Экологиялық және әлеуметтік проблемаларына байланысты қоныс аударған Мақат ауданының Комсомол, Бек Бике, Қошқар ауылдары көшінің соңы айқай-шуға ұласты. Көшірілген ауылдардың бірі Қошқар кентінің 11 отбасы мына қақаған қыста баспанасыз тентіреп жүр. Облыстық әкімдіктегілер олардың шынымен үйсіз жүргеніне күмәнмен қарайды.
Басында « Біздің Қошқар ауылындағы үйлерімізді бұзып тастады, бірақ көшіруге тиістілердің тізімінде тұрсақ та, сендер тұрмайсыңдар деп баспанасыз қалдық» деп редакция есігін қаққан он шақты адамды көріп таң қалғанымыз рас. Өйткені, онсыз да бірнеше жылға созылған көші-қон эпопеясының соңғы нүктесі қойылған болар деп ойлаған едік. Сөйтсек олай емес екен.
Еске сала кетсек, сонау 40-шы жылдардың басында Мақат ауданындағы «Ембімұнайгаз» мұнайшыларының вахталық поселкелері ретінде бой көтерген Қошқар, Комсомол, Бек Бике ауылдарының әлеуметтік ахуалының нашарлығы себепті көшірілетіндігі жайлы әңгіме бірнеше жылға созылып, ақыры былтыр жүзеге асырылған болатын. Оның өзінде комсомолдықтар көшуге құлықсыздық танытып, тек газ жетсе тұра беруге дайын екендіктерін де айтқан еді. Тіпті олар Мақат ауданының Комсомол ауылында газ жүргізуге 2006 жылы бөлінген 134 млн 750 мың теңгенің қайда кеткенін білмек болып өздерінше талпынған.Сөйтіп 2007 жылы май айында президентке де шағымданған еді. Бірақ одан шыққан нәтиже болған жоқ. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал Комсомолдықтар өздерінің басқа тағдырлас ауылдастары Қошқар мен Бек Бике тұрғындары тәрізді Махамбет ауданы мен Атыраудан тұрақ тапты. Бірақ әңгіме мұнымен аяқтала қойған жоқ. Үдере көшкен үш ауылдан 11 отбасы елсізде үйсіз-күйсіз қалыпты.
ЖҰРТТА ҚАЛҒАН 11 ҮЙ
Солардың бірі Дастан ҚОЙБАҚОВ. Ол Қошқар ауылының тумасы. Өзінің айтуынша осы жерде өсіп-өнген, отбасын құрған. 2004 жылы осы ауыл маңындағы Сағыз кеніші жабылып, өзі қысқаруға іліккенше мұнайшы болып істеген. Кейінен жұмыс табылмай, түрлі жалдамалы шаруаларды нан-пұл қылғанын айтады. Ал 2007 жылдан бастап аудан орталығы Мақатта, үй жалдап тірлік қамын қамдауға мәжбүр болған. Өйткені, отбасын асырауы керек, ауылда екі қолға жұмыс табу қиын.Қошқарлықтарға үй бөлу кезінде оның қолына 2010 жылдың 16 маусымында берілген №27 «Тұрғын үйге меншік құқығын тапсыру туралы үш жақты келісім шарт» та тиіп, Алмагүл ықшамауданына бөлінген пәтердің нөмірі де көрсетіліпті. Бірақ артынша Атырау қалалық тұрмыстық коммуналдық-шаурашылық бөліміндегілер «сен бұнда тұрмайсың» деп оны кері қайтарып алған. Бұның бәрін Дастанның қолындағы құжаттары растайды.
- Ауылдан жұмыс іздеп кетіп бара жатып Қошқар ауыл әкімі Есенжан ЖҰМАҒАЛИЕВКЕ ескерткен едім. Басқа жерден үйлі болып, тіркеліп жатқан ештемем жоқ. Бізге үй беріледі деді. Ал үй беріліп жатқан күні «сендер тұрмайсыңдар» деп шықты. Баспанамызды бұзып тастапты. Ал үстінен түскен бір-екі адам үй берілмейтін болған соң бұздырмай алып қалған. Менің 10-15 жыл бұрын кетіп қалған ештеңем жоқ. Далада жүрмін қаңғып,- дейді Дастан Қойбақов.
Кейінен оның бірнеше мәрте жазған арызына қала әкімі орынбасары Ә.Нұрлығожиев ол Қошқар ауылында көптен тұрмағанын көлденең тартып, пәтер бөлу мәселесін алдағы комиссия анықтайтынын айтқан.
Байырғы мұнайшы, алтын алқа иесі 11 баланың анасы Сұлу ҚОЖБАНОВА да тапа-тал түсте үйсіз қалғанына шағымданады.Қарияның тұрағы Қошқарда болғанымен, балалары өз алдына үйлі-баранды болып кеткен екен. Олар қолына шақырғанымен қара шаңырағын қимаған кейуана ара-арасында балаларына қолғабысын тигізуге кетіп қалатын көрінеді.
Кейінен Қошқар ауылын тұрғындарына пәтер бөлу мәселесімен келген комиссия Сұлу Қожбанованы да тұрмайтындардың санатына қосып, мүлде тізімге іліктірмепті. Қария өзінің Қошқарда тұратынын Мақат аудандық соты көмегімен дәлдегенін айтады.
-Мақат соты үйдің барлығын растап берді. Облыс, қала әкімдіктеріне арыздансам «күт» дейді, міне былтырғы жылдың маусымынан бастап күтіп жүрмін,-дейді Сұлу Қожбанова.
Тағы бір Алтын алқа иесі Батима ҚАРЖАУБАЕВА да тізімде болғанымен баспанасыз қалғандардың бірі. Ол кісінің үйін Ақтауда үй жалдап, жұмыста жүрген ауру баласына кеткенде бұзып тастаған екен.
-Маған үй бөлген комиссия құрамындағы бұрынғы ЖКХ бастығы Нұрлы Хабиева «Алтын алқаңды айтпай-ақ қой, фактімен алғанда үйіңді тастап басқа жақта жүрсің»деді,- деп көзінің жасын сығымдайды кәрі ана.
6 баланың анасы Майра ИМАНҒАЛИЕВАНЫҢ да Қошқарда ұлы бала-шағасымен және қарындастарымен бірге тұрады. Оларға тиесілі 4 бөлме орнына бір бөлмелік пәтер ұсынған. Алайда бір бөлмеге бір қора жан қалай сыйамыз деген Майра одан бас тартқанын айтады. Ол Қошқар өндірінде оператор болып жұмыс жасайды. Басқа баспанасы болмағандықтан Қошқарда қалған үйінділердің арасында тіршілік кешге мәжбүр.
- Мен үйімізді бұздырмай алып қалған едім. Әсия ҚАЗИЕВА үй ала алмаған соң осында тұрып жатыр. Мұнда бүгінде тұруға мүмкіндік жоқ болса да, басқа паналайтын жеріміз жоқ. Жарықты ауылды көшірген соң үзіп тастаған, су бұрыннан жоқ, аңыраған суық үйде, тас қараңғыда отырмыз. Қошқардың басында 78 үй бар еді. Пәтер алуға келгенде 11 үй жоқ болып кетті,-дейді ол.
Жоғарыда аты аталғандардан бөлек үйсіз қалғандар қатарында Рахметолла РЫСМАҒАМБЕТОВ, Қарлығаш КӨШЕКБАЕВА, Кеңес ӘБІЛҒАЗИЕВ, Дәурен ШОЛТАУОВ, Мұратбек СЕРІКБАЕВ, Айгүл, Гүләйім ҚАЙЫРЛИЕВАЛАР бар. Шағымданушылар көрсеткен құжатта олардың әрқайсысы пәтерге мұқтаждар тізіміне тіркелген.Ең бастысы бұрынғы аудан әкімі Сырым Рысқалиевтың 2010 жылдың 1 науырызында «Ембімұнайгаз» ӨФ директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Н.Тухватуллинге жолдаған хатында Қошқар ауылында 496 адам, 78 үй, 102 отбасы тұратындығы көрсетілген. Сондай-ақ осы Мақат ауданы әкімінің көшірілетін елді мекендер жөніндегі тағы бір мәліметінде Қошқар ауылындағы 57 үйдің Атырау қаласына, 21 үйдің Махамбетке көшірілетіндігі жайлы айтылған екен.
