Атырау, 18 желтоқсан 18:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Тағы үш учаске аукционға шығарылды

4 026 просмотра

Атырау облысында тағы 3 учаске көмірсутек шикізатын барлау және өндіру құқығына арналған электронды аукционға шығарылды. Ол 2021 жылдың 23 сәуірінде өтеді. Аукционға қатысу үшін (барлығы 15 жер телімі бар) 2021 жылдың 25 наурызына дейін (осы күнді қоса алғанда) www.gosreestr.kz сайтында өтінім беруге болады.

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, ауданы 12,49 шаршы км болатын Биікжал учаскесінің құны 42,6 млн теңгеден басталады. Ең төменгі талапқа сәйкес, ол жерде 2 ұңғыманы бұрғылау қажет. Кен орнының өзі 1 миллион долларға бағаланып отыр.

Ауданы 31,82 шаршы км болатын Қасқырбұлақ Оңтүстік учаскесі 29,1 миллион теңгеден басталады. Бұл жерде кем дегенде бір ұңғыма бұрғылау қажет, ал бағалау құны - 500 мың доллар.

Біздің өңір аумағындағы үшінші участок - Прибрежное. Ол жалпы алаңы 72,28 шаршы км болатын 38 блоктан тұрады. Бағасы 8 миллион 751 мың теңгеден басталады. Бұл жерде кем дегенде 2 ұңғыма болуы керек. Учаскенің бағалау құны - 2 млн доллар.

Энергетика министрлігінің әлеуетті сатып алушыларға қоятын бірнеше шарты бар. Соның ішінде, олар өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығындар өндіріс шығындарының 1%-ы мөлшерінде болуы тиіс.

Кадрлардағы жергілікті қамтудың ең аз үлесі - басшылар мен олардың орынбасарлары бойынша 50%, құрылымдық бөлімше басшылары бойынша 80%, мамандар бойынша 90%, білікті жұмысшылар бойынша 100% болуы тиіс.

Жер қойнауын пайдалану келісімшарты бойынша барлау немесе дайындық кезеңінің ұзақтығы алты жылдан аспайды, ал көмірсутектерді барлаудың күрделі жобалары бойынша жер қойнауы учаскесінде - тоғыз жылдан аспайды.

Сауда-саттық 23 сәуірде сағат 10:00-де басталып, 17:00-де аяқталады. Энергетика министрлігінің сайтында, сондай-ақ ведомствоның әлеуметтік желідегі аккаунттарында онлайн-трансляция ұйымдастырылады.

Аукцион арқылы жер қойнауын пайдалану құқығы жер иеленуге емес, белгілі бір мерзімге беріледі. Бұл құқық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексімен реттеледі, кез-келген технологиялық процестер Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияның келісімімен ғана мүмкін болады.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалға алу шартына қол қояды.

Жобалық құжатты әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізуге міндетті. Аукционнан түскен барлық қаражат мемлекеттік бюджетке құйылады.

Естеріңізге салсақ, жер қойнауын пайдалану құқығының алғашқы онлайн аукционы 2020 жылдың 23 желтоқсанында өткен еді. Сол кезде 7 жер учаскесі болашақ жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы сомасы 61 млрд-тан астам теңгеге сатылды.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

25 қаңтар 2021, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.