Атырау, 24 қараша 03:27
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Индердің байлығы: «Шолан» тұзды көлі

Сурет
6 910 просмотра

Индер ауданында Тұздыкөлден бөлек екінің бірі біле бермейтін тағы бір тұзды көл бар. Ол Шолан көл деп аталады.

Ол Өрлік ауылынан батысқа қарай Нарын құмының шығыс жақ бөлігінде орналасқан. Шежірелік деректерде Нарынның етегіндегі ел руға бөлініп қоныстанғанда себектер Туманы, қаратоқайлар Мәмбетті, құлкештер Қаңбақтыны, жайықтар осы Шолан тауы мен Толыбай маңын қыс қыстап, жаз жайлаған деседі. Сол Шолан тауының етегінде олар тұзды көл тапқан. Оның тұзымен сол жердің тұрғындары ас тұздаса, қара тұзымен қой ауруымен ауырған балаларды шомылдырып, емдік мақсатта пайдаланған. Бұл тұзды көлдің аумағы 3000х700 метр.

Дегенмен бұл тұзды көлдің қасиетін ғалымдар толық зерттеп болған жоқ. Енді ғана назар аударылуда.

Аудан орталығының тұрғыны, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Хасан ҚАМАШЕВ:

- Аудан көлемінде екі тұзды көл бар, бірі Индербор кентінен 30 шақырым жерде орналасқан Тұздыкөл. Оның суы мен балшығын денсаулығына пайдалану үшін жыл сайын жан-жақтан жүздеген адам келеді. Тағы бір тұзды Шолан көлі бар, оның құрамы басқа. Бірақ, ол да денсаулыққа пайдалы, әсіресе денедегі жараға ем. Бұрын жаралы киіктер осы көлде аяғын батырып тұрады екен.

Тұзды көлдің «Шолантау» аталуының да өзіндік ерекшелігі бар екен. Қырда отырған қазақтар шоланды (қазір сарай дейді) пайдаланған, тұзды соған сақтаған деседі. Содан «шолантұз» болған, ал жоталары «Шолантау» аталып кеткен. Енді бір дерек бойынша, Байбақтының Сасай бөлімінің старшыны Сырым батырдың атасы атақты Шолан батыр сол өңірде қоныстанған. Сондықтан сол жер батырдың есіміне орай аталған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет әлеуметтік желіден алынды  

22 наурыз 2021, 01:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.