Атырау, 23 желтоқсан 00:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

​Атырауда Жилгородоктың көшесінде қайта жаңарту жұмыстары басталды

Сурет
3 530 рет қаралды

Атырауда Әуезов көшесін қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес, көлік жүретін бөлігі кеңейтіліп, жаңа бағдаршам орнатылады.

Сәуір айының соңында жұмысшылар Азаттық даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында 20 жыл тұрған «Молекула» композициясын демонтаждауды бастады. Қазір бұл нысан алынып, орны асфальт төсеуге дайын тұр. Алайда бетон қоршауы әлі алынған жоқ.

Бұрынғы «Молекуладан» АМӨЗ-ге дейінгі жол жабық. Жұмысшылар асфальт төсенішін алып тастап, тротуардағы төсемтастарды жинап алуға кірісті.

«Молекуладан» Құрманғазы Мәдениет үйіне дейінгі жол әзірге ашық. Мұнда да жұмысшылар төсемтастар мен жол белгілерін алып тастап жатыр. Сондай-ақ, бұған дейін арнайы техниканың көмегімен жол жиегінде өсіп тұрған көпжылдық ағаштарды басқа жерге көшіру жұмыстары басталған болатын, бірақ  көпшіліктің наразылығынан кейін олар тоқтатылды. 

Қазір ағаштардың жанына белгі қойылды. Қайта жаңарту жұмыстары кезінде жасыл желектер орнында қалуы да мүмкін болар. Алайда, кейбір жерлерде белгі ағаштың артында орналасқан.

- Әрине, біз ағаштарды басқа жерге көшіруге, кесіп тастауға  қарсымыз. Біздің аудан қаладағы ең жасыл әрі таза жер. Жасыл желек бізді түрлі газ бен иістен қорғайды. Жақын жерде АМӨЗ бар, ал ағаштар – бізге қолшатыр іспетті, - дейді 69 жастағы қала тұрғыны Әния.

Айта кету керек, арнайы техниканың көмегімен ағаштарды тамырымен қазып алып, басқа жерге отырғызу Атырау үшін жаңалық емес. 2018 жылы Авангард ықшамауданындағы Владимирский көшесін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу кезінде талдарды тамырымен қазып алып, Әлиев көшесіне қайта отырғызған еді, онысы сәтсіз аяқталды.

Өкінішке орай, «АЖ» қала әкімдігінен Әуезов көшесіндегі қайта жаңарту жұмыстары туралы толыққанды ақпарат ала алмады. Бізге тек Әуезов көшесінің 2,8 шақырымы қайта жөнделіп, «Молекуланың» орнында бағдаршам орнатылатынын айтты. Бірақ біз бұл туралы бұрыннан да хабардар едік

Әкімдікте «Құрманғазы» Мәдениет үйіне дейінгі жол қашан жабылатыны, бұл жұмыстарға бюджеттің қанша қаражаты бөлінгені және қандай мерзімге есептелгені туралы жауап берілген жоқ. Бұл не құпия?

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

14 мамыр 2021, 10:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.