Атырау, 17 қаңтар 23:41
 бұлыңғыр болады В Атырау -2
$ 420.71
€ 516.13
₽ 5.65

Атыраудың спорт «картасы»: кей жерде тығыз, кей жерде бос

Сурет
1 536 рет қаралды

Танымал атыраулық спортшылардың көбінің «кіші отаны» саналатын Киткрай мен Атырау ықшамауданында спортпен айналысуға ешқандай жағдай жоқ: зал, мектеп жанындағыдан басқа алаңдар, жаттығу аймақтары немесе воркаут алаңдары жоқ.

Бұл ықшамаудандардың тұрғындары «АЖ»-ға осындай шағыммен жүгінді.

- Спорт залын салатын бос жер жоқ. Тіпті, карьер орындары жеке тұрғын үй салуға берілген. Мен бұл мәселені қалалық спорт бөлімінде жұмыс істеген кезден бастап көп жылдан бері көтеріп келемін, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Ринат ИБРАГИМОВ. – Бәлкім, ескі «горпарк» аумағындағы үйлер күрелген жерден спортзал салу мүмкін болар. Бұл Атырау ықшамауданы немесе Киткрай емес, дегенмен қаланың басқа аудандарына қарағанда балаларға сол жаққа барған ыңғайлы болады.

Оның жауабын қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Нұрбек АХМЕДЬЯРОВ толықтырды. Оның айтуынша, спорт ғимараттарын салу үшін ҚНжЕ талаптарына сәйкес келетін жер телімдерін бөлу қажет. Қала тұрғындарының бірнеше рет жасаған өтініштерін ескере отырып, қазір Атырау ықшамауданынан жер телімін бөлу мәселесі қарастырылуда. Телімді рәсімдеу және спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасын одан әрі әзірлеу 2021 жылға жоспарланған (демеушілер есебінен салу мүмкіндігі қарастырылуда). Ахмедьяров қалалық әкімдіктің балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салуға жеке инвесторларды тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Биыл мұндай алаңдар (воркаут жабдықтарын қосқанда) Нұрсая мен Самал ықшамаудандарында салынды.


КИТКРАЙДА ЕШТЕҢЕ ЖОҚ

Осы уақытта мен іздеу жүйесінен «Атыраудың спорт залдары» деген сұрау енгіздім. Атырау ықшамауданынан түк шықпады. Ал Киткрайдан екі нүкте көрінді – «Кит-Край» спорт клубы және «Қайсар» спорт клубы секциясы. Интернеттен бірінші клубтың байланыс нөрмілерін таба алмадым, ал секция енді жұмыс істемейді екен.

«Қайсар» дәстүрлі каратэ және муай-тай спорт клубының жетекшісі Айбат РАХМАННЫҢ айтуынша, Киткрайда спортшылар дүкеннің екінші қабатын жалға алған. Орынжай спорттық шараларға арналмаған, бірақ олар бейімдеуге тырысқан. Секция екі жылдай жұмыс істеді, дегенмен, бос нұсқаушылар болмағандықтан, оны жабуға тура келген. Ал сол ауданда секцияға келгісі келгендер жеткілікті.

- Бұл ауданда спорт секциялары мен залдардың жоқтығы - бірнеше ондаған жылдар бойы шешілмей келе жатқан өте өзекті мәселе. Бала кезімізде біз де жаттығу жасауға қаланың басқа аудандарына баратын едік, - дейді А.Рахман.

Біраз уақыт секциялар мектептің спорт залдарында жұмыс істеді. Бірақ кейін дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын-алу шаралары кезінде жабылды – неліктен екені белгісіз, ішімдік ішпейтін спортшылар уаххабизмді жақтаушылар болуы мүмкін деп есептелді. Киткрайда - тұрғындар тығыз орналасқан жеке секторда, өкінішке орай, спорт залы ретінде пайдалануға болатын ыңғайлы жалға берілетін ғимараттар жоқ. Бұл жерде, тіпті, әткеншек, сырғанақтармен жарақталған ойын алаңдары да жоқ. Тұрғындар балаларына жағдай жасау өтінішімен бірнеше рет қалалық әкімдікке жүгінген, бірақ «жеке секторда бұл алаңдарды балансына беруге болатын ПИК жоқ» деген бір жауапты ғана алып отырған.

- Біздің оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеген жақсы тәжірибеміз бар. Қазақ-түрік лицейімен 8 жылдай жұмыс істедік - олар бізге ескі шеберханалардың ғимаратын беріп, жалдау ақысын алмады. Ол жерде бәрін өзіміз жабдықтадық, орынжайды таза ұстадық, барлық жерде тәртіп болды. ҚТЛ жаңа оқу ғимаратын салуға шешім қабылдағанда, біз ол секцияны жаптық. Бірақ көп жыл бойы ынтымақтастықта болғаны үшін лицейге алғысымыз зор. Клубымыз үш жылға жуық Кіші өнер академиясының спорт залында жұмыс істеді, - дейді А.Рахман. 

Осы жағымды тәжірибені ескере отырып, танымал жаттықтырушы оқу орындарының жанынан, әсіресе, қаладағы спорт залын салу немесе спорт алаңын жабдықтау мүмкіндігі жоқ жерлерге спорт секцияларының тәжірибесін жаңғыртуға болады деп санайды.

Алайда, спортшылардың мұндай ұсыныстарынан мектеп директорлары бас тартады, олар өз аумағында бейтаныс адамдардың болғаны үшін жауапкершілік алғылары келмейді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, әрі кеткенде, мектепте спорт үйірмесін ұйымдастырады, оған тек осы мектептің оқушылары қатыса алады. Егер облыстық спорт басқармасы облыстық білім беру басқармасымен немесе қалалық білім бөлімімен осы бағытта бірлескен жұмыс туралы меморандум жасаса, онда мектептер спорт федерацияларымен ынтымақтастықта болуға дайын болар еді, - дейді сұхбаттасушым сеніммен.


МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫ БАС ТАРТАДЫ

- Мектептерде спорт секцияларын ұйымдастыру қиын. Қазір жер-жерде карантин, бірақ оған дейін де қиындықтар болған. Мектептерде бес күн сабақ болады, соған байланысты сабақ уақыты ұзарды, екінші ауысымның соңғы сабағы кешкі 19-дан кейін аяқталады. Содан кейін техперсонал спорт залын тазалап, оны желдетуі керек. Яғни, секциядағы сабақтар кешкі 20-дан ерте бастала алмайды. Қай ата-ана кәмелетке толмаған баласын қыстыгүні соншалықты кеш уақытта спортпен айналысуға жібереді? Сабақтан кейін орынжайды қайтадан жуып, желдету қажет, ал техперсоналдың жұмыс уақыты одан бұрын аяқталады, - дейді қалалық білім бөлімі жанындағы «Барыс» дене шынықтыру клубының директоры Рашид МУСИН.

Клубқа, әрине, оңайырақ - ол қалалық білім бөліміне тиесілі болғандықтан, спорт залдарын спорттық база ретінде пайдаланады және дене шынықтыру  пәнінің мұғалімдерін жұмысқа тартады. Жарты ставкаға мұғалімдер өз мектебінде бір секцияда сабақ жүргізеді. Негізінен балалар футболмен айналысады. Атырауда осы спорт түрінен, тіпті, мектеп біріншіліктері де өтті.

Мусин де мектеп директорларының бөгде жаттықтырушылар мен балаларды өздерінің спорт залдарына қабылдағысы келмейтіндігін растайды, өйткені олар аумағында болып жатқан барлық жағдайға жауап береді.

Танымал жаттықтырушылар бала кездерінде қаламызда спорт залдарының жетіспегенін айтады. Жігіттер жан-жақтан «Геологқа», «Автомобилистке», «УС-99»-ға барған. Атырауда бірнеше онжылдықтар өткен соң, тіпті, кейбір аудандарда жаттығу залдарының көптігі сондай, жаттықтырушылар спорт секцияларына қатысушыларды жинай алмайды. Қала маңындағы Тасқала ауылындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, Нұрсаядағы спорт залдарының жаттықтырушылары келушілердің аздығына шағымданады. Ал есу стансасының жұмыс істейтін күрес залында адам лық толы. Айтпақшы, ол жерге ешқандай секция жоқ Атырау мен Киткрай ықшамаудандарынан көп жігіт келеді. Яғни, қалада спорт залдарының орналасуында теңгерімсіздік бар.


СПОРТ ДЕҢГЕЙІ СҰРЫПТАЛАДЫ

Атырауда спорт түрлері бойынша федерациялар мен клубтар жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер арасында спорттың қандай түрлері кең тараған, біздің спортшылар қай түрінен ең жақсы нәтиже көрсетіп жүр? Бөлінген қаражатты түзету осы мәліметтер негізінде жүзеге асырылатын шығар? Мен бұл сұрақты облыстық спорт басқармасының басшылығына қойдым. Ресми жауапқа сәйкес, спорт шенеуніктері шынымен де осындай талдау жүргізеді екен.

Облыста спорт түрлері бойынша 41 федерация аккредиттелген, 17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, 1 мектеп «мамандандырылған» мәртебесіне ие. Барлық спорт мектептерінде секциялар ақысыз, қазір 13423 шәкірт барып жүр.

8 кәсіби спорт клубы, олимпиада резервін даярлау орталығы және жоғары спорт шеберлігі мектебі де жұмыс істейді. Бюджетті белгілеген кезде, спорт түрлерінің сұрыптау критерийлері, негізінен - халықаралық жарыстардағы жетістіктер, ұлттық-мәдени «дәстүрлілік», кадрлық ресурстардың болуы, спорт ерекшелігінің өңірдің климаттық жағдайына қатынасының болуы ескеріледі.

Сұрыптау екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. 2019 жылдың аяғында облыста 100-ге жуық спорт түрлері сұрыпталып, оның нәтижесі бойынша олар А, В және С топтарына бөлінді. Атырауда олимпиадалық спорт түрлерінің ішінде таэквондо, каратэ, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, жүзу, бокс, волейбол, баскетбол және т.б.ең табысты спорт түріне жатады. Олимпиадалық емес спорт түрлерінің ішінде кикбоксинг, муай-тай, самбо, панкратион, джиу-джитсу, белдесіп күресу, шахмат және т.б. Бірақ спортшыларымыз қандай нәтиже көрсетсе де, Атырау немесе Киткрай ықшам аудандарындағы жеке секторда спорт мектебін салуға бос жер жоқ екендігі ақиқат. Бізде аудандар мен қала маңындағы ауылдардың дарынды жастарына арналған спорт интернаты да жоқ.

- Спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жоқтығы - басты мәселелердің бірі. Қазіргі кезде бүкіл жобалау-сметалық құжаттама дайын, Нұрсаядан жер учаскесі бөлінді. Бірақ пандемияға байланысты интернаттың құрылысы кейінге қалдырылды, - деп жауап берді спорт басқармасындағылар «АЖ»-ға.


«БІЗДІҢ АЙНАЛЫСЫП ОТЫРҒАНЫМЫЗ БИЗНЕС ЕМЕС»

Мәселені кеңірек қозғасақ: мен сөйлескен спортшылардың барлығы орынжайды жалға алған кезде әлеуметтік кәсіпкер ретінде ешқандай жеңілдік жасалмайтындығына қынжылыс білдірді. Секциялардағы сабақтардың ақысы көп емес, бір отбасының балаларына жеңілдік жасалады, аз қамтылған және интернат тәрбиеленушілері тегін қатысады. Өзара әңгіме барысында қалалық қаржы бөлімінің қызметкерлері спортшыларға жанашырлықпен қарайды, бірақ ештеңе істей алмайтындығын айтады. Әйтпесе тексеруші органдар өз адамдарың үшін төлемақыны азайтасыңдар деп, сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдіктенуі мүмкін, дейді олар. Орынжайды сатып алуда да осы проблема - әлеуметтік бизнеске артықшылықтар берілмейді.

«Намыс» каратэ федерациясының директоры Таңат НҰРЫМОВ болашағы зор спортшылары бар Балықшыдағы жер теліміне арналған электрондық сауда-саттыққа қалай қатысқанын айтты. 3 сотық жер телімі бар бұрынғы дүкен ғимараты сатылымға қойылған. Саттық 5 миллион теңгеден басталды, нәтижесінде 1987 жылы салынған ғимарат 34 миллионға сатылды.

- Егер сіздің спортыңыз жер сатып алуға және спортзал салуға жеткілікті табыс әкелмесе, онда алкомаркет, мейрамхана және табыс табуға қабілетті басқа да кәсіптер жеңіске жетеді. Бірақ неге біз - спорт федерациялары - кәсіпкерлер қатарына қосылдық? Біздің каратэ федерациясы - әлеуметтік бағдарланған ұйым, шәкірттеріміздің шамамен 40% -ы тегін жаттығады. Біз жаттығу залдарын ұстаймыз, жабдықтар сатып аламыз, коммуналдық қызметтерге ақы төлейміз - мұның бәріне көп шығын кетеді, бізді бизнесмендер деп атаған дұрыс емес. Сенімгерлікке алынған спорт нысанының қай қайсысы да, мысалы, ДСК, бассейн, мұз айдыны - бюджеттен үлкен дотация болмаса, өмір сүре алмайды, - дейді Т.Нұрымов.

Ол Атырау облысының спортқа бөлген бюджеті өте аз деп мәлімдейді.

- Оңтүстік өңірлер спорттық федерациялар қатысатын жергілікті әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу арқылы осындай жағдайды шешіп отыр. Осы бағдарламалар аясында әлеуметтік бағдарланған бизнес үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәслихат шешімі шығады, осылайша спортқа қолдау керсетеді, - дейді Т.Нұрымов. Мүмкін Атырау билігіне де осы тәжірибені қолдану керек шығар?

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 қараша 2020, 01:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.