Атырау, 29 мамыр 19:33
 дождьВ Атырау +14.3
$ 485.55
€ 563.38
₽ 6.81

​Депутаттар Атыраудың өзі қаржыдан тарығып отырғанын мәлімдеді

142 рет қаралды
Депутат Әділ Жұбанов
Депутат Әділ Жұбанов

Мәжіліс депутаттары Атырау облысындағы күрделі бюджеттік жағдайға байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады.

Сауалда бүгінде ел қазынасына қомақты үлес қосып отырған аймақтың өзі қаржыдан тарығып, халық алдындағы қарапайым әлеуметтік міндеттерді орындау қиынға соғып отырғаны айтылады.

"Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылаған кезде-ақ, Атырау облысы кірісінің болжамы қаншалықты дұрыс деген сұрақты бірнеше рет көтергенімді ерекше атап өткім келеді. Ұлттық экономика министрлігі бекіткен көрсеткіштердің орындалуына сол кездің өзінде күмән келтірген едім. Өйткені облыстың кірісін қолдан өсіріп көрсету арқылы аймақ бюджетінен алынатын қаражат көлемі еселеп артып кетті.

Алайда Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері бұл болжамның әбден негізді екеніне депутаттарды сендіріп бақты. Тіпті, іс жүзінде түсетін табыс бұдан да жоғары болатынын нық сеніммен айтқан еді.

Бұл ретте Министрлік ең басты факторларды есепке алмады. Олар: Теңіздегі үлкен жобаның аяқталуы, аймаққа бұрынғыдай жаңа инвестицияның келмеуі, арнайы экономикалық аймақтағы салық жеңілдіктері, салық заңнамасының өзгеруі және Теңіз жобасы бойынша келісімшарттың өзіндік ерекшеліктері.

Осы қате есептің салдары бүгін анық көрініп тұр.

Егер 2025 жылы Атырау облысының бюджетінен 178,1 млрд теңге алынса, 2026 жылы бұл сома бірден 47 пайызға өсіп, 262,4 млрд теңгеге жетті. Сонымен бірге, облысқа берілетін нысаналы трансферттер көлемі 2023 жылғы 71 млрд теңгеден 2026 жылы бар-жоғы 13 млрд теңгеге дейін азайып кетті.

Аймақтағы шынайы жағдай Министрліктің жасаған болжамына мүлдем керісінше болып шықты.

Облыстың 2026 жылға арналған бюджеті 1 трлн 145,5 млрд теңге көлемінде бекітілген еді. Алайда, алғашқы төрт айдың өзінде кіріс жоспары 80 млрд теңгеге орындалмай қалды.

Сәуір айында облыста 28 млрд теңге, ал мамырда 31 млрд теңге ақша жетпей қалды, ал қаржы тапшылығы әлі де өсіп барады. Осының кесірінен аймақта білім, мәдениет, спорт қызметкерлерінің жалақысы мен демалыс ақысын уақытында төлей алмау, жылыту маусымына дайындықты дер кезінде жасай алмау және бұрын басталған инфрақұрылымдық жобаларды тоқтатып алу қаупі туындап отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, тек мүлік салығынан 152,2 млрд теңге, мұнай өнімдерінің акцизінен 94 млрд теңге, жеке табыс салығынан 111,4 млрд теңге, ал корпоративтік табыс салығынан 12,2 млрд теңге ақша бюджетке түспей қалады деп күтілуде.

Министрлік «өседі» деп сенім артқан салық түсімдерінің қарқыны, іс жүзінде алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша бар-жоғы 92,8 пайызды ғана құрады. Яғни, аймақтың кіріс базасы нақты төмендеп жатыр.

Іс жүзінде бүгінгі жағдай мынадай болып тұр: Ұлттық экономика министрлігінің қате болжамдары кесірінен Атырау облысына негізсіз, тым жоғары кіріс жоспары бекітілді. Соның салдарынан аймақтың республикалық бюджетке беретін ақшасы да көбейіп кетті.

Мен бұл жағдайды жай ғана бюджеттік қателік емес, бюджетаралық жоспарлаудағы жүйелі кемшілік деп есептеймін. Бұл қателік қазірдің өзінде еліміздің базалық аймақтарының біріне тікелей әлеуметтік және экономикалық қауіп төндіріп отыр.

Осыған байланысты, құрметті Олжас Абайұлы, Сізден:

Бірінші, Ұлттық экономика министрлігінің Атырау облысы бойынша 2026-2028 жылдарға жасаған кіріс болжамы есебінің қаншалықты негізді екеніне қызметтік және әдістемелік тексеріс жүргізуді;

Екінші, бюджеттің іс жүзіндегі орындалуын ескере отырып, 2026 жылы Атырау облысынан республикалық бюджетке алынатын қаражат көлемін қайта қарауды және қаржылық жағдай тұрақталғанша бұл соманы уақытша азайту жөнінде Парламентке шұғыл түрде ұсыныстар енгізуді;

Үшінші, жалақы төленбей қалу, жылыту маусымында қиындықтардың туындауы және әлеуметтік маңызы бар объектілердің тоқтап қалу қаупін жою үшін Үкіметке аймақтың жетпей қалған кірісін республикалық бюджет есебінен өтеуді тапсыруды;

Төртінші, ірі инвестициялық жобалардың аяқталғанын және нақты макроэкономикалық жағдайды ескермейтін, қолдан өсірілген коэффициенттерді қолдануды тоқтатып, донор аймақтардың салықтық әлеуетін есептеу әдістемесін қайта қарауды сұраймын" - деп жазылған сауалда.

Депутаттық сауалға қол қойған депутаттар А.Жұбанов, Д. Тұрганов, С. Ерубаев.

Бүгін, 16:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.