Атырау, 13 қазан 09:17
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Біз жалдамалы жұмысшы болдық, біз де жалақы мен жұмыстан шығар кезде өтемақы алмадық»

3 268 просмотра

«Ақ Жайық» басылымында «Қомақты тапсырыс берушілері бола тұрып, жұмысшыларына неліктен жалақы төлемейді?», «Gruppo RF Kazakhstan менеджерлері табылды, бірақ жұмысшыларға жалақы төлеуге ешкім уәде бермеді» деген екі мақала жарық көрді. Жарияланымдарда кейбір жайттар нақты айтылмаған. Жауап беру құқығымды пайдаланып, төмендегі жайттарды нақтылағым келеді.

Мен, Мұратова Светлана Мұратқызы, «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС-де 2020 жылдың 8 қыркүйегінен бастап 2020 жылдың 30 қарашасына дейін менеджердің орынбасары лауазымында жұмыс істедім. Менің міндетіме жеткізушілермен жасалған келісімшарттарға байланысты шығындарды бақылау, бүкіл сатып алуды бекіту кірді. Күйеуім Стефано Антими де осы компанияға мен сияқты белгілі бір жұмысты орындау үшін геодезия маманы ретінде уақытша жалдамалы жұмысшы боп қабылданды. Оның компаниядағы жұмысы 2020 жылдың соңында жоба бойынша жұмыстардың тоқтатылуына байланысты аяқталды.

Осылайша, жұбайым екеуміз, мақалада айтылғандай, компанияны басқарған жоқпыз, жалдамалы жұмысшы болдық.

«Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС директоры - Рива Камбрино Вальтер, ол Жарғы негізінде әрекет етеді және компания басқарушысының барлық өкілеттігіне ие.

2020 жылдың 15 қыркүйегінде компания «BazisConstuction» ЖШС-мен №Д-13293/20-KB мердігерлік келісімшарт жасады. «BazisConstuction» ЖШС-нің объектілерінде белгілі бір жұмыстарды орындау кезінде адамдар жұмысқа қабылдана бастады, мұнымен HR менеджері айналысты.

Компанияның қызметкерлер алдында жалақы бойынша 2020 жылдың қазан айында алғашқы қарызы түзілді. Бірақ «BazisConstuction» ЖШС-нен аванс алған соң компания бережағын төледі. Ал қараша айында есеп айырысу шотында қаражаттың болмауына және компания құрылтайшысынан қаржы түспеуіне байланысты қызметкерлер алдындағы бережағы төленбеді.

Оның үстіне компания қызмет көрсетушілерге де қарыздар болып қалды, «BazisConstuction» ЖШС-мен жасалған келісімшарттық міндеттемелерін орындауды жалғастыру үшін материалдар сатып алуға ақшасы болмады. Осыған байланысты компания басшылығы 2020 жылғы 11 желтоқсаннан бастап «BazisConstuction» ЖШС объектілерінде жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды.

Компания қызметкерлері мерзімнің аяқталуына байланысты еңбек шартын тоқтату туралы хабарлама ала бастады, өйткені олардың барлығы жұмыс беруші «BazisConstuction» ЖШС-мен 15.09.2020 ж. жасалған Д-13293/20-КБ тұрақты емес сипаттағы мердігерлік келісімшарт бойынша «BazisConstuction» ЖШС объектілерінде белгілі бір жұмысты орындау үшін жалданған.

Бұл сіздердегі мақалада жұмысшылардың айтқанына қайшы келеді (үзінді келтірейін):

«9 желтоқсанда қолымызға жұмыстан шығару жөнінде хабарламаны ұсынды да, бос екенімізді айтты. Біздің білуімізше, олар басқа жұмысшыларды алған. Заң бойынша олар бір ай бұрын ескертіп, өтемақы төлеулері керек. Алайда жалақымызды ала-алмай жүргенде, өтемақыны тек армандауға болады, - дейді ашынған жұмысшылар». Жұбайым екеуіміз компаниямен еңбек қатынастары тоқтатылғанына қарамастан, директор Рива Камбрино Вальтермен және «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС құрылтайшысымен келіссөз жүргізуді жалғастырдық, оларға қалыптасқан жағдайды түсіндіріп, бүкіл қарызды жабуды өтіндік.

Сіздер: «Біз Стефано Антимимен және Светлана Мұратовамен байланысқымыз келді. Бірақ, біздің мәліметіміз бойынша, жұмысшылар талаптарын айтып, алғаш барғаннан кейін олар телефон нөмірлерін өзгертіп тастаған, ал кеңсеге келмей жүр екен» деп жазыпсыздар. Жоқ, біз үнемі қызметкерлермен байланыста болдық, телефон нөмірімізді де өзгерткен жоқпыз.

Мен, компанияның басқа да қызметкерлері сияқты, 2020 жылдың қараша айының жалақысы мен жұмыстан шығарған кездегі өтемақыны алған жоқпын.

Қазір күйеуім Стефано Антими екеуміз «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС-нің қызметкерлері емеспіз. Компанияда қаражаттың жоқтығынан өкілеттігімізді тапсыруға мәжбүр болдық және оған заңды тұрғыда еш қатысымыз жоқ. Бұл туралы Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына ресми түрде түсініктеме бердік.

Светлана Мұратова 

5 ақпан 2021, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.