ӘКІМДЕР ЖАУАБЫ
Бір қызығы бұл үйлер тұрмайды деп саналғанымен Қошқар ауылының әкімі Есенжан ЖҰМАҒАЛИЕВ олардың осы жерде тұратындығын растайтын анықтама беріп отырған. АЖ тілшісімен әңгімеде басын алып қашқан Есенжан Жұмағалиев өзінің сүттен ақ екенін көрсетуге тырысып бақты.
- Олардың тізімге ілінбей тұрған ештемесі жоқ. Мен 2009 жылы да, 2010 жылы да берген ауыл тұрғындарының ресми тізімінде олардың барлығын көрсеткем. Оларға пәтер бермей отырған қала әкімдігінен келген комиссия, солардан сұраңыз. Мен ол комиссияның құрамында болғаным жоқ,-деді ол.
Бұл мәселемен тікелей айналысқан қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВКЕ арнайы сөйлесуге барғанымызбен одан ештеңе шықпады. Шенеуніктің уақыты жоқ.
Дегенмен облыс әкімі аппаратының жетекшісі Асқар КЕРІМОВ әңгімелесуден бас тартпады.
-Жалпы бұл мәселе менің тікелей жұмысыма кірмейді. Шешім қабылдаған облыс әкімі болғанымен, көшіруге жауапты Мақат ауданы әкімі, ал қабылдап алуға жауапты Махамбет пен Атырау қаласы әкімдері,-деп ескерткен ол өз ойын былайша жеткізді: «Мендегі мәліметтер бойынша көшпей қалғандар қолдарында құжаты болғанымен, тұрмайтындарына 10-15 жыл болғандар. Олар кезінде үйлерін сатып кетіп қалған. Бүгінде Ақтауда немесе басқа қалаларда тұрып жатыр. Көшіріледі дегенді естіп ойбайлап келіп, қаладан үйлі болғысы келеді».
Яғни оның сөзіне сүйенсек босқа шу жасайтындай себеп жоқ. Бұдан әрі «Мен де болсам сөйтер едім» деген Асқар Керімов АЖ тілшісіне «Сіздің де қолыңызда құжаттар болса журналист ретінде облыс әкіміне сауал жолдауыңызға болады» деп ақыл айтты.
Әйтсе де облыс әкіміне сауал жолдап, одан жауап алудың өзі әжептәуір уақыт алатын процедура. Сондықтан біз облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ 2010 жылдың 26 қарашасында болған Мақат аудандық активтер жиынында сөйлеген сөзін еске алдық. Онда облыс әкімі Қошқар, Космол, Бек Бике ауылдары тұрғындарының аса жайлы үйлерге қоныстанғаны жайлы ерекше мақтанышпен әңгімелеген болатын.
- Мұны жасау оңай болмады. Үлкен шығындар кетті, ең бастысы аса қатал талаптар қойылды. Бүгінде бұл ауылдардың барлық тұрғындары жаңа сәулеті үйлерде тұрады, олар бұрын көрген қиындықтарымен мәңгіге қош айтысты.Бұған ҚазМұнайГаз компаниясы 750 миллион теңге бөлді,-деп мәлімдеген еді Бергей Рысқалиев.
Алайда облыс әкім айтқандай жылы пәтер тұрмақ өздерінің қара лашықтарына зар болып қалған қошқарлықтар қалалық сотқа жүгініп, қала әкімдігінің, қала әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиев пен қалалық тұрмыстық коммуналдық шаруашылық бөлімінінің Атырау қаласынан пәтер бөлуге міндеттеуге және 500 мың көлемінде моральдық өтемақы төлеуді талап еткен. Ақпанның 2-сі күні олардың арзын қараған қалалық сот судьясы Айдарбек Дүйсебалиев талаптарын дәлелдейтін құжаттары толық болмағандықтан негізсіз деп тангып, қанағаттандырыусыз қалдыру туралы шешім шығарыпты. Қошқарлықтар бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтындықтарын айтып отыр. Қалай болса да ел президентін сайлау тәрізді маңызды мәселе қарсаңында мұндай әлеуметтік қайшылықтардың ешкімге пайда әкелмесі анық.
Сәния ТОЙКЕН
Суретті түсірген автор