Мен Индербор аудан орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан Тұздыкөл туралы көп естіген едім. Әлеуметтік желілердің бірінде сол жаққа экскурсия болатыны туралы жарияланымға тап болып, еш ойланбастан жазылдым. Бұл жерде екі нәрсе қызықтырды: біріншіден, Тұздыкөлдің аса тұзды суының емдік қасиеттері туралы негізсіз емес әңгімелер, екіншіден, осы жердің табиғи сұлулығына қатысты әңгімелер.
ҚАЛАМҚАСТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Индерборға дейін «Газельмен» екі жарым сағатта жеттік. Сол жерде түстену үшін тоқтап, қайтадан жолға шықтық. Алдымен көлдің солтүстігіндегі «Қыз әулие» бейітіне баруды ұйғардық. Қаламқас есімді қыздың бейіті туралы көптеген аңыздар бар, ең әсерлі әрі қайғылы аңыздардың бірі: көзі тірісінде ол көріпкел, талай адамдардың дертіне дауа тауып, сырқаттарынан айықтырып, емдеген екен. Бірақ бір көрікті жас жігітті жауапсыз құлай сүйген өз жүрегін емдей алмапты. Қаламқастың аққан көз жасыннан Тұздыкөл деп аталатын көл пайда болған деседі.
Көл жанынан бұлақтар ағып жатыр, олар жыл бойына қар жататын үңгірлерден бастау алады екен. Бірақ «Қыз әулие» бейітінің жанында орналасқан бұлақ ерекше танымал. Дәл осы жерде бала көтере алмаған әйелдер бала сұрап, дұға етеді.
Әрі қарай көлге дейінгі соқпалы жол бар, «Газель» ойдым-ойдым шұқырлы жерлерден біресе оңға, біресе солға қарай бұралаңдап жүріп келеді. Жолдың екі жағында төбешіктер мен айналасында жұмыртастар шашылған тайыз шұңқырлар созылып жатыр. Төбешіктер арасынан сарғылт түсті КамАЗ-дар көрініп, ұзын-шұбақ шаңдатып із қалдырып кетеді. Сөйтсек олар Индербордан гипсокартон өндірісі үшін гипс тасымалдайды екен.
Сайын дала қосаяқтардың ініне толы. Олар бізді байқаған бойда зып етіп, індеріне сүңгіп кетеді.
КӨКЖИЕК ЖОҒАЛҒАН ЖЕР
Жиырма минуттан кейін алдымыздан көкшіл жіңішке жолақ пайда болды. Таңқаларлық әрі керемет көрініс еді: жер мен көкті ажыратуға тырысқаныңмен көкжиек сызығын таба алмай қаласың, ол құдды ғайып болғандай. Көл айналасында жазылған төбешіктер көкшіл нәрестенің ұйқысын қорғап, оны арқасына жасырғандай әсер қалдырады. Шөптерді нәзік тербеткен самал жел бесік жырын айтып жатқандай.
Төменге қарай түсіп, бірден арқа қоржынымызды, сырт киімдеріміз бен жолдағы қиындықтарымызды сілкіп тастадық.
Құм мен тұздың қоспасынан тұратын жағажай төсемі жұмсақ болғанымен, суға жақындаған сайын сыртқы түрі попкорнға ұқсайтын шағын тұзды шорларға ауысты. Суға жету үшін, баяу жүруге тура келді, себебі қадам басқан сайын бүршіктер табаныңа батып, ауыртады. Бірақ тұзды су тиген көзімді жуу үшін тұщы су керек болғанда, осы бүршіктердің үстінен басып, арқа қоржыныма қалай ұшып жеткенімді байқамай қалдым.
Айтпақшы, су шалпылдатып жүрген балақайлардың ата-аналарының, шамасы, тәжірибелері бар болуы керек, күн күйген сәбилердің көзіне жүзуге арналған көзілдірік кигізіп қойыпты. Егер қатты дауыстап жылаған баланың үні естілсе ащы су тамшысы көзіне кіріп кетті деген сөз.
Дегенмен, ащы су көзді ғана ашытпады. Тіпті, ұсақ сызаттар да ісініп, қызарып кетті (бір қызығы, үйге келген кезде сызаттардың ізі де қалмапты).
Көлдің көкшіл-мөлдір суынан нығыздалған аппақ тұздың теп-тегіс түбі көрініп тұрды. Сүңгіп кеткің-ақ келеді, бірақ бұл жердің тереңдігі жарты метрден аспайды. Алайда бұл теңіз жұлдызы сияқты су түбіне бойлауыма кедергі келтірмеді. Жылы, жұмсақ су денемді баурап алды...
Жағалау бойында бір-бірінен бірнеше метр қашықтықта емдік балшығы бар шағын шұңқырлар көрінеді. Жанында тік күректің темір науасы жатыр, онымен демалушылар осындай шұңқырлар жасайды екен. Жағалауда емдік қара балшықты тұла бойларына тұтас жағып алған адамдар жүр.
БІЗГЕ ТҮРІК ЖАҒАЛАУЫ ҚАЖЕТ ЕМЕС
Біздің экскурсиялық топ тұзды ванна қабылдап жатқанда, құрбымыз екеуміз бірнеше тамаша фотосуретке түсіп алдық. Фотоаппараттан қараған кезде өз жеріміздің табиғаты екенін көзіміз сенбеді. Тек пальмамыз жоқ демесе, танымал шоколадқа арнап жарнама түсіретін жерге көбірек ұқсайды.
Кері жиналатын уақыт келгенде құрбым мені судан әзер шығарып алды. Онда да бірден емес. Жағаға шыққаннан кейін бірер минуттан соң, терімдегі су буланып ұшып, денемде жалтыраған ақтаңдақ тұз іздері қалды. Тура ертегідей көрінеді! Бірақ құрғақ киімімді киген кезде, қолайсыздық сезіндім. Тұз кристаллдары матаға тиіп, денемді түйреп, қозғалуыма кедергі келтірді. Дереу ваннаға барып, душқа түскім келді. Бір-біріне тұщы су құйып жуынған жандарға қалай қызыға қарағанымды білсеңіздер. Біз алып шыққан су тек беті-қолымызды шаюға ғана жетті. Енді қайтеміз, үйге жеткенше шыдаймыз ғой. Бірақ бұл осыған тұрарлық еді!
ЖАБЫРҚАТАР ЖАЙТТАР ТУРАЛЫ
Тұзды көлге түсіп, балшық ваннасын қабылдау үшін бұл жерге Қазақстанның түкпір түкпірінен ғана емес, басқа елдерден де көп келеді. Алайда адамдар тұзды көл суы мен жағалау балшығының қандай сырқаттарға ем болатынын, қандай жағдайда қарсы көрсетілімдері бар екенін әлі дұрыс білмейді. Медиктер Тұздыкөлде шомылу буын ауруларына жақсы көмектеседі деп азды-көпті сеніммен айтады. Кей мамандар ревматизм, остеохондроз, полиартрит, тері аурулары, асқазан асты безі ауруларына мың да бір ем деп, аурулар тізімін кеңейтеді. Бірақ жоғары қан қысымы бар жандарға, инсульт, инфаркт ауруларына ұшырағандарға, бүйрек және бауыр ауруларына шалдыққандарға ескерту жасайды. Алайда әлі күнге дейін ғылыми зерттеулер жүргізіле қойған жоқ, бұл таңқаларлық нәрсе, өйткені Тұздыкөлдің бүкіл Қазақстандағы даңқы көп жылдан бері мәлім.
Екінші, таңқаларлық нәрсе: бұл жерде ешқандай инфрақұрылым жоқ, жағалауда жетімсіреген қоқыс жәшігі ғана бар. Адамдар өздерімен әкеле алатын заттарын ғана әкеледі. Ал бұл жерден сервистік кешен ашып, табыс табуға болады ғой. Бірнеше жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлердің бірі осы жерден жалға жер телімін алып, шатырлар тігіп, автоцистерналармен тұщы су жеткізуді жолға қойып, электр генераторын орнатып, тамақ дайындайтын жерді жабдықтаған екен. Бірақ оның бизнесі жүрмепті.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор