Атырау, 19 сәуір 14:05
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Исатай мен Махамбетке қару-жарақ соққан Шәкір ұста туралы аңыз әңгіме

Сурет Бейнежазба
5 889 просмотра

Біздің батыр бабаларымыз Исатай мен Махамбеттің қасында сарбаздары ғана емес, олардың жанына жалау болып, қару-жарақ соққан ұсталар да болған. Соның ішінде көтеріліске белсене қатысқандардың бірі,  Исатай мен Махамбеттің үзеңгілес, ниеттес жолдасы ұста Шәкір Тұрлығұлұлы еді. Шәкір атаның бүгінгі ұрпақтарының бірі – Атырау тұрғыны Химеден ҮРПЕКОВПЕН әңгімелесудің сәті түсті.

- Бабаңыз туралы не білесіз, қандай деректер сақтаулы?

- Менің әкем Үрпек, Үрпектің әкесі Борасын, Борасынның әкесі Шәкір, руы Адай Тәзіке. Ол 1801 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Шәкір заманында бүкіл Нарынға аты шыққан асқан шебер ұста, әрі зергер болыпты. Ұсталық өнер оған арғы атасы Қадірден дарыған екен. Ел аузында Қадірдің қалай ұста болғаны туралы мынадай аңыз бар. Бала кезінде Қадір ойнап жүріп, қыр астынан бірнеше рет балғаның шыңылдаған даусын естігенін әкесі Сарыға айтады. Үлкендер басында баланың сөзіне аса мән бермегенмен, бала Қадір үнемі шыңыл еститінін айта берген. Қоймаған соң ақсақалдар төбенің арғы жағын аралап, тақырда жатқан үлкен балға мен мұрынды төсті тауып алады. Оларды алып келіп: «бұлар сен үшін арнайы жатқан сыңайлы, бұған енді сен иесің», деп балаға тапсырған екен. Сол күннен бас­тап он жасар Қадірдің қолынан балға түспепті. Уақыт өте келе ол әйгілі ұста, әруақты зергерге айналады. Осы өнер кейін немересі Шәкірге де қонады.

- Исатай батыр мен Шәкір атаның достығы туралы не білесіз?

- Исатай мен Шәкір бір-бірін қатты сыйлаған екен. Исатай мен Махамбеттің көтеріліске дайындығы кезінде Шәкір қасына шәкірттері немере інісі Апанас, ағаш шебері Көпен мен Досақан ұсталарды алып, күні-түні сарбаздарға қару-жарақ соққан. 1838 жылы шілде айында Ақбұлақ өзені жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай қаза болып, көтерілісшілер жеңіліс тапқаннан кейін көбі ұсталды. Шәкір мен Апанас та тұтқынға түсті. Бірақ Жәңгір ханның екінші әйелі дана Фатима оларды Сібірге айдатпай, Ордада 4 жыл тұтқын есебінде ұстайды.

Осы төрт жыл ішінде Шәкір ұста хан отбасындағы әйелдерге зергерлік бұйымдар соғып, түрлі жи­һаз­дар жасаған. Сол кездері Жәңгір хан Николай патшаға қомақты сыйлық беруді ұйғарады. Сый ретінде шаңырағы алтынмен апталған, күміспен күптелген се­гіз қанатты киіз үйді Шәкір мен Апанасқа жасауды бұйырған. Әрине, олардың қасында көмекшілер болған. Сол киіз үйді бітіруге екі жыл уақыт кетті. Кейін оны үш арбамен үш ай дегенде Петерборға жеткізіпті. Сыйлыққа риза болған патша Жәңгірден «Сыйлықтың орнына не қалайсың?» деп сұрағанда, ол «Біз, қырғыздар (қазақтар), өз дінімізде қала берейік, Ордадан мешіт салуға рұқсат етіңіз» деген екен. Патша оның өтінішін орындап, құрылысқа ақшалай қаржы берген.

- Шәкір атаңыздың одан кейінгі тағдыры не болған, бостандық алды ма?

- Шәкір ұста­ның еңбегіне риза болған хан оған бостандық беріп, қалағаныңды ал дегенде, атамыз маған Нарындағы Сүйекті деген жерді бер, бала-шағаммен, өз руластарыммен сол жерді паналайын депті. Содан бері ата-бабамыз Сүйектіні мекендеп келеді. Атамыз өмірінің соңына дейін ұсталықпен айналысып, елге қадірлі азамат болған. Ол 1890 жылы өмірден озды. Бертін келе ұрпақтары жиналып басына белгі қойдық.

Айта кетерлік жайт, Шәкір ата әйгілі Сәт әулиемен құрдас әрі дос болған. Сәт ата керемет сынықшы болған ғой, адамға қолын тигізбей, сынықты көзбен сала берген. Бірде Шәкір ата аттан құлап қолын сындырғанда, Сәт ата келіп, сенің аруағың қылыш, менікі жылан, екеуміз бір-бірімізді жарақаттап алармыз деп, қолдарын таңып бірге қатар жатыпты, ертесіне сынықтың дым ізі қалмай құлан-таза жазылып кетіпті деген аңыз бар. Олардың бір-біріне сыйластығы, достығы сонша, біз о дүниелік болғанда, бір-бірімізді көріп жататындай болайық деген екен. Айтқандай-ақ, қазір екі атаның бейітінің арасы жақын орналасқан.

- Атаның құрал-саймандары осы күнге жетті ме?

- Төсі сақталды. Шәкірдің төрт баласы болған: Оразымбет, Дәулет, Борасын, Қарасын. Төс қазір Нарында Оразымбеттің ұрпағы Біләлов Байтемірдің баласы Нұрлыбектің үйінде.

- Ұсталық өнері ұрпағынан біреуге дарыды ма?

- Дәулеттен туған Сабырәлі, Әмірәлі атты немерелерінің зергерлікке, ұсталыққа икемі болған деседі. Олардан кейін, ешкім ұстамады.

- Ал жаңағы патшаға сыйлаған киіз үйдің тағдыры жайлы не айтасыз?

- Кейбір деректерге сүйенсек, ол киіз үй қазір Германияның музейінде. Ал ол қалай Европаға барғаны беймәлім. Мүмкін Николай патша бір шаралар барысында өзі сыйға тарту еткен болар. Әйтеуір қазіргі таңда аңыз болған киіз үй туралы нақты дерек жоқ, - деп аяқтады әңгімесін сұхбаттасушым.

Жәңгір ханның киіз үйі жайлы 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Рахымжан Отарбаевтың «Екі киіз үйдің тарихы» деген мақаласында  жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Батыс Еуропаны аралаған бір сапарымда музейде тұрған киіз үйді көріп қатты таңғалдым. Сұрастырсам, 19 ғасырда қазақ топырағында жасалып, белгісіз бір себептермен осы музейге тап болған екен» деген жазбасы бар екен.

Осы мақалада сол жылдары Орталық музей директоры болған Роза ҚОСМАНБЕТОВАНЫҢ: «Гамбург және Майндағы Франкфурт қалаларындағы орталық мұражайда қазақ киіз үйі сақтаулы. Кезінде әртүрлі себептермен шетелде қалып қойған құнды мұраларымызды, баға жетпес жәдігеріміз киіз үйді елімізге қайтарсақ, өзінің топырағымен табыстырсақ деген ойымыз бар» деген сөзі бар.

Мен ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайының қызметкері Үміт ӘЛИАҚПАРОВАҒА жолықтым – оның айтуынша, Шәкір атаның киіз үйі туралы ешқандай мәлімет жоқ.

Ал, мынау 1903 жылы 15 маусымда шыққан «Тургайская газетада» П.Столпянскийдің «Қазақ үйі жоғары мәртебелі Николай 1 ағзам сарайында» атты жарияланымында берілген киіз үйдің қысқаша сипаттамасы: «Император ағзамға арнап Жәңгір хан жасатқан киіз үйдің аумағы 34 аршын, биіктігі 5 аршын 5 вершок еді. Керегесі қызыл сырмен сырланып сүйектеліп, оған шыны мен жұқа фольгадан әртүрлі дөңгелек бейнелер оймышталған. Керегенің сырт жағы дөңгеленіп, жоғары жағына уық баулар байланған. Уықтар да сырланып, әшекейленген, саны 135. Ал босағасы, маңдайшасы жылтыр фольгамен оймышталып, босаға түгелдей апталған. Есіктің өзі ақ кенептен, сырт жағы қызыл мәуітпен, қара барқытпен, әр түрлі ою-өрнекпен өрнектелген. Құрылып болған үйдің сүйегіне ақ киізден туырлық, үздік, түндік жауып, бірі өрнектелген, екіншісі қызыл мәуітімен қапталған басқұр баулармен бастыра бекітіпті. Алтын шашақты, жалпақ үш жібек бау шаңырақтан төмен түсіп, үйдің ішкі жасауымен үйлесім тауып тұр. Үйдің еденіне ауғанның тоғыз қалы кілемі төселіпті». 

Гүлсім СҮЙІНҒАРИЕВА

24 қаңтар 2021, 17:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.