр. Сонымен қатар Қарабатан станциясындағы North Caspian Operating Company N.V (NCOC) компаниясының «Болашақ» мұнай өңдеу зауыты да жақын орналасқан. Ескене ауылынан жеті шақырым жерде.

Тұрғындар зауыттардан тарайтын иіс пен құрылыс кезінде көтерілетін шаңға жиі шағымданады. Ауылдағы жүзден астам үйдің басым бөлігі қаңырап, бос тұр. Қазір бұл елді мекендерде тұрып жатқандардың көбі — зейнет жасындағылар. Ал үйін тастап, көшіп кетуге мәжбүр болғандардың дені — жастар мен балалары өсіп, балабақша, мектеп жасына жеткен отбасылар. Олар қалада және Мақат ауданының орталығы — Доссор кентінде тұрып жатыр. Ескене мен Таскескендегі ауылдастары «олардың көбі ауылда жағдай болмағасын қаладан пәтер жалдап, балаларын оқытып жүр» дейді. Ал ауылда қалғандардың балалары Доссордағы Сабыр Шарипов атындағы мектеп-интернатқа қатынап оқиды. Олардың өзі де санаулы — алты бала қалған. Балалар демалыс күндері үйлеріне келіп тұрады. Мектеп автобусы оларды әр жұма сайын үйге жеткізіп тастайды, сосын жексенбі кешке интернат жатақханасына алып кетеді.

Балалары өскен соң балабақша мен мектеп іздей бастаған Асқар (тегін атағысы келмеді) да қалаға 2019 жылы көшіп кеткен. Ол Ескене теміржол станциясында туып-өскен. Теміржол саласында жұмыс істеген. Кейін жұмыс тоқтап, балалары өскесін ауылда қалудың еш мәні болмаған.  

— Балалар балабақша мен мектепке баруы керек болды. Сондықтан отбасымызбен Атырауға көшіп кеттік. Бірақ үлкендер ауылда қалды, — дейді Асқар.

Жақында зейнетке шыққан 63 жастағы Нұран Атамбаев та теміржол саласында еңбек еткен. Ол кейінгі уақытта ауылдың ауасы ластанып бара жатқанын байқаған. Айтуынша, газ өңдеу зауыттарының құрылысы басталғалы ауылдың ішін шаң басып, тыныс алу қиындаған.

— Құрылыс кезінде карьерден топырақ қазып, оны тасыған сайын ауыл іші ала шаң болады. Жел тұрса, тіпті күшейеді. Жағымсыз иіс аздай, шаң-тозаң көбейді, — дейді Нұран Атамбаев.

Тұрғындар ауыл экологиясының нашарлағанын айтып, мәселені бірнеше рет көтерген. Құрылысы 2006 жылы басталған «Болашақ» зауыты 2013 жылы іске қосылғанды. Тұрғындар өздерін қалаға көшіру туралы талапты ресми түрде 2018 жылдан бастап қоя бастады. Олар бұл туралы сол жылы облыс әкімінің атына да, NCOC компаниясына да жазбаша өтініш жазған.  

— Жел соқса, зауыт жақтан иіс келеді.Шіріген жұмыртқаның иісіне ұқсас, удай, [өңешіңді] ашытады. Бірақ NCOC біздің Ескене теміржол станциясы санитарлы қорғау аймағына кірмейді деп келе жатыр ғой, — дейді Атамбаев.

ШӘПКЕНОВТЫҢ УӘДЕСІ, ШАРШАҒАН ЖҰРТ

Тағы бір тұрғын, ауылдың белсендісі Нұржамал Хасанова Ескене теміржол станциясы неге ескерусіз қалып отырғанын түсінбейді. Ол станциямен аттас Ескене ауылының тұрғындарын кезінде қалаға көшірген кезді меңзеп отыр. Оның сөзінше, Ескене ауылы мен Ескене станциясы сол уақытта бір әкімшілікке қараған. Кейін ауыл көшіріліп, станция иесіз қалған.

— Біз біраз жыл ешбір ауылдық округке кірмедік. Кейін Доссор кентіне қосты. Шамамен алты-жеті жыл соның қарауында болдық. Одан кейін, төрт-бес жыл бұрын ба, Мақат ауданының Бәйгетөбе ауылдық округіне қосты. Неге бұлай жасағанын түсінбеймін, — дейді Нұржамал Хасанова.

Оның сөзінше, Ескене станциясын көшіру туралы айтылғанына кемінде он жыл болған. Он жыл бұрын Ноғаев ауылға келгенде жиналыс өтіп, көшіру мәселесі көтерілген. «Ноғаев сол жиналыста бізге көшіру мәселесі қарастырылады деп айтты», — дейді Хасанова.

Бұған дейін Мақат ауданында болашағы жоқ делінген бірқатар ауыл қалаға көшірілгені. 40-жылдары вахта поселкелері ретінде салынған Қошқар, Комсомол, Бекбике ауылдарының тұрғындарын 2009-2010 жылдары қалаға көшірді. Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев 2010 жылғы 26 қарашада өткен Мақат аудандық актив жиынында Қошқар, Космол және Бекбике ауылдарының тұрғындарын көшіру үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясы 750 миллион теңге бөлгенін мәлімдеген еді.

 Ал кейін 2013 жылы Байшонас және Ескене ауылдарының тұрғындары қалаға көшірілген. 2012 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Мақат ауданының Байшонас және Ескене ауылдары тұрғындарын Атырау қаласына көшіруге және баспана сатып алуға 5,4 млрд теңге бөлінді. Көшіру жұмыстары 2013 жылғы қарашада толық аяқталды  

Аталған ауылдарды инфрақұрылыммен, сумен, газбен, жолмен қамту мұнай-газ өндіру компаниясының мойнында болатын. Кен орындары сарқылып, мұнай өндірісінің көлемі азайып кеткен соң және экологиялық ахуал нашарлады деген себеппен ауылдарды көшіру туралы шешім қабылданды.

Ал Ескене станциясының тағдыры кейін де белгісіз боп қалды.

Мақат ауданы әкімі боп тұрған Жұмабай Қарағаев 2019 жылы «Ақ Жайық» басылымына берген жауабында тұрғындардың қалаға көшіру талабын бюджет көтере алмайды деп айтқан. Сондай-ақ ол ескенеліктерді Мақат ауданы мен аудан орталығы — Доссор ауылына көшіруді ұсынғанын, бірақ олар бас тартқанын алға тартты.  

Атырау облысының сол кездегі әкімі Махамбет Досмұхамбетов те 2021 жылы Қарағаевтың сөзін қайталады. Ол да Ескене станциясын қалаға көшіру бюджетке ауыр болады және елді мекен санитарлы қорғау аймағына кірмегендіктен, көшірілмейді деген. Ал 2023 жылы облыс әкімі Серік Шапкенов халықпен кездесуде Ескене станциясы мен Таскескен разьезінің тұрғындары көшіріледі деп уәде берген. Содан бері үш жыл өтті. 

Ескенеліктер алғашқыда ауыл көшіріледі деген әңгіме шыққанда елді мекенде жаппай құрылыс басталып, өздеріне бейтаныс адамдар осы мекеннен жер алып, үй тұрғызып алғанын айтады. «Бұлар Ескенеде тұрмаған, үйлерді де өтірік салып қойған. Тұрғызғанымен, шатыры жабылмаған не терезе салмаған, бір қабырғасы сөгілген. Бірақ үй құжатын алған», — дейді станция тұрғындары.

Тағы бір тұрғын Нұржамал Хасанованың айтуынша, Ескенеде бұрыннан тұратын 56 отбасы бар. Соның тең жартысы қыста кетіп, жазда қайтып келеді. Ал кейін салынған үйлерде бұрыннан ешкім тұрмайды. 

— Біздің байқауымызша, станцияда үй нөмірлері бойынша шамамен 180 үй бар. Бірақ олардың бәрі бірдей тұрақты тұрғындар емес. Көшіру туралы әңгіме шыққан кезде кейбір адамдар жан-жақтан келіп, үй салып алған. Олардың мақсаты — ертең ауылды көшіретін болса, Атыраудан үй алу деп ойлаймын. Өйткені өздері бұл жерде тұрмайды. Қазір де үйлері бос тұр. Үй салып, құжаттарын рәсімдеп алған.  Ол үйлерге су да, жарық та қосылмаған. Ал газ әуелден атымен  жоқ қой, — деп күрсінді Ескене тұрғыны.

Бірақ жергілікті әкімдік кейін көшіп келгендер туралы әзірге пікір берген жоқ. Тек ауылда 108 үй ресми тіркелген деп хабарлады.

Нұржамал Хасанова ауылдан бес шақырым жерде газ өңдеу зауыты салынып жатқалы елді мекен ішінде шаң-тозаң көбейгенін тілге тиек етеді., Ауылға маңайдағы Қарабатан зауытынан да жағымсыз иіс келетінін айтады.

— Иістің күшті болғаны соншалық, тыныс алу қиынға соғады. Мұндай жағдай үнемі қайталанып тұрады. Әсіресе зиянды заттар ауаға шыққан күндері және жел зауыт жақтан соққанда иіс күшейеді. Соның салдарынан тұрғындардың денсаулығына алаңдаймыз. Ауылда аллергиясы бар адамдар көп, — деді Хасанова. 


ЕСКЕНЕНІҢ КӨШІН КІМ КӨТЕРЕДІ?

Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Ербол Жұмабай журналистерге берген жауабында  Ескене ауылын көшіру жоспарда бар дейді. Аппарат басшысының сөзінше, қазіргі уақытта тұрғындарды қайда және қашан көшіру, сондай-ақ қай бюджеттен көшіру жүзеге асырылатыны заң тұрғысынан қаралып жатыр. Одан бөлек, Ескене тұрғындарын көшіруге демеушілік көрсету үшін QazaqGaz ұлттық компаниясы басқармасына және North Caspian Operating Company N.V компаниясына ұсыныстар берілген.

— Мақат ауданы әкімдігі тарапынан жұмыс тобы құрылып, елді мекен тұрғындарының тізімі жасалып, тұрғын үй құжаттарының көшірмелері алынды, тұрғындардың саны, әлеуметтік жағдайы зерделенді, халықтың пікірін тыңдау мақсатында кездесу жиындары өткізілді, хаттамалар жасақталып, облыс әкімдігіне ұсынылды, — дейді аппарат басшысы Ербол Жұмабай.

Оның сөзінше, Ескене станциясының тұрғындары көшірілетін болғандықтан, газбен немесе орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жоспарланбаған. «Сондай-ақ, онда халық санының аз болуына байланысты инфрақұрылым құрылыстарын жүргізу және әлеуметтік нысандар салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз» дейді аппарат басшысы.

Ал ауылдағы шаң-тозаң мен ауа сапасына қатысты шағым бойынша аппарат басшысы жауапты компанияларға құрылыс жұмыстары кезінде жүк көліктерінің қозғалысын реттеп, жолдарда шаң көтерілмес үшін су шашып отыруға тапсырмалар берілді деп жауап берді. Одан бөлек,  Ескене елді мекенінің айналасындағы ірі кәсіпорындардың құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін ауа сапасына әсері бойынша экология департаменті тиісті қорытындылар алады деп хабарлады.

«ЕСКЕНЕНІҢ АУАСЫН ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ»

Атырау қаласында тұрып жатқан Ұлмекен Тұрланованың анасы мен апасы Ескенеде тұрады. Ұлмекен осыдан екі жыл бұрын ауырып қайтқан әкесінің денсаулығына нашар экологияның зардабы тиген деп есептейді. 

–— Ауырды, денсаулығына экология әсер етті ғой. Апам да бірінші топ мүгедегі. Оның науқастығын да осы экологиядан көреміз, — дейді Ұлмекен.

Алайда оның қолында мұны растайтын ешбір құжат не экологиялық-медициналық зерттеу қорытындысы жоқ.

– Ешқандай құжат жоқ, бірақ жақында мен е-Otinish арқылы экология министрлігіне өтініш жазғанда, оны «Қазгидрометке» жолдады. Маған «Қазгидрометтен» хабарласты. «Біздер Ескенеге ауа сапасын тұрақты бақылайтын мониторинг станциясын орнатқымыз келеді. Бірақ біздерге рұқсат бермей тұр» деді. «Cізге кім рұқсат бермей тұр?»  деп сұрағанымда, «экология департаменті, әкімдіктен ғой» деп қалды», – дейді Ұлмекен.

Тұрғындар Ескенеге ауа сапасын тұрақты бақылау үшін арнайы мониторинг бекетін орнатуды бұрыннан сұрап жүр. Ұлмекеннің «оны орнатуға рұқсат бермей отыр» деген сөзіне байланысты біз «Қазгидрометтің» Атырау облыстық филиалының директоры Салауат Төленовке хабарластық. Ол ауылды шаң басуына байланысты ауа сапасын тексеру туралы арыз түскенін растап, осы арыз негізінде қазан айында ауа сынамасы алынып, ауадан ластаушы заттар табылмағанын хабарлады. Ал мониторинг бекетін орнатуға рұқсат жоқ деген сөзді айтпағанын, тұрғындармен кездеспегенін мәлімдеді.  

Ал Атырау облыстық экология департаменті мұндай мониторинг станцияларын орнатуға рұқсат беру-бермеу туралы қандай да бір шешім қабылданбағанын және бұл мәселе департаменттің құзыретіне жатпайтынын айтады. 

— Мониторинг станцияларын орнату үшін тиісті жер телімі бөлініп, бұл мәселе жергілікті атқарушы орган – әкімдікпен келісіліп шешілуі қажет. Сондай-ақ, станцияларды орнату орындары қажетті инженерлік инфрақұрылыммен, атап айтқанда электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігін ескере отырып айқындалуға тиіс, — деді департаменттің баспасөз хатшысы Эльнара Оралова.

Таскескен разъезінде тұратын 66 жастағы Зияда Жалғасованың айтуынша, бұрын мұнда 11 отбасы тұрса, қазір екеуі ғана қалған. Екі үйде де зейнеткерлер тұрады. Тұрғындардың көбі балалары мен немерелерін оқыту үшін қалаға көшуге мәжбүр болған.

— Көбі қалаға кетті. Үйлері әлі тұр. Отынымыз жоқ. Былтыр көмір берген еді, биыл бермеді. Таскескен мен Ескененің арасы шамамен 12 шақырым. Біз «Болашақ» зауытына ең жақын орналасқанбыз, арақашықтығы — 6 шақырым. – дейді Зияда Жалғасова.

Зияда ауылдағы ауа сапасына да шағымданды. Оның айтуынша, елді мекенде жағымсыз иіс жиі байқалады.

— Газ жіберген кезде бізді ұйықтатпайды. 

– Бұл иіс күн сайын шыға ма?

— Жоқ, екі күнде бір шығып тұрады. Тұншықтырады. 

Зейнеткердің сөзінше, қар жауып, жаңбыр жауса, елді мекенге қатынау қиындайды.

— Қар немесе жаңбыр жауса болды, бізде қатынас болмай қалады, — дейді ол.

