Атырау, 20 сәуір 07:56
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырауда балабақшада балаға қол көтерген тәрбиешіге қатысты сот болып жатыр

2 454 просмотра
Бейнежазбадан скриншот

19 ақпанда Атырау қалалық 2 сотында ЖСТД (жалпы сөйлеу тілі дамымаған) және ПСДК (Психо-сөйлеу дамуы кешеуілдеген) диагнозы бар балаларға арналған мамандандырылған «Алтын балық» балабақшасында балаға қол көтеру ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталды.

«Звездочка» тобында тәрбиешінің бүлдіршінге бірнеше рет қол көтергені 2019 жылдың қараша айында бейнебақылау камераларына жазылып қалған еді. Жәбірленуші баланың әкесі Рашид ТӨКЕШЕВ Бас Прокурорға, Ішкі істер министріне, Білім министріне, Атырау облысының әкіміне, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан САИНҒА көпшілік алдында жүгінді. ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы («Қинау») бойынша сот сараптамалар кешенін тағайындап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілген соң тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Судья Эльмира ОЙКУЛОВАНЫҢ төрағалығымен сот отырысы онлайн режимінде өтіп жатыр. 19 ақпанда тәрбиешінің балаға «педагогикалық тәрбиеге сай емес» әрекеті көрінетін 24 бейнеүзіндіні қарау аяқталды. Кейбір эпизодтарда тәрбиешінің баланы құлағынан тартып ұстап, шынтағымен итеріп жібергенін, содан кейін баланың еденде жатып қалай жылағанын, бірақ әйелдің еш селт етпей, оны тыныштандыруға тырыспағанын көруге болады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Айгүл КЕНЖАЛИЕВА айыпталушы Мәрия ІЗМАҒАМБЕТОВАДАН балаға бұлай жасауына не себеп болғанын, оның аяғын неге басқанын, итергенін және т.б. әлденеше рет сұрады. Бірақ сұрақ қойған сайын:

- Қалай болғанда да олай жасамауым керек еді. Кешірім сұраймын, - деген жауап алды.

- Жазбада баланы бір жерге апарғаныңыз, содан кейін қайтып келгеніңіз көрінеді. Ол сіздің артыңыздан басын ұстап, жылап келе жатыр. Оны қайда апардыңыз, ол неге жылап жүр?

- Мен оны дәретханаға апардым.

- Оған қол көтердіңіз бе?

- Қол көтермеген шығармын. Нақты айта алмаймын. Қолын жуғаным ұнамағасын жылаған шығар.

Адвокат та логопедтің осы кездегі рөлін сұрады. Бұл маман бейнежазбада бірнеше жерде бой көрсетеді, бірақ тәрбиешіні тоқтату, баланы қорғау үшін әрекет жасамайды.

- 2019 жылғы 18 қарашадағы видеода баланы қабырғаны жууға мәжбүрлейсіз, өзіңіз логопедпен бірге бір нәрсеге күлесіздер. Логопедтің рөлін түсіндірсеңіз, мүмкін ол сізді азғырған шығар?

- Жоқ, азғырған жоқ. Күлкімізді келтірген басқа нәрсені айтып жатқан болармыз, – деді Ізмағамбетова. Оның айтуынша, ол балаға тәрбиелік мақсатта қабырғаны жудырған.

- Егер тәрбиелік мақсатта жасатқан болсаңыз, онда неге оны қадағаламадыңыз, баланың не істеп жатқанына назар аудармай, неге логопедпен сөйлесіп тұрдыңыз?

Тәрбиеші жауап орнына қайтадан кешірім сұрады.

Келесі сұрақ айыпталушының баланың құлағынан тартқан эпизодына қатысты болды.

- Мен оның бірінші партадан тұрып, соңғы партадағы орнына отырғанын қаладым. Бірнеше рет ескерту бердім. Содан кейін құлағынан тартып апардым. Олай етпеуім керек еді. Әрине, бұл педагогикалық тәрбиеге сай емес. Оны тәртіпке салғым келді, - деп тәрбиеші өз әрекетін түсіндірді.

Прокурор мен адвокат та, жәбірленуші баланың анасы да Ізмағамбетованың неге дәл осы балаға бұлай қарайтынын сұрады.

- Балабақша басшылығынан, директор Иманғалиевадан балаға осылай қара деген тапсырма болды ма? - деп сұрады баланың анасы.

- Жоқ, ондай нұсқау болған жоқ, - деп жауап берді.

Адвокаттың сұрақтарына жауап бере отырып, тәрбиеші оның жетекшілігімен баланың дамығанын, іс-шараларға қатысып, тіпті күзгі балда тақпақ айтқанын жеткізді. Ал бұрын бала олай етпеген.

- Менің баламның дамуына көмектестім демеңіз! Жеті күн ішіндегі жазбаларды ғана көріп отырмыз. Қалған уақытта не болғанын құдай білсін?! - деді баланың анасы ызалана.

Логопед Алтынай ШУГАЕВАДАН жауап алу мүмкін болмады. Науқас баласының қасына қалдыратын ешкім болмапты. Сондықтан сот куәгер дефектолог Гүлден ЮСУПОВАДАН жауап алуға көшті. Оның айтуынша, ол балабақшада 10 жылдан бері жұмыс істейді, бірақ балалар мекемесіне Айнұр Иманғалиева басшылық еткен уақытта оған «Звездочка» тобы орналасқан жерге кіруге тыйым салынған. Осыған байланысты оның балалармен топтық сабақ өткізуге мүмкіндігі болмаған, тек жеке сабақ өткізілген.

- Мен топтың есігінің алдына барамын, маған балаларды «гардероб бөлмесіне» - шкафтар тұрған және балалар киім ауыстыратын бөлмеге шығарады. Содан кейін жоғары қабаттағы кабинетке барамыз. Сол күні балаға келдім, ол әлдебір себеппен топта болмай, шешінетін бөлмеде жылап отырды. Әдетте ол өте мейірімді болатын, бірақ сол күні ызалы, айқайлап, шағымданып, сабақ оқығысы келмеді. Сабақ уақыты біткен кезде оны кері топқа апардым. Ол кіргісі келмеді, жылады. Бір күннен кейін оны алуға тағы келдім, тағы да киім ауыстыратын бөлмеден көрдім. Содан кейін бала неге екінші рет топтан тыс жерде отыр деп сұрадым. Ізмағамбетова: «оның орны сол жерде» деді, - деп әңгімеледі дефектолог.  Сұрақтарға жауап берген ол балаға қол жұмсағанын көрмегенін, өйткені ол топқа кіре алмайтынын айтты. Баланың денесінен көгерген жер, жарақат көрмеген, бірақ бала басын қолымен жауып, жылаған кезде құлағының қызарып тұрғанын байқаған. 

- Қазір бала қайтадан балабақшаға бара бастады, қазір тынышталған, бірақ бойында қорқыныш қалып қойғаны сезіледі, - дейді Юсупова.

- Неліктен логопед Шугаеваға топта кіруге болады, ал сізге тыйым салынған? - деп жәбірленуші тараптың адвокаты сұрақ қойды.

- Мен бұрын топтық сабақ беретін едім, өйткені ерекше балалармен жұмыс жасауда дефектологтың рөлі өте зор. Бірақ дәл А.Иманғалиева балабақшаға басшылық еткен кезде ол маған топқа кіруге тыйым салды. Иманғалиева басшылық еткен кезде бұл осы топта орын алған екінші жағдай. Бірінші жағдай басқа бала мен басқа тәрбиешіге қатысты болған, - деді Юсупова.

Естеріңізге салсақ, бұл «Звезочка» тобындағы балаларға тәрбиешілер қол көтерген екінші жағдай. Бірінші жағдай туралы «АЖ» 2019 жылдың маусым айында хабарлаған еді. Бірақ 2020 жылы 18 желтоқсанда онлайн брифинг кезінде білім беру жүйесінің басшылығынан сол балабақшаның сол тобындағы психикалық және сөйлеу қабілетінің дамуы кешеуілдеген балаларды ұрып-соғу фактілеріне бірнеше рет қалай жол берілгенін сұраған едім. Қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА "бірінші жағдай болмады (2019 жылдың жазында), әйтпесе хабардар болар едім" деп мәлімдеді.

- Қалай сонда, мен Facebook әлеуметтік желісіндегі Рашид Төкешевтің жазбасына баламды ұрып-соққаны туралы видеоны жалғадым ғой, ол туралы білмеу мүмкін бе? – дейді 2020 жылдың маусымында бірінші тәрбиеші қол көтерген баланың анасы Жанна ТҮСІПОВА брифингтен кейін абдырап.

- Жазбаларда тәрбиешінің менің ұлымды ғана емес, басқа балаларды да ұрғаны көрініп тұрды. Алайда, оны тек бір баланы ұрғаны үшін жазалады, - деді Ж.Түсіпова. Бірінші тәрбиешіге қатысты сот ісі 2020 жылдың көктемінде өтті. Оған айыппұл төлеп, балаларға байланысты жұмыспен айналысуға 3 жылға тыйым салу жазасын берді.

Екінші тәрбиешіге қатысты сот ісі жалғасуда. Келесі отырыс 23 ақпанға жоспарланған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Р.Төкешевтің Instagram парақшасынан алынған сурет

22 ақпан 2021, 12:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.