Атырау, 17 қараша 18:11
 дождьВ Атырау +4.1
$ 444.40
€ 488.97
₽ 5.39

Алға ауылындағы 160 орындық балабақша жобасы қайда кетті?

26 рет қаралды

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Алға ауылында балабақша құрылысы бірнеше жылдан бері уәде етіліп келеді. Шенеуніктер бюджет қаражатының тапшылығын алға тартып отырғанда, ата-аналар балаларын көрші елді мекенге тасуға мәжбүр. 

Алға ауылының тұрғындары уәде етілген балабақша салынады деп күтіп жүргеніне үш жыл болды. 2396 адам тұратын бүкіл елді мекенде 90 орынға арналған жалғыз «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасы бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ол барлық тілек білдірушілерді қабылдауға қауқарсыз, соның салдарынан кейбір ата-аналар тіпті балаларын Бесікті ауылындағы балабақшаға тасуға мәжбүр. Тұрғындар жаңа мектепке дейінгі мекеме салу мәселесін үш жыл бойы көтеріп келеді, бірақ ештеңе өзгермей тұр. 

Махамбет ауданы әкімдігі «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасының ғимараты 1979 жылы салынып, 1983 жылы пайдалануға берілгенін және ескіргенін хабарлады. 

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 280 орындық жаңа балабақша құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу 2023 жылдың сәуір айында басталған. 10,1 млн теңгенің құжаттамасын «Строй-проект-инвентаризация» ЖШС әзірледі. Өткен жылдың қазан айында ғана мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс құны 2,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Дегенмен «бюджет қаражатының жеткіліксіздігіне байланысты» жұмыстар әлі басталған жоқ. Енді құрылысты 2027 жылдың І жартыжылдығында бастау жоспарланып отыр. 

Жағдаймен таныс дереккөз құрылыс хикаясы тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін алға тартады. Себебі ЖСҚ-ға түзету енгізу қажет болуы мүмкін, ал ол жобаның құнын қымбаттатады. 2025 жылғы есеппен енгізілген құрылыс материалдарының бағасы кейінгі жылдары қымбаттамаса, арзансымайды. 

Тағы бір айта кетер жайт бар. 2020 жылдың желтоқсанында Махамбет ауданының сол кездегі әкімі Жәрдемғали Ахметов Алға ауылында 160 орындық балабақша құрылысына ЖСҚ әзір тұрғанын хабарлаған еді. Аудандық және облыстық әкімдіктер бұл жобаның қайда кеткенін және оны әзірлеуге жұмсалған бюджет қаражатының не болғанын түсіндіріп бере алмады. 

Лев ГУЗИКОВ

ЖИ көмегімен жасалған көрнекі сурет

Бүгін, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.