 «КҮКІРТСУТЕК КӨБЕЙМЕСЕ АЗАЙМАЙДЫ»

Атырау облысынан сайланған қазіргі Құрылтай депутаты Арман Хайруллин 2017-2018 жылдары Қарабатан стансасындағы тұрғындардың шақыруы бойынша жергілікті белсенді Таңат Нұрымовпен бірге газоанализатормен ауаны тексерген. Сонда күкіртсутектің өз шегінен 10 есе асқанын байқағанын айтады. Оның пікірінше, содан бері ауаға тарайтын шекті рұқсат етілген шығарындылар мөлшері көбеймесе, азаюы мүмкін емес. Ол Қарабатандағы кен орны қазір толыққанды өнеркәсіптік игеру кезеңіне көшті дейді. Хайруллин осыдан екі-үш жыл бұрын да қаланы сасық иіс жайлаған кезде сол кездегі облыс әкімі құрған арнайы комиссиямен бірге ластаушы көздер болуы мүмкін жерлерді аралаған. Осы кезде NCOC-тың «Болашақ» зауытының сарқынды сулары мен өндірістік қалдықтары төгілетін булану алаңынан өте қатты сасық иіс шығып тұрды деп еске алады Хайруллин.

— Бұларда [NCOC-те] «пруд-отстойник» деген бар ғой, яғни булану алаңы. Мұнаймен бірге күкірт шығады, сосын оны айдау үшін метанол қолданылады. Сол сулардың бәрін, яғни ілеспе суларды түгелдей сол жерге төгеді.

Оның қасында тұру мүмкін емес. Біз сонда ең өткір иіс дәл сол жерде деп тіркеп жаздық. Иісі қышқыл әрі өткір. Экологтар оны «Лагуна смерти» деп атайды.

122,5 гектар жерді алып жатқан осы булану алаңы NCOC-тың, Қашағанның барлық қалдығынан шыққан лас заттарды ауаға таратады.

Әрине, ол жерде тұру түгілі, жалпы сол жерге барып-келудің өзі мүмкін емес. Сондықтан ол жердің тұрғындарын міндетті түрде көшіру керек, — дейді Құрылтай депутаты.

Еске салсақ, 2021 жылы NCOC компаниясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде 2019-2021 жылдары Атырау қаласы мен Қарабатандағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы маңында жүргізілген атмосфералық ауа сапасын зерттеу нәтижелері таныстырылды. Зерттеу барысында күкіртсутек, ұшпа органикалық қосылыстар, азот оксидтері, күкірт диоксиді мен көміртек оксидінің мөлшері тексерілген. Нәтижесінде Атырау мен Батыс Ескенеде тіркелген күкіртсутек мөлшерінің нормадан асу жағдайларының 92 пайызы Атырау қаласына, шамамен 8 пайызы өндірістік аймаққа тиесілі екені айтылды. NCOC компаниясының еңбек қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры Нұраш Ажғалиев зерттеу нәтижелері «Болашақ» зауыты іске қосылғаннан кейін қалада ластаушы заттар концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерден асу жағдайлары көбеймегенін көрсетті деп мәлімдеді. Сондай-ақ компания өндірістің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін ағынды суларды тазарту қондырғысын іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

ҚОРҒАУ АЙМАҒЫ ЖӘНЕ АЙЫППҰЛДАР

2022 жылы «Болашақ» мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметіне жүргізілген бақылау нәтижесінде NCOC компаниясына 2 триллион 356 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл айыппұл белгіленген лимиттен 1 млн тоннадан астам күкірт сақтау көлемін асырып жібергені үшін және сарқынды суды тазартусыз ағызғаны үшін, одан бөлек, күкіртті газ бен күкіртсутектің нормативтен тыс шығарындылары, ластаушы заттардың нормативтен тыс эмиссиялары мен төгінділері, сондай-ақ басқа да заңсыздықтар үшін салынған.

Облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтың сөзінше, одан бөлек, GPC Investment ЖШС-ға кәсіпорын айналасына тал екпегені үшін биыл 648 мың теңге айыппұл салынған.

GPC Investment ЖШС директоры Мақсат Ғалиев Ескенеде құрылыс жұмыстарының қоршаған ортаға тигізер әсерін азайтуға ерекше көңіл бөліп жатқанын айтты. Бұған қоса шаңды басу үшін күн сайын құрылыс алаңында жəне кірме жолдарда су себетін-жуатын арнайы техниканы пайдаланып отырмыз деді. Ғалиев зауыттың санитариялық-қорғау аймағының көлемі мен тұрғын үйлерге дейінгі қашықтығына қатысты тоқталып, «газды кешенді дайындау қондырғысы (ГКДҚ) үшін радиусы 3 300 метр болатын санитариялық-қорғау аймағының (СҚА) жобасы әзірленген»,  — деді.

Сондай-ақ, Ғалиевтың сөзінше, жобалық құжаттама аясында құрылыс жұмыстарының атмосфералық ауаға жəне акустикалық жағдайға əсерін бағалау жүргізілген. «Жүргізілген есептеулерге сəйкес, Ескене тұрғын аймағындағы ластаушы заттардың концентрациялары мен шу деңгейлері белгіленген нормативтерден аспайды», — дейді.   

NCOC мен Eskene LPG компаниялары біз жолдаған сұрақтарға әзірге жауап бермеді.

24 қыркүйекте қала әкімінің қаулысымен Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа санитариялық-қорғау аймағы бекітілді. Бұл аймаққа шамамен 80 үйдің кіргені белгілі. Тұрғындарды көшіру 2027 жылға жоспарланып отыр.

Аймақты бекіту жұмысын «Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығының» мамандары жүргізген. Орталық қызметкері Ерболсын Дүсіповтың сөзінше, 2011-2015 жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бұл кезде зауыттың сыртқы қоршауы кеңейтілмеген, алайда оның ішіндегі өндірістік нысандар көбейіп, тұрғын үйлерге қарай жақындай түскен.

Соның нәтижесінде бұрын белгіленген санитариялық-қорғау аймағын қайта қарау қажет екені туындаған.

Ғылыми-зерттеу орталығы мамандары 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы қаңтарға дейін тиісті зерттеу және мониторинг жұмыстарын жүргізіп, кейбір тұрғын үйлердің санитариялық-қорғаныш аймағына кіретіні анықталған.

ЕСКЕНЕГЕ ЕҢ ЖАҚЫН ЗАУЫТ ТА I САНАТТА

Ерболсын Дүсіповтың айтуынша, санитариялық-қорғау аймағы кәсіпорындардың қауіп санатына байланысты белгіленеді. Кәсіпорындар бес санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа қоршаған ортаға әсері жоғары мұнай өндіру, мұнай өңдеу және басқа да ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жатқызылуы мүмкін.

Бірінші қауіптілік санатына жататын кәсіпорындардың санитариялық-қорғау аймағының нормативтік қашықтығы — 1000 метр, яғни бір шақырым және одан жоғары. 

Жақында Ескене ауылының тұрғындары облыстық экология департаментіне де көшіру туралы талабы мен ауаға қатысты шағымына байланысы өтініш жазған. Олар елді мекен Қарабатан өндірістік аймағына жақын орналасуына байланысты басқа жерге көшіру, тұрғын үй немесе өтемақы беру тәртібін айқындау туралы сұраған. Сонымен қатар, өтініште Ескене ауылы мен Қарабатан өндірістік аймағының экологиялық жағдайына тәуелсіз зерттеу және мониторинг жүргізуді өтінген.

Департамент осы өтініш бойынша шара қабылдауға уәкілетті құзырлы органдарға хат жолдаған.

Ал сұйылтылған мұнай газын бөлу зауытын салып жатқан Eskene LPG-ға  экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылғы 4 қыркүйекте қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды берген. Құжатқа сәйкес, компания I санатқа жатқызылған. Экология кодексіне сай, қоршаған ортаға елеулі теріс әсер ететін ірі өндірістік кәсіпорындар осы санатқа кіреді.

Айнұр САПАРОВА


Бүгін, 13:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.