Атырау, 19 сәуір 15:28
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Қоқыс алаңындағы «кеңсе»-2: Сонымен бұл кімнің қоқысы?

2 006 просмотра

ҚР азаматтары құжаттарының қажет емес деп қоқысқа тасталғаны туралы жарияланым осыған қатысы болуы мүмкін бірнеше мекеменің реакциясын тудырған-ды. Бірақ өте ықпалды ведомстволардың ПӘК белсенділігі... қоқыс таситын жүргізушіге... қатысты айыппұл түріндегі күлкілі жазамен шектелді.

Бірнеше сағаттан кейін біз бірінші комментарийді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан (оған ХҚКО филиалдары кіреді) алдық. Ұйымның баспасөз қызметі қоқыс үйіндісіне рұқсатсыз тасталған құжаттарға өздерінің еш қатысы жоқ екенін айтты:

- Біз құжаттарды жоюмен айналыспаймыз. Бүкіл құжаттар мен өтініштер тиісті органдар мен ведомстволарға жіберіледі. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы филиалда жөндеу жұмыстары жүріп жатпағанын да хабарлаймыз.

Ал осы уақытта полиция департаментінен қарама-қайшы нұсқадағы баспасөз хабарламасы келді: «Ақ Жайық» газетінде жарияланған құрылыс қалдықтарының арасынан әртүрлі құжаттардың табылу дерегі бойынша Атырау облысының полиция департаменті сол жерде тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында анықталған құжаттардың «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау филиалына (ХҚКО) тиесілі мұрағат құжаттары екендігі анықталды...».

Дәлел ретінде ПД «мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ХҚКО талап еткен қызметтік құжаттар мен азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарға» сілтеме жасады. Әрине, тәжірибелі жедел уәкілдермен дауласпаймын, бірақ субъективті тұрғыдан алсақ, мемлекеттік қызмет көрсетілгенде жеке бас куәлігімді немесе төлқұжатымды ХҚКО-ға қалдырған кезім есімде жоқ екен. Өйткені ол құжаттарды ауыстырған жағдайда ғана сол жерге қалдырады.

Оларды дайындаумен уәкілетті мемлекеттік органдар - 2010 жылға дейін Әділет министрлігі және осы күнге дейін ІІМ айналысады. Тағы да айта кететін жайт - ХҚКО халыққа қызмет көрсететін ұйым ретінде ешқашан жеке басты куәландыратын құжаттарды немесе жүргізуші куәліктерін шығарумен айналысқан емес. Ол тек дайын құжаттарды береді. Егер құжаттар берілмесе, оны шығаруға уәкілетті мекемеге қайтарады.

Тиісінше, оларды сақтау және жою функциялары да оларды шығарған арнайы органдарға тиесілі. ХҚКО Ережесінде: «Өтініш беруші құжаттарды уақытында алмаған жағдайда, Орталық оларды шығу құжаттары берілген күннен бастап бір ай сақтауды қамтамасыз етеді, содан кейін оларды уәкілетті органдарға қайтарады» делінген. Бір сөзбен айтқанда, құжатты кім жасаса, сол жояды.


ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ

Бір күннен кейін полиция: «Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қоқысты төккен көліктің 28 жастағы жүргізушісі анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-тармағы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Бұл бұзушылық жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», деп бұл істі ашты.

Бала кезімде «Бауырсақтар тергеу жүргізеді» деген сүйікті мультфильмім болды. Мұндай баянаттар үнемі осынау күлкілі атауды есіме түсіреді. Жоқ, жігіттер, бұлай болмайды.

Қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарау, жеке деректерді жариялау, маңызды мемлекеттік құжаттарды жою бойынша ҚР үкіметінің талаптарын орындамаушылық ап-айқын көрініп тұрғанда қоқыс шығарумен айналысатын жігітті кінәлі етіп шығару болмайтын іс.

- Қолданыстағы заңнама нормалары тұрғысынан мұндай әрекеттерге жол берілмейді - уәкілетті органдар мен тұлғалар азаматтардың жеке мәліметтерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына сәйкес, биометриялық мәліметтерді, яғни, жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық ерекшелiктерiн сипаттайтын, материалдық жеткізгіште тiркелген дербес деректерді меншік иелері де, олардың құпиялылығын қамтамасыз етуі тиіс операторлар да, оларға рұқсаты бар үшінші тұлғалар да қорғауы керек, - дейді Жолболов.  

Оның айтуынша, сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін жеке деректер (өзгертілген немесе жаңартылған құжаттарға айырбастау үшін иелері уәкілетті мемлекеттік органдарға берген жеке басын куәландыратын құжаттар) заң талаптарына сәйкес жойылуы тиіс.

- ҚР үкіметі бекіткен Ережеге сәйкес, комиссия құжаттарды әр он күн сайын ҚР ІІМ формасы бойынша акт жасау арқылы жояды. Құжаттарды жою туралы актілер он күн сайын олардың жарамсыздығы туралы мәліметтерді дерекқорға енгізу үшін ІІМ-не жіберіледі. Осы талаптар бұзылған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабының 3-тармағы (Меншiк иесiнiң, оператордың немесе үшiншi тұлғаның дербес деректердi қорғау жөнiндегi шараларды сақтамауы, егер бұл іс-әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса) бойынша жауапкершілік қарастырылған. Егер бұл әрекеттер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне едәуір зиян келтірсе, онда олар ҚР Қылмыстық кодексiнің 147-бабына (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) ілінуі мүмкін. Құқық қорғау органдары бұл фактіні ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау») арқылы да қарастыруы мүмкін.


БҰЙРЫҚ ЖӘНЕ БАС ТАРТУ

Төртінші жұмыс күнінің соңына қарай бір әйел қоңырау шалып, материалдың авторы мен екеніне көз жеткізген соң, маған жолдамақ болған Әділет департаментінің баспасөз хабарламасын жариялауымды қысқа ғана бұйырды. Сірә, Әділет департаменті өкілінің журналистке бұйрық беруге құқығы жоқ екені күмән келтірмейді-ау деймін. Ол мессенджер арқылы Атырау облысы Әділет департаментінің баспасөз қызметі атынан жазылған тақырыпсыз мәтінді жолдады. «Өзіңізді таныстырып, лауазымыңызды көрсетсеңіз» деген өтінішіме жауап берген жоқ. Хабарламада жазылғаннан басқа, ол Әділет департаменті ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» (ХҚКО) орталығы да департамент пайдаланатын қоқыс орнын қолданатынын мәлімдеді. Енді тұжырым жасап көріңіз. Мәтінді оқығаннан кейін туындаған сұрақтарыма жауап ретінде қысқа ғана «Сау болыңыз» деп жазып жіберді. Бұл «кетші әрі» дегендей көрінді.

Мен оған анонимді баспасөз хабарламасын жарияламаймыз деп ескерттім. Сондықтан, өкінішке орай, тақырыпқа қатысты басқа тараптың ұстанымы жоқ. Алайда, облыстық әділет департаментінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны/жақында аяқталғаны белгілі. Дәл сол жерден қоқысқа құжаттармен бірге құрылыс қалдықтары шығарылды. Егер бүгінде департаменттің құжаттарды шығаруға еш қатысы жоқ болса, 2010 жылға дейін Әділет министрлігінің азаматтардың жеке басын куәландыратын барлық құжаттарды рәсімдеумен айналысқаны баршаға аян.


ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР

Бейтаныс әйелмен сөйлескен соң көңілімде кірбің қалса да, баспасөз хабарламасының шынайылығын тексермек болып, Атырау облысы әділет департаментінің бастығы Асулан КӘРІМОВКЕ хабарлама жаздым.

Өзімді толық таныстырып, «сізге телефонмен сөйлесу ыңғайлы ма?» деп сұрадым. Бірнеше күн өтсе де ақыры жауап болмады. Ықпалды департаментпен осындай «байланыстан» соң мен тіпті мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп ережесін еріксіз еске түсірдім. Ережеде сәлемдесу, өзін таныстыру және кәсіби қарым-қатынас аясында сұрақтарға жауап беру қажеттілігі туралы тармақтар бар екеніне анық сенімдімін.

Ал Полиция департаментіне қойылатын негізгі сұрақ өз күшінде қалды – сонымен, бұл кімнің қоқысы?

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА 

18 қаңтар 2021, 23:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.