
Кішкентай егіздерге қатысты жасалды делінген зорлық-зомбылық туралы қылмыстық іс тіркелгеннен кейін екі жарым жылдан астам уақыт өткен соң, тергеу амалдары тағы да қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келді.
Балалардың анасы тергеу жүріп жатқан уақыт ішінде істің осымен жетінші рет қысқартылып отырғанын алға тартады.
Жаңа процессуалдық шешім туралы әйелге тергеуші А.Теміржанова хабарлаған. Хабарламаға сәйкес, 23 мамырда қылмыстық іс ҚР ҚІЖК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармақшасы негізінде — іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылған.
Қаулыны 26 мамырда Атырау облысы прокурорының бірінші орынбасары Е. Қилымжанов бекітті.
Балалардың анасы мұндай шешіммен келіспейді. Бұған дейін ол істің созбалаңға салынуын, тергеудің бірнеше рет тоқтатылуын және мүдделер қақтығысының болуы мүмкіндігін алға тартып, тергеу амалдарын Қазақстан ІІМ-не беруді талап еткен болатын.
Оның айтуынша, ол адвокаттарымен бірге барлық инстанцияларға, соның ішінде ЮНИСЕФ-ке, омбудсменге және Бала құқықтары жөніндегі уәкілге шағым жолдап жатыр.
— Біз тергеудің қайта басталуына және істің Қазақстан ІІМ-не берілуіне қол жеткізуге ниеттіміз, — деп мәлімдеді әйел.
Қылмыстық іс 2023 жылдың 20 қарашасында ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігі — «Жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тіркелген болатын. Ол кезде егіздердің анасы өзінің бұрынғы күйеуінің үстінен арыз түсірген еді.
Материал жарияланған сәтте қабылданған шешімнің себептеріне қатысты құқық қорғау органдарынан мәлімет алу мүмкін болмады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +14.3