Атырау, 27 сәуір 00:36
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атырау балабақшасының тәрбиешісі бүлдіршінге қол көтерген

Бейнежазба
3 718 просмотра

2019 жылдың қараша айында №20 «Алтын балық» балабақшасында тәрбиешінің бүлдіршінге бірнеше рет қол көтергені бақылау камераларына жазылып қалған. Бір жылдан астам уақыт ата-анасы қалалық білім бөлімі, облыстық басқарма, полиция және прокуратураның әрекетін күтті. Нәтиже болмаған соң, әлеуметтік желі арқылы жұртшылық назарын аударуды ұйғарды.

Зардап шеккен баланың әкесі Бас прокуратураға, ішкі істер министріне, білім министріне, Атырау облысының әкіміне, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Аружан Сайынға көпшілік алдында жүгінді.

Баланың әкесі Рашид ТӨКЕШЕВТІҢ айтуынша, ұлына зорлық-зомбылық көрсету, жәбірлеу және түрлі дене жарақаттарын салу фактілері балабақшаның бейнебақылау камерасына түскен 25 бейнежазба бар. Осыған қарамастан, тәрбиеші балалармен жұмыс жасауды жалғастыруда. Бала ПДБ (психикалық даму бөгелісі) диагнозымен неврологта есепте тұр және балабақшада өзін қалай ренжіткенін түсіндіре алмайды. Алайда, бейнежазбада тәрбиешінің бүкіл әрекеті ап-айқын көрініп тұр. Әкесі қалалық білім беру бөліміне, полицияға және Атырау прокуратурасына әлденеше рет жүгінгенін, бірақ әділеттілікке қол жеткізбегенін атап өтті.

Айта кету керек, бұл №20 балабақшадағы балаларды ұрып-соққан алғашқы факті емес. 2019 жылдың маусым айында тағы бір жәбірленуші баланың анасы Жанна ТҮСІПОВА тәрбиешінің топтағы балаларға не істейтінін бейнекамераның арқасында білген.

- Жаңа тәрбиеші келгеннен кейін, ұлым балабақшаға барудан үзілді-кесілді бас тартатын болды. Бұрын қуана баратын, өз басым мектепке дейінгі мекеменің өміріне белсене араластым, ата-аналар комитетінің төрағасы болдым. Бір гәп бар екенін сезіп, топтағы бейнекамера жазбаларын көруді талап еттім. Жазбалардан тәрбешінің ұлымды ғана емес, басқа балаларды да ұрғаны көрініп тұрған еді. Алайда оны тек бір баланы ұрғаны үшін соттады, - деп әңгімелейді Ж.Түсіпова. Тәрбиешінің соты биыл көктемде болды. Оған айыппұл мен 3 жылға балалармен жұмыс жасауға тыйым салынды.

Рашид Төкешевтің ұлына қатысты Атырау облыстық полиция департаменті осы факт бойынша сот сараптама кешені тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы («Қинау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс аяқталды және оны сотқа жолдау жоспарланып отыр.

Ал 18 желтоқсанда ӨКҚ-де Рашид Төкешевтің ұлына қатысты брифинг өтті. Атырау білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА бәрін өзінің қабылдауына келген баланың анасынан білгенін және тәрбиешінің әрекетіне арыз жазғанын айтты.

- Біздің құзырымызға осындай фактілер бойынша тексеру жүргізу кірмейді, сондықтан біз бұл шағымды білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі облыстық департаментке жолдадық. Балабақша меңгерушісі түсініктеме жазып, өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш берді. Тәрбиеші түсініктеме жазудан бас тартты, бізбен оның адвокаты хабарласып, барлығы сотта түсіндірілетінін айтты.

Қылмыстық тергеуден басқа, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті тексеру жұмыстарын жүргізді. Осы мекеме басшысының орынбасары Бердібек ТАИШЕВ тексеру нәтижесі бойынша тәрбиешінің айыппұлмен жазаланғанын хабарлады. Өз кезегінде, ПД тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамбет МҮТӘЛИЕВ осы тәрбиешіге қатысты тергеу әрекеттері аяқталып, істің сотқа жіберіліп жатқанын растады.

Білім беру жүйесінің басшылығы сол балабақшаның сол тобында психикалық және сөйлеу дамуы кешеуілдеген балаларды ұрып-соғудың бірнеше фактісіне қалай жол бергені туралы менің сұрағыма, Ф.Шангереева бірінші жағдайдың (2019 жылдың жазында) болмағанын, әйтпесе қалалық білім беру бөлімі бұл туралы міндетті түрде білер еді деп мәлімеді.

- Қалайша, мен Рашид Төкешевтің Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасына ұлымды ұрып-соққаны туралы бейнежазбаны тіркедім ғой, бұл туралы қалай білмейді? - дейді Жанна Түсіпова брифингтен кейін.

Науқас балаларды жәбірлеуге құмарлық Атырауда үрдіске айналып бара жатқан сияқты. Бұрын біз психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернат қызметкерлерінің мүгедек балаларды ұрып-соққанын жазған болатынбыз. Іс интернаттың 9 қызметкеріне, оның ішінде, тәрбиешілерге қатысты қозғалғанына қарамастан, тек екі палата санитары 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 желтоқсан 2020, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.