Энергетика министрлігі көмірсутегі кен орындарын барлау және өндіру құқығы бойынша электронды аукционның жеңімпаздарын жариялады.
Құны жоғары Сарайшық пен Забурындағы (сәйкесінше 43 және 16 миллиард теңге) учаскелер «Petro Qazaq» ЖШС-не сатылды. Kazservice мәліметтері бойынша, «Petro Qazaq» ЖШС құрылтайшысы - Гаагада (Нидерланды) тіркелген оффшорлық Winsple Netherlands B.V. компаниясы. Қалған 5 учаске қазақстандық инвесторларға тиесілі.
Бегайдар мен Қошалақты бұрын мұнай және газ өндіру саласында болмаған «SapaInvestment» ЖШС пайдаланады. Kazservice хабарлағандай, «SapaInvestment» құрылтайшысы - Санжар Омаров (негізгі бенефициарлар - Санжар Омаров пен Дамир Балтабаев).
Сағыз учаскесінде «TUMAR PETROL» ЖШС барлау жүргізеді, оның құрылтайшысы - Тәтішевтер отбасына тиесілі KUSTO OIL PTE.LTD компаниясы.
Қарабау мен Балқұдық учаскелері «Қарабау Петролеум» және «Балқұдық Мұнай» компанияларына сатылды. Бұл компаниялар «Қарамаржан Ойл энд Газ» ЖШС және «СТК-Групп проект» ЖШС арқылы Сейітжановтар отбасына тиесілі.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА