Атырау, 12 маусым 17:18
 дождьВ Атырау +31.6
$ 487.76
€ 562.39
₽ 6.75

​Қашағанда жаңа қуатты газ зауытының құрылысы басталды

93 рет қаралды
Сурет: QazaqGaz ҰК АҚ
Сурет: QazaqGaz ҰК АҚ

Қашаған кен орнында жылына 2,5 миллиард текше метр өнім өңдейтін жаңа зауыт жобасын іске асыру қолға алынды. Қазір бұл аумақта қуаттылығы жылына 1 миллиард текше метр болатын алғашқы кәсіпорынның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде аталған жаңа нысанның нақты іске асыру кезеңіне өткені мәлімделді. Басқосуға «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «PSA» ЖШС, NCOC компаниясы акционерлерінің басшылығы және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында жобаның ағымдағы жай-күйі, тараптар арасындағы үйлестіру жұмыстары және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру шаралары талқыланды.

Ведомство басшысы бұл құрылыстың маңыздылығына тоқталып, былай деді:

«Қашағандағы қуаты 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жобасы нақты іске асыру кезеңіне өтті. Бұл жоба еліміздің газ саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие және Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында тұр».

Үкіметтің қаулысымен ірі нысанның EPC-мердігері болып China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd компанияларынан құралған консорциум айқындалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов қатысушы барлық тарапқа жұмыстарды тиімді үйлестіруді және іске асыру мерзімдерін қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар, «QazaqGaz» ұлттық компаниясына туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында Энергетика министрлігіне атқарылған шаралар туралы ақпаратты ай сайын ұсынып отыру міндеттелді.

Бүгін, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.