Атырау, 21 желтоқсан 17:52
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарына қатысты сот қайта басталды

3 066 просмотра

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бастығы Тимур БАСАРОВҚА қатысты сот отырысы қайта басталды.

Жалпы сот ісі өткен жылдың желтоқсан айының соңында басталған еді. Бірақ алдын ала тыңдау барысында судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА тергеу кезінде процессуалдық қателіктер жіберілді деп санап, қылмыстық істі прокуратураға қайтарып берген еді.

Прокуратура бұл шешіммен келіспей, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасына апелляциялық шағым түсірді. Алқа прокуратура пайдасына шешім шығарды.

Кеше, 22 ақпанда алдын ала тыңдау кезеңінде судья сотталушылардың адвокаттарының көп өтінішін, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде сотталушылардың құқықтарының бұзылуына байланысты қылмыстық істі қайтадан прокурорға қайтару, айыптау шегін анықтау, бұлтартпау шарасын «қамауға алудан» «кепілге» немесе «үйқамаққа» ауыстыру туралы өтініштерін қарады. Осыдан кейін сот өтініштер бойынша шешімді жариялау үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Судья қылмыстық істі алдын ала тыңдау кезеңінен негізгі сот талқылауы кезеңіне өтуі керек деп шешті. Онда айыптаушы мен қорғаушы тараптар тиісінше Таубаев пен Басаровтың кінәлі мен кінәсіз екендігі туралы өз дәлелдерін ұсынуы керек. Ал бұрынғы шенеуніктерге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.

Таубаевтың адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ тағы да қорғаушы тараптың өз қорғалушысының кінәсіз екендігі «осы істі жүргізудің таңдалған стратегиясы мен тактикасына сәйкес зерттелуіне қарай біртіндеп дәлелдермен расталады» деп мәлімдеді.

Негізгі сот отырысы наурыз айында басталады.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 10 қыркүйегінде Құлсары қаласындағы 200 кереуеттік аурухананы пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға көмектескені үшін 182 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров ұсталған еді. 3 желтоқсанда іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-тармағы (Қылмыстық топтың аса ірі мөлшерде пара алуы) бойынша тергелді.

Фархат ӘБІЛОВ

23 ақпан 2021, 12:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.