Құрманғазы ауданы Азғыр өңіріндегі Үштаған елді мекені құм басып қалуы мүмкін, деп жергілікті тұрғындар дабыл қағуда.
Облыс орталығынан 600 шақырым қашықта жатқан Үштағанда 145 үйде 712 адам тұрады. Бұл жерде топырақ үнемі борап тұрады.
- Бізде ауа райы құбылмалы, көбінесе жиі жел тұрады. Соңғы екі жылда жауын-шашын өте аз түсті. Есесіне, құм көз аштырмастай болып борап тұрады. Табиғаттың бұл құбылысына қарсы тұрар дәрмен жоқ, шеткі үйлерді топырақ басып жатыр. Егер жедел шара алынбаса, ауыл бара-бара құмға жұтылып кетуі мүмкін, - дейді үштағандықтар.
Қазір 9 үй мен обаға қарсы күрес мекемесі ғимаратының дәл іргесінде топырақ тау-тау болып үйіліп, терезеге дейін жеткен. Аула, қоралар да құм астында қалған.
Бұл мәселені ауыл тұрғындары жуырда ӨКҚ-дегі облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВПЕН болған тікелей эфирде көтерді. Әкім өңірді аралағанын, бұл жағдаймен таныстығын, ауылды аман қалудың бірден-бір жолы сексеуілді көптеп егу керектігін айтқан болатын.
Асан ауылдық округінің әкімі Гүлім ҚАБДЫРАЖИТОВАНЫҢ айтуынша, жұмыстар 3 кезеңмен жүргізіледі, бірінші кезең ең қауіпті бола бастаған 10 гектарды қамтиды. